Күнде кешкісін біздің аулада немересін жетектеп жүрген әжейді үйдің терезесінен жиі көретінмін. Егде жасқа келіп қалса да, немересін арқасына мінгізіп, аулада әрі-бері жүруші еді. Келіні болса ол кезде иісі мұрынды жаратын тағамдардың түр-түрін пісіріп жататын. Әжесі жасының келгеніне қарамастан, немересін баладай ойнататыны мені іштей қуантатын. Оларға қарап шынайы отбасылық бақытты көргендей болатынмын.
Күндердің бір күнінде байқасам: әже ауладағы орындықта жалғыз отыр. Жүзінде әлденеге деген реніш байқалады. Немересін бала-бақшадан күтіп отырған шығар деп оған: “Немереңіз балабақшаға кетті ме?” – деп сұрақ қойдым. Анықтап жауап бермеген қария үнсіз аяңдап үйіне кіріп кетті.
Күндер өтті. Бірақ әжей күнде кешкісін ауладағы орындықта жалғыз отыратын болды. Көзін мұң басқандай. Баяғыдай көршілермен әңгімелесе де қоймайды. Терезедегі үйреншікті көріністің күздей меңіреу мұңға айналғаны мені қапаландырмай қоймады. Немересі жанынан табылмаған әжейдің басқан ізі де күннен-күнге ауырлай берді. Таң атысымен немересімен асыр салып ойнаған алаңды бір айналып шығатын қарт ана күн ұясына батқан уақытта ғана үйіне кіретін болды. Үйінің жарығы да әдеттегідей жарқырап жанбайды. Күн көзіндей күлімдеп жүрген келіні де көрінбей кетті. Сондай күндердің бірінде әжейдің жанына жақындап, хал-жағдайын сұрадым. Ол ішкі мұңын бөліскісі келді ме, әңгімесін бастап кетті:
– Жалғыздық бір Аллаға тән. Осындай жасқа келіп, жападан- жалғыз қаламын деп ойламаппын. Немерем мен келінім үйден кетіп қалды. Ұлым болса өз бетімен жүр. Арадағы ұрыс-керіс осыған жеткізді, – деп қысқа қайырды.
Келін мен ене егесі – мәңгілік тақырып. Келін мен ененің арасындағы кикілжіңнің соңы жақсылықпен бітпейтіні де белгілі. Отбасы шаңырағы шайқалып, ақырында бала жетім қалады. Келіндеріне күн көрсетпейтін енелер бар болса, енесін екі бүктеп бір шайнайтын келіндер де жетерлік. Бұл – ақиқат. Десе де, айрандай ұйып отырған бір отбасының тарыдай бытырап кетуіне не себеп болды? Отбасын аман сақтауға мүмкіндік беретін ойларыңызды ортаға салсаңыздар?
Қаламқас, 45 жаста:
– “Қыз бала – жат жұрттық” деп атам қазақ бекерге айтпаған. Жас қыз ертең-ақ бойжетіп, балиғатқа толып, бір үйдің табалдырығын келін болып аттары сөзсіз. “Келіннің аяғынан” деп, барған жері жас келінге сын көзбен қарайды. Отбасындағы әже, аналарынан тәлімді тәрбие алған қыз барған жеріне “тастай батып, судай сіңіп”, ауыл-аймаққа қадірлі болып кетеді.
Жас келіннің көтерер жүгі де ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі, қайын інілермен тіл табыса білу де үлкен сын. Оның барған жерінде жақсы болмағы енеге де байланысты. “Келін қайын ененің топырағынан” деген сөз жайдан-жай айтылмаған. Себебі, өзінің өмірлік тәжірибесін ақылды ене келінге үйретуі шарт. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан өмір заңдылығы. Бүгін ата-аналар тәрбие мәселесіне келгенде таңертеңнен кешке дейін жұмыстамыз, қолымыз тимейді, деген уәж айтады. Тәрбие дегеніміз – сағатпен өлшенбейтін атаның аялы алақаны, ананың мейірімі арқылы жүрекке құйылатын нұр. Сондықтан мұндайда бойжетіп келе жатқан қыз балаға дұрыс тәрбие беру керек деп ойлаймын. Себебі, әрқашан да әйел отбасының ұйытқысы болып қала бермек.
Алтынай, 33 жаста:
– Қазіргі таңда сан түрлі енелер бар. Біреуі жақсы болса, екіншісі – жаман. Қателік ешқашан бір жақтан болмайды. Оған қоса ұлын қызғанатын енелер бар. Балаларының жақсы отбасы болып кетуінің орнына үй ішіндегі ұрысты одан сайын тұтататын. Осындайда өздерінің жас келін болып түскен уақыттарын есіне неге түсірмейді екен деп ішіңнен қынжыласың.
Бақыт, 25 жаста:
– Мен өз басымнан кешіп жатқан жағдайды айтайын. Күйеуге шыққаныма екі жарым жылдай болып қалды. Жұбайым үйінде ер баладан жалғыз. Тек қайын сіңлім бар. Сол себепті ата-енеммен бірге бір үйде тұрамыз. Шаңырақ көтергеніміздегі алғашқы айларды өмірімнің ең бақытты шағы деп ойлаймын. Ата-енемнің көңілінен шығу үшін бар білгенімді жасап, білмейтінімді үйренуге тырысатынмын. Олар да маған бастапқыда құдаларынан ұят болмасын деп өте жақсы қарайтын. Анамның үйреткен тәрбиесімен үй ішіндегі мәселелерге араласпай, өз жұмысымды тыныш қана орындап жүретінмін. Бірақ бір күні енемнің: “Үндемей-ақ ішіңнен тынып, барлығын бүлдіріп жүресің”, – деген сөзі қатты тиді. Енемнің алдында не үшін кінәлі болғанымды түсінбедім. Күннен-күнге маған деген өкпесі күшейіп, не істесем де жақтырмады. Осындайда ажырасып кетсем бе екен деген ой жиі мазалайтын болды. Барлығын да түсінемін. Әйел адам болған соң отбасын сақтау үшін шыдамды, төзімді болу керек. Бірақ мен де адаммын ғой. Қас-қабақтарына қараймын деп жалығып кеттім. Бір айтарым: мұндайда жастар отбасын құрған соң бөлек тұрғаны жақсы. Әйтпесе, жаңа түскен келінге қиын.
Марат, 30 жаста:
– Менің жағдайым осы оқиға секілді. Үйленгеніме 3 жыл болды. Кішкентай сәбиіміз бар. Келіншегімді анам мен әкем басынан жақтырмады. Оны өзім іс-әрекеттерінен байқадым. Келіндері дүниеге қыз әкелген соң жағдай күрт қиындады. Олар ұл күткен еді. Келіншегім жуас. Олардың көңілін табамын деп айтқандарын орындап, күнде көңілсіз жүретін. Маған сыр білдірмесе де, оны жүріс-тұрысынан байқамасқа болмады. Ата-анамның пікірі бойынша келіндері ХVІІІ ғасырдың келіндеріне сәйкес болу керек.
Анам келінін ұнатпағанмен, үндемей жүрген. Әкем болса ішімдікке құмар адам. Күннің бір күнінде келіндерін үйден қуып, ұлымыз басқа әйел алады деген. Сөздің қысқасы, мен әйелім мен қызымды алып бөлек шықтым. Қиын. Бірақ құлағым тыныш. Дұрыс әлде бұрыс жасағанымды білмеймін. Ата-анамның үйінен қатты ренжіп кеттім. Бір түсінбеушіліктің болғанын білемін. Олар да ренжіді.
Әйелім олармен тіптен арақатынасты суытып алмас үшін хабарласып тұрады. Бірақ мен оларға не айтарымды білмеймін. Мұндайда, менің ойымша екі жақ та бірін-бірі сыйлап үйренуі тиіс. Екі жасар қызым өсіп келеді. Ол да ертең бір үйдің босағасын аттап, келін болады. Осындай қиындықтарды ол да басынан өткеруі мүмкін дегенді ойласам, жүрегім ауырады. Сондықтан құдаларды таңдауда ата-бабаларымыздың тәсілін қайта жаңғыртуымыз керек деп санаймын. Күйеу таңдауда қызыма кеңесші болғым келеді.
Күлбаршын, 60 жаста:
– Өзім келін атанғаныма, міне, 36 жыл болып қалды. Осы күнде енем мен атам болмаса да, олардың маған деген көзқарасы, ыстық ықыласы әлі күнге дейін есімде. Алғашында жас қыз болып, өмірі танымаған, араласып-құраласпаған отбасыға сіңісіп кету – қай адамға болсын оңай емес. Сосын кеше ғана жанынан шықпай, ақыл-кеңесіне құлақ түрген ұлының өзінен басқа кеңесшісі барын көру ана бойында қызғаныш сезімін тудырмай қоймайды. Ене болса, ол да адам. Осындайда келін де, ене де барынша шыдамды, бір-біріне түсінушілікпен қарауы тиіс. Енем марқұм мені өзінің баласындай көріп, еркелеткен кездері болды. Бірақ ұрысқан кездері болмады емес, ара-тұра болып тұрды. Ол кісі ұрысқанда: “Ұрысып жатқан өз анам деп” іштей солай ойлап, ауыр болса да, іштегі ренішті жеңуге тырысатынмын. Бірақ қай жағдай болсын үйдегі ер адамдарға ене мен келін арасындағы кикілжіңді көрсетпейтін енем. Олардың алдында мені көтермелеп, үйге қонақ не көрші келсе, жақсылығымды асырып, жамандығымды жасыратын. Балаларыма өте мейірімді еді. Оларды өсіріп, бақты. Қызығын көрсем деп өтті.
Қазір өзім екі келін тәрбиелеп отырмын. Үлкен ұлымның әйелі менімен бірге тұрса, кішісі, керісінше, отау тігіп, бөлек кетті. Келініме енемнен көрген тәрбиені беруге тырысып келемін. Қазіргі жастардың тәрбиесі өзге. Оны мойындау керек. Себебі, заман өзге. Ата-аналары жұмысбасты. Балаға тәрбие берулеріне уақыт жоқ деп жатады. Қыз балалар тәрбиені көшеден үйренеді. Ұрпақ жалғастығы сондықтан да бұзылды ма деп ойлаймын. Баяғыдай салт-дәстүрді сақтау деген жоқ. Болашақ келіндер – ол Батыс мәдениетіне еліктеген жас қыздар. Сондықтан да қазіргі таңда көптеген отбасылар ажырасып, балалар тірі жетім атануда. Мұндай мәселелер болмас үшін баланы жастан тәрбиелеу керек екенін ұмытпауымыз керек.
Түйін. Байқасақ, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты әркім әрқалай түсінеді. Әркімнің пікірі әрқилы. Бірі “Келінді – бастан” деген нақылға сай оны қатал ұстау керек деп санаса, бірі екіжақты пікірді ұстанады. Бірақ сауалнамаға қатысқан қазіргі жастардың жартысынан көбі қойылған сұраққа: “Күйеуіміздің үйіне келін болып түскенде үй жұмысына тыңғылықты араласуды білгенімізбен, көбінесе ене мен қайын атаның көңілінен шығу үшін өзімізді қалай ұстайтынымызды білмейміз”, – деп жауап қатты. Мұндайда ене мен келін арасын ашып, қарым-қатынасты қалай түзеу қажет деген тақырыпқа толық жауап бере алатын оқу құралы болса жақсы болар еді деген ойға тоқталды олар. Ал Сіз қалай ойлайсыз?
Сауалнаманы жүргізген
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.