«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕР әрі ел сайлаған депутат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әйел – шаңырақтың ұйытқысы, азаматтың аяулы жары, ата-ананың ардақты келіні, ұрпақтың асыл анасы, сондай-ақ қоғамның ең белсенді мүшесі: басшы, депутат, кәсіпкер… Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген осындай жандардың бірі – Жамбыл аудандық мәслихаттың депутаты, Благовещенка ауылында тұратын жеке кәсіпкер Мария Қызылгөзова.

– Мария Оразбайқызы, естуімше, сайлаушыларыңыздың бастары ауырып, балтырлары сыздаса да, Сізге келетін көрінеді. Бұл елдің сенімінің белгісі емес пе?!

 

– Мен жеке кәсіпкер ретінде де ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып жүрдім. Ауылдық округ әкімінің өтініштерін жерге тастамай, қажет кезінде қаржылай қолдау көрсетіп отырдым. Содан да болар, сайлау болар кезде ауылдық әкімдік те, ауыл тұрғындары да: “Өзіңізді неге ұсынбайсыз?” деген ойларын айтты. Әсіресе, ауыл тұрғындарының аузынан осындай ұсынысты естігеннен кейін бағымды сынап көрейін деп ойладым. Сол кісілердің арқасында сайлауда қарсыластарымнан басым түстім. Ауыл тұрғындары өздері сенгендіктен де маған осындай мүмкіндік берді. Қазір мен олардың сол сенімін ақтауға тырысып жүрмін. Әрі ауыл тұрғындары өз орталарынан шыққандықтан, мені жақын тартады. Оның бір мысалы ретінде мына оқиғаны айтып берейін. Мен күнде кешке ауылдағы дүкенге барып, қажетті қағаздарды жазамын. Бір күні кетіп бара жатсам, жолда бір қария тоқтатып: “Мәруаш, осы ауылдың барлық дүкендерін аралап, нан таба алмай келемін. Депутатсың ғой, маған нан тауып бер”, – деді. “Үйіңізге бара беріңіз. Қазір тауып берейін”, – деп қарияны үйіне жіберіп, дүкеніме келсем, әйтеуір, бір бөлке нан қалыпты. Соны апарып бердім. Кейде ауыл тұрғындары өздерінің арасынан шыққандықтан, жете танығандықтан, маған осындай мәселелерін де айтып келеді. Үйге, дүкенге хабарласып жатады. Қолдан келгенше көмектесудемін.

– Ал жеке кәсіпкер ретінде өз кәсібіңізді қашан бастап едіңіз?

– 1995 жылы Қытайдың ала сөмкесін қолтыққа қысып алып, 50 мың теңге ақшамен Алматыдан тауар әкелуге барған едім. Ол жақтан қажетті тауарларды алып, осында әкеліп, даладағы ашық базарда саттым. Осылай жылдар өте ақырын-ақырын көтеріліп, алғашқы азық-түлік дүкенімді Благовещенка ауылында аштым. Одан кейін Қайранкөл ауылында екі азық-түлік дүкені ашылды. Бес кісіні жұмыспен қамтып отырмын. Олардың еңбекақылары 30 мың теңгеден басталады.

– Сауда-саттықпен емін-еркін айналысуыңызға қарағанда, бұл сала Сізге таңсық болмағаны ғой?

– Иә, 1995 жылға дейін түрлі дүкенде сатушы болып жұмыс істедім. Қазір соған таңғаламын.

– Неге?

– Оқушы кезімізде тәтті алуға дүкенге барғанда сатушының шотты тарс-тұрс еткізіп, ақша есептегеніне қатты қызығатынмын. Қасымдағы құрбыларыма: “Өскенде мен де сатушы боламын”, – деп айтады екенмін. Кейіннен дүкендерде сатушы болып, одан кейін базарға шығып, өз тауарымды сатып тұрғанымда құрбыларым: “Мәруаш, ақыры арманыңа жеттің”, – деп әзілдеуші еді. Мені ел-жұрт Мәруаш деп атайды.

– Ал қазір қандай арманыңыз бар?

– Арман таусылған ба? Бірі – орындалса, екіншісі көкейде тұрады. Құдайға шүкір, осы күнге дейін алдыма қойған мақсаттарыма жетіп келемін. Адам баласының қолынан бәрі келеді. Тек талпыныс пен қажырлы еңбек қажет. Кейде көпшілік көшеде кездесіп қалғанда мал-жанның амандығын сұрап жатып: “Дүкендеріңнің жұмыстарымен жүгіріп жүресің әрі депутатсың. Шаршап жүрген жоқсың ба?”, – дейді. Жоқ, қайта осылай еңбектеніп жүргенімнен рухани ләззат аламын. Өз ісімді де дөңгелетіп, тұрғындармен тікелей жұмыс істеуге уақыт табамын. Бір айтарым, елмен араласқан сайын рухани тұрғыдан байиды екенсің. Соны сездім.

– Түзде екі жұмыстың басын қайырып жүрген Мария үйде қандай әйел?

– Мен үнемі жолда жүремін. Үйге тек келіп-кетемін десем де болады. Әрине, үйге келгенде шаруа істеп, тікелей міндетіммен айналысамын. Жалпы бұл үйге ұлым Сапар ие болып отыр.

– Бұл сөзіңізге қарап, түздің адамы екеніңізді аңғардық.

– Иә, үйде отыра алмаймын. Ішім пысады. Әрі жүрмесең, жүгірмесең, жұмыс та өнбейді ғой. Ашқан кәсібіңді жетілдіріп, дамыту үшін күні-түні жұмыс істеуге үйрену қажет. “Құдай қашан береді?”, деп тосып отыратын заман емес.

– Табиғатыңыз сондай болып тұр ғой, тегі?

– Иә, сыныптастарым көргенде: “Сен мектепте оқып жүргенде жұлынып тұратын өжет қыз едің. Әлі де сол қалпыңнан таймапсың”, – деп жатады.

– Жұмыс істеу жайлы сөз қозғаған соң, мына бір сұрақты қойғым келіп отыр. Жуырда “Зейнетақымен қамсыздандыру туралы” заң жобасы әзірленіп, онда әйелдердің зейнет жасын біртіндеп 63 жасқа дейін көтеру қарастырылып отыр. Бұған қалай қарайсыз?

– Бұл заң жобасын әркім түрліше қабылдайды. Ал мен ертең зейнет жасына шыққанда, үйде қалай отырамын деп ойлаймын. Маған мұндай ой ешкімге тәуелді емес, жеке кәсіпкер болғандықтан да келетін шығар…

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp