Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.
Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері облыс орталығының аудандарының бірінде рейдтік іс-шараларын өткізді. Бұл шараға барлық жеке құрам жұмылдырылып, бұрын сотталған, әкімшілік жауапқа тартылған азаматтармен кездесіп, олардың жай-күйімен танысып қайтты.
Ұсақ заң бұзушылықтың алдын алып, оларды болдырмау мақсатында ұйымдастырылған рейд барысында полиция қызметкерлері бұған дейін өткізілген рейдтік іс-шараларында анықталған отбасыларды тексеріп, бұл отбасылар түзелуге ниет білдіргендігін анық байқады. Тап-тұйнақтай жиналған үйден алкогольдік ішімдік таппаған тәртіп сақшылары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келесі отбасыға кіріп шықты. Алайда, бұл үйде полиция қызметкерлері қанша түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, ешқандай нәтиже болмаған.
Қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция қызметкерлері жыл басынан бері ұсақ заң бұзушылық жасаған 100 адамға хаттама толтырған. Қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген немесе рұқсат етілмеген орындарда алкоголь өнімдерін ішкен 1000-нан астам қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің “Тыныштықты бұзу”, 333-бабы бойынша 400-ден астам хаттама толтырылды.
– Ішкі істер басқармасының қызметкерлері күнделікті рейдтік іс-шараларын өткізіп отырады. Бүгінгі өтіп жатқан рейдтік шара барысында 21 заң бұзушылық анықталды. Қазір полицияның учаскелік инспекторларымен бірлесіп, ауданға қарайтын аумақта тұратын бұрын істі болған және әлеуметтік тұрмысы нашар отбасыларды тіркеудеміз, – деп хабарлады Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Сайран Сәркенов.