«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ – АСТАНАДА, ФИНАЛ – ЮРМАЛАДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында “Аялаған Астана” республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті. Онда өңіріміздің 8-14 жас аралығындағы әнші балалары өзара бақ сынасты.  

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Астана қаласының әкімдігі мен ресейлік әнші әрі сазгер Игорь Крутойдың “АРС” продюсерлік орталығы ұйымдастырып отырған сайыстың негізгі мақсаты ел ішінен өнерлі жас таланттарды іріктеп, оларды үлкен сахнаға даярлау болып табылады. Өңірімізден бұл сайысқа 40-тан аса жеткіншек қатысты. Байқау 3 кезеңнен тұрады. Алдымен – облыстық кезең. Бұл кезеңнен сүрінбей өткен үміткерлер жартылай финалға өтеді. Онда олар телевизиялық шоуға қатысып, 3 шілдеде елорданың туған күніне арналған “Қазақ елі” алаңында өтетін салтанатты шарада өнер көрсететін болады.  

 

Ұйымдастырушылар облыс орталығына келмес бұрын еліміздің 5 қаласын аралап, 200-дей үміткердің өнерін тамашалап, таспаға түсіріп үлгерген екен. Республикамыздың барлық облыстары мен ірі қалаларының өнерпаздары қатысатын байқаудың жартылай финалына небәрі 12 үміткер іріктеліп алынады. Оларды таспаға түсірілген бейнебаян арқылы тікелей Игорь Крутойдың өзі анықтайды. Десе де, аймақтық кезеңдерде өнер көрсеткен жас әншілердің ән айту мәнеріне алғашқы бағасын еліміздің әншілері беріп, ерекшеліктерін қағаз бетіне түсіретін көрінеді.

Солтүстікқазақстандық әнші балапандардың өнерін бағалауға әншілер Айқын Төлепберген мен Мөлдір Әуелбекова келді. Олар қызылжарлық жас өнерпаздардың аяқ алысы жаман емес деген пікірге тоқталды. Десе де, облысымыздан додада бақ сынайтын үміткердің есімі жаз мезгілінің алғашқы күндерінде ғана белгілі болады. Жартылай финалда және ақтық кезеңде бағы жанып, суырылып шыққан жеңімпаз Юрмала қаласында өтетін “Новая волна” Халықаралық ән байқауына жолдаманы ұтып алады.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp