«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕМІСТЕРГЕ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРҒАН ҚАЗАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қайнаған соғыстың қақ ортасы болып, соңына суын сүйреткен сәуір сай-саланы гүрілдете бастаған кезде ол шыр етіп дүниеге келіп жатқанда әкесі Евней аш қас-қырлардай анталаған нөпір фашистермен тіресіп тұрған. Әкесі ә дегенде сол майданнан аман қалған еді: 1941 жылы күзде оқ зулаған, от шулаған қанды қырғынға арпалысқан арыстандай айбарлана кірген күннен бастап бір жыл бойы өліспей, беріспей бағып, бірақ қатты жараланып, елге оралды. Әттең, екінші жолы фашистер түбіне жетті: бір қаскүнемнің көрсетуімен қайтадан майданға аттанған одан 1943 жылдың тамызына дейін келіп тұрған хаттар сап тыйылып, иесінің мерт болғанына иландыра алмаса да, сездіртті… Әйтеуір, абырой болғанда, елде – Өрнек ауылында – іште қалған ұлының есімін өзі қойып кетті: “Тар жерде жүрсің ғой. Ұлыңның атын өзің қой”, – деген әкесі Ғаббастың хатына: “Қайрат деп қойыңдар”, – деп жауап жазып жіберген еді.

Қайрат алысып-жұлысып ойнаудан басқаны білмейтін біз сияқты бір үйдің жалғыздарынан бөлекшелеу болды: аққұба өңіне сәйкес киіміне де кіршік түсірмейтін. Ол өзгешелеу екенін мектеп бітіріп, әскерге барып келгеннен кейін де көрсетті: басқалар сияқты Ильинка ауылындағы тракторшылар даярлайтын курсқа емес, Боголюбоводағы кәсіптік-техникалық училищеге түсті.

 

Біздің ауылда бірінші болып “К-700” тракторын тізгіндеген Қайраттың “Кировеціне” бәріміздің сүйсіне қарағанымыз әлі есімде. Алып тракторды үш жыл андыздатқан Қайрат жазда да, қыста да тыным-толассыз еңбек етті. Ол тракторшыдан гөрі ұшқышқа көбірек ұқсайтын: үстіндегі комбинезонына май тигізбек түгіл, шаң түсірмейтін.

Қылдан таймайтын тәртіптілік пен қылау түспейтін тазалық етене-тән Қайратқа тракторшылық аса қол емес еді: оның Қызылжардан бірақ шыққаны да содан. Киров атындағы зауытқа қабылданған ол ондағы жүздеген емес, мыңдаған токарьлардың бірі емес, бірегейі болды. Екі-үш жылдан кейін оның фотосуреті зауыттың алдындағы, көше бойындағы Құрмет тақтасында жарқырап тұрды. Өзі болса “Жеке қолтаңба” деген белгісімен тер төгумен болды. Бұл – оның шығарған өнімдерін ешқандай ОТК бақыламайды деген сөз. 1976 жылы “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды.

Оның тиянақтылығына және темірден түйін түйген ісмерлігіне тәнті болған кейбір әріптестері: “Сен өзі неміс емессің бе?” – деп әзілдеуші еді. Мұның бәрі оның болмысына біткен қасиет екендігін айтар еді, бірақ иландыра алмайтынын біледі…

Қырық құбылған өмір-ай! Оны алда қалың немістердің қотанына көшу күтіп тұрғанын Қайрат, әрине, білген жоқ. ХХV партсъезд атындағы кеңшардың директоры Сайлау Өтеев әкесінің інісі ғана емес, төрт жас қана үлкен болғанына қарамастан, әкесінің орнындағы тұлға ретінде де абзал азамат қой. 1979 жылы зайыбы Әмина о дүниелік болған соң Сәкең қаладағы Қайраттың отбасын Новоузенкаға көшіріп алды.

Ол директор ағасына: “Мені бас мамандардың бірі қылып қой”, – деудің орнына өзін судағы балықтай сезінетін токарьлық жұмысқа сұранды. Новоузенканың бір көлдің құстарындай жыртылып айырылатын жыпырлаған немістері бұған таңданған жоқ, таңданатындарын білген де жоқ. Қайрат болса сиқыршы сияқты екен: он саусағы керемет дәлдіктен жаңылған емес, қиялынан туған жаңа бөлшектер қаншама?! Кейбіреулер оның ісмерлігінің сырын ұққысы келіп еді, Қайрат: “Темірді тану керек, сезіну керек және түсіну керек”, – деді. Ал түсініп көріңіз?! Жердің үсті түгіл, астындағыны білетін немістер Қайратқа таңдайларын қаға бастады.

Өмірдің бір қызығын темірден тапқандай болған Қайрат қыс бойы сүйікті ісінен рахат тапты: күнұзақ шеберханадан шыққан жоқ. Ал ерте көктемнен қара күзге дейін “Кировецін” көсілтті. Көктемге егіс, пішен дайындау, күзгі орақ – бәріне де қатысты. Ол әуелі жергілікті немістерді тиянақтылығымен таңғалдырды: істеген істерінен мін таба алмайсыз! Жобалау институтында жұмыс істейтін сызбашы сияқты комбинезонын кие қоятын қазақты бірінші рет көрген оларды Қайрат тазалығымен де тәнті қылды: үсті-басында кіршік жоқ, тракторы да жалт-жұлт етеді.

Шіркін, сол жылдары Новоузенка ауылы анау-мынау қалаға бергісіз еді: шамдары самаладай жайнап тұратын, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған үйлер ұядай жып-жылы болатын. Көршілес ауылдардың тұрғындары Новоузенкаға көру үшін ғана келетін. Техниканың тілін білетін, тағандылығымен әрі еңбек-қорлығымен ерекшеленген Қайрат, міне, осындай озық ауылға әбден лайық тұрғын еді.

Ол әбден лайықты тұрғын екендігін еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де аянбай дәлелдеп бақты. Көп немістер қайтқан құстардай дүрілдеп көшіп кеткенде, қара шаңырақта қалған кенже ұлдай болған Қайрат Новоузенканың шаңырағын шайқалтпады: ол әжесінің есімімен аталатын шаруа қожалығын құрды. 15 мың гектар жері бар қожалықта 100 адам маңдайдан тер тамшылатты. Нәтижесінде мектеп қана емес, Мәдениет үйі де, фельдшерлік-акушерлік қосын да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жоқ. Неміс халқының ұқыптылығы аздап болса да жұққан жергілікті тұрғындардың күш-жігер жұмсауымен егіншілік қана емес, мал шаруашылығы да қолға алынды. Олар “Немістерден өзгелер еріншек” деген дақпыртты теріске шығаруға тырысты: ат төбеліндей тұрғындар қырда да, қырманда да еңсере еңбек етті. “Насихат” шаруа қожалығына жетекшілік жасаған Қайрат болса өзіне де, астындағы автокөлікке де тыным бермеді. Сөйткен “Насихат” дүниені дағдарыс қысқан ХХ ғасырдың аяқталым тұсынан аман өтіп, жаңа ғасырдың жарық Күнін де көрді. Әттең, амал қанша, 2004 жылы “Насихатты” доғаруға тура келді: Қайраттың жүрегі сыр берді…

Сол жылы Қызылжарға көшіп келген ол содан бері қалада тұрып жатыр. Техниканың тілін білетін Қайрат қазір компьютердің оқуын бітірген адам сияқты: теру де, мәтінді алу мен жіберу де – бәрі де қолынан келеді. Бұл қасиетін ағасының кітабын шығарарда анық аңғартты: Новоузенкадан Германияға көшіп кеткендердің Интернет арқылы жіберген мақалаларының мәтіндері мен олардың фотосуреттерін алғанда жаңылысқан жоқ. Кейбір мәтінді өзі қайтадан терді. Интернет арқылы Германиядағылармен хабарласуға да әбден үйреніп алды.

Сол әдетінен қазір де жаңылған жоқ: Германияға қоныс аударған байырғы ауылдастарымен хабарласып тұрады. Екінші қызы – Альмира Францияда оқып жүргенінде Интернетте отырушы еді, қазір де Франция жаққа үңіліп отырғаны: Насихат деген немересі Лионда оқып жатыр.

Жуырда үйінде болғанымызда компьютерден бас көтермейтін Қайратты үйреншікті орнынан таптым. Жетпіске келіп қалғанына қарамастан, уақыт үдесінен көріне білген Қайратым, жарайсың!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp