«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРІ – ТӨБЕЛЕС ШЫҒАРСА, бірі – прокурордың қолын өзі қойғанға ұқсайды…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда заңға қайшы әрекетке барды деп кінә тағылған сегіз мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік істер қарастырылды.  

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аққайың аудандық білім бөлімінің қызметіне тексеріс жүргізу барысында Добровольское және Степное негізгі мектептерінің директорлары Серік Тоғыбаев пен Аслан Тілеубергеновтің табыс және мүлік туралы декларацияны салық органдарына уақтылы тапсырмағандығы белгілі болған. Екеуі де өз кінәларын мойындап, аталмыш декларацияны тапсыруымыз керектігін білмедік деген жауап қатты. Оларға мұны аудандық білім бөлімінің кадр бойынша қызметкерлері мен заңгері де айтпаған. Мектеп директорлары өз қызметтеріне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту алатын болды.  

Тәртіптік жауапқа тартылғандардың қатарына бір-біріне жұдырық ала жүгірген мемлекеттік қызметшілер де еніп отыр. Тайынша ауданындағы Драгомировка ауылдық округінің әкімі Әділбек Өтеубаев пен Келлеровка ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дмитрий Зайнуллиннің арасында жолдың қардан тазаланбауы себебінен жан-жал туып, екеуі шекісіп қалған. Олар кейін сот арқылы бірін-бірі кешіріп, татуласқанымен, Арнамыс кодексі бойынша саяси қызметші Әділбек Өтеубаевқа – қатаң сөгіс, ал әкімшілік қызметші Дмитрий Зайнуллинге сөгіс жариялау ұйғарылды.

Петропавл қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Айсұлу Әубәкірова жеке кәсіпкердің өтінішін қарастыру мерзімін созып жібергені (5 күнге кешіктірген) үшін жауапқа тартылды. Мемлекеттік қызметші бөлімде жалғыз екенін, бірнеше маманның қызметін атқару салдарынан жұмыс көлемінің ауырлығын айтып, ақталмақ болды. Осының салдарынан өтінішті қарастыру мерзімін ұзартып алдым, деді ол. Тәртіптік кеңес мүшелері Айсұлу Әубәкіроваға ескерту жариялауды жөн деп шешті.

Ал СҚО бойынша Тексеру комиссиясының бас маман-іс жүргізушісі Амантай Арықбаев салық органдарына декларация тапсыру кезінде өз атына ертеде тіркелген саяжайлық жер телімі бар екендігін білмей, оны көрсетпеген. Ол 1999 жылы жазбаша өтініш беру негізінде бақшашылыққа арналған жер телімінен бас тартып, содан бері 15 жыл бойы бұл жерге аяқ баспағандығын айтып, кінәсін мойындаған жоқ. Дей тұрғанмен, бұл факті бойынша СҚО Салық департаментінің қызметкерлері Амантай Арықбаевқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама толтырған. Соттың шешімімен ол әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 161 800 теңге көлемінде айыппұл төлеуге тартылған. Заңның аты заң, соған орай Тәртіптік кеңес Амантай Арықбаевқа өз қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту беруді ұсынды.

Петропавл қаласы әкімдігі аппараты заң бөлімінің бас маманы Жанат Рахметов Арнамыс кодексі бойынша жаза арқалайтын болды. Оған қаржы полициясы Петропавл қалалық прокуратурасының атынан жалған ұйғарым дайындап, тиісті бланкке қала прокурорының қолын өзі көшіріп қойған деген кінә таққан. Тәртіптік кеңес мүшелері алдында Жанат Рахметов өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартып, өзін сот арқылы ақтап алу үшін материал жинап жатқанын мәлімдеді. Алайда, оның сот-медицина сараптамасының қорытындысын сот арқылы бекерге шығарылмағанын ескере келе, Тәртіптік кеңес мүшелері Жанат Рахметовке қатаң сөгіс беруді жөн деп санады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp