«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЦЕСНАБАНКПЕН” ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ ТҮСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сейсенбі күні облыс әкімі Самат Ескендіров “Цеснабанк” АҚ-ы басқарма төрағасы Дәурен Жақсыбековпен кездесті. Бұл кездесу барысында облыс әкімдігі мен қаржы институты арасында екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Цеснабанк” АҚ-ның өңірлік филиалы біздің облыста 2005 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Аталмыш банк 12 мың солтүстікқазақстандыққа қызмет көрсеткен. Оның бір жарым мыңы – шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысушылар. 2012 жылдың өзінде өңірлік филиал жеке тұлғаларға – 1 миллиард теңгенің, ал кәсіпкерлерге өз бизнес-жоспарларын жүзеге асыру үшін 1,5 млрд. теңгенің несиесін берген.  

 

– Дәурен Әділбекұлымен бұл біздің бірінші кездесуіміз емес. Бүгін тағы бір орынды кездесудің сәті түсті. Еліміздің, соның ішінде өңіріміздің экономикалық дамуы үшін бірлесе жұмыс істеуімізді жалғастыруымыз керек. Бұл банк өңірімізде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру жолында да үлкен еңбек сіңірді, – деген облыс әкімі Самат Ескендіров аталмыш қаржы институтының жұмысына жоғары баға берді.

Банк солтүстікқазақстандық өңірдің аграрлық саласында да, шағын және орта кәсіпкерлігін қолдау шараларында өзінің белсенділігін танытып келе жатқандығын тілге тиек еткен банктің басқарма төрағасы Дәурен Жақсыбеков қаржы институты бұл өңірдегі іскерлігін одан әрі абыройлы жалғастыруды мақсат ететіндігін жеткізді. Сондай-ақ ол сөзінде: “Біз еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың барлығына белсене атсалысуға тырысамыз. Банк Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті билігімен жақсы қарым-қатынас орнатты. Бүгінде оның Петропавл қаласында филиалы және Бескөл ауылында бөлімшесі бар. Алдағы мақсат – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылында бөлім ашу. Біз одан әрі дамуды көздейміз”, – деді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің СҚО филиалының директоры Жомарт Қажырақымов, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өңірлік филиалының директоры Ирина Суворова “Цеснабанк” АҚ-ның жұмыс барысы туралы өздерінің жылы пікірлерін жеткізді.

Кездесудің соңында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp