«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжарлық қыз-келіншектер – кітап кейіпкерлері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында “Краса и гордость Северного Казахстана” деген жаңа кітап оқырмандарға жол тартты. Мұнда Қызылжар өңірінің нәзік жандары жайында жазылған. Кітап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында айтқан: “Әйелдер – отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер” деген сөздерімен ашылған. Осы кітаптың бас редакторы әрі “Әйелдер лигасы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Воробьеваға жолығып, оған бірер сұрақ қойған едік.

– Көктемнің жаймашуақ күндерінде солтүстікқазақстандық әйелдерге сыйлық болған кітаптың шығу тарихы жайында оқырмандарымызға айтып өтсеңіз.

 

– Бұл кітапты шығару туралы ой осыдан бір жыл бұрын пайда болды. Өткен жылдың жаз айларында кітаптың кейіпкерлерін іріктеп, мәліметтер жинай бастадық. Кітапқа әр салада қызмет ететін әйелдер енгізілді. Олар: көпбалалы аналар, өз ісін дөңгелетіп отырған іскер әйелдер, дәрігерлер, білім саласында жемісті қызмет етіп келе жатқан әйелдер. Мәселен, көпбалалы ана Сәуле Омарованы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ол – жас болса да, 6 бірдей баланың анасы. 4-еуі өзінікі болса, егіз баланы асырап алып, өзінің отбасында күйеуі екеуі тәрбиелеп отыр. Өзі облыстың білім беру саласына үлкен еңбек сіңіріп үлгерген, білікті ұстаз. Ұлттық банк филиалының директоры Жомарт Қажырахымов өзінің анасы Роза Кәрімжанова жайында мақала жазып, кітапқа енгізді. Оның анасы соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіруге өз үлесін қосыпты. Қарап отырсақ, қазіргі белсенді, іскер әйелдеріміздің барлығы өз істерін өмірлерінің қиын кезеңдерінде ашқан екен. Айталық, кітапқа енген кәсіпкер Лейла Сайдашева өз ісін газ плитасында бәліш пісіруден бастаған екен. Ал қазір ол – “ViZaVi Company” ЖШС-нің жетекшісі. Қазіргі таңда тек қана өңірімізге ғана емес, сондай-ақ, елімізге белгілі іскер әйел 80-нен астам тәтті тоқаш пен түрлі тағамдарды шығаруда. Сол сияқты “Орбита-Телеком 7” компаниясының директоры Светлана Лобачтың да тағды ры қызықты. Ол 90-шы жылдары отбасымен тарихи Отанына көшіп барады. Онда діттеген мақсаттарына жете алмай, арқасүйер жұбайы дүниеден өтеді. Жалғыз қалып, қиындықты басынан өткерген Светлана туған еліне қайта көшіп келіп, жоқ жерден өз ісін ашады. Бүгінгі күні өзі сияқты бірнеше адамға жұмыс беруде. Бұл кітап желкілдеп келе жатқан бойжеткендердің өз елінің білікті азаматы болып қалыптасудағы жол сілтеуші темірқазығына айналады деп ойлаймын. Себебі, кітапта бүгінгі күні ойлаған арман-мақсаттарына жеткен әйелдердің өмір белестері, қиындықтарды қалай жеңгендері жайында жазылған. Кітапқа әр салада жемісті қызмет етіп келе жатқан санаулы ғана қыз-келіншектер енді. Аталмыш кітапты бір том қылып шығарғанымыз да сондықтын.

– Кітаптың таралымы қанша?

– Өңірімізде әйелдер жайында шығарылған санаулы кітаптардың бірі болғандықтан, оны оқырман қалай қабылдар деген ой болмады емес, болды. Сондықтан бастапқыда 300 данамен шығардық. Жексенбі күні өткен кітаптың салтанатты тұсаукесеріндегі оқырмандардың пікірінен кейін кітапты тағы бір мәрте басып шығару ойымызда бар.

– Кітаптың екінші томына қандай әйелдер енбек?

– Бірінші томында көбінесе облыс орталығында жемісті қызмет етіп келе жатқан нәзік жандар енген болатын. Тек арасында бескөлдік кәсіпкер Валентина Мыза, ақын Марал Оспанова бар. Ендігі томды өңіріміздің ауыл-аймақтарында қызмет етіп жүрген әйелдерге арнау ойымызда бар. Мәселен, өнер саласында қызмет етіп жүрген театрларымыздың әртістері, филармонияның әншілері жетерлік. Өз істерін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де бар. Соларды да кітапқа енгізсек деген ойымыз бар. Және облысымыз ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан, қайырымдылық саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан ақ жаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектерімізге бай.

– Өзіңіз жетекшілік ететін қоғамдық бірлестіктің алдағы уақыттағы жоспары қандай?

– Қоғамдық бірлестік осыдан 3 жыл бұрын ашылған болатын. Ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып үлгермесек те, алдағы уақытқа жоспарымыз көп. Бұл бірлестікті құрғандағы мақсатым әйелдерді іскерлікке, кәсіпкерлікке үйрету еді. Оларға семинар-тренингтер өткізу ойымызда болған еді. Бүгіндері солтүстікқазақстандық әйелдер жайлы кітап шығаруымыздың сыры да бірлестікті құрудағы мақсатпен байланысты болса керек. Бұл кітап өскелең ұрпақтың жетістікке жетудің бағдаршамы болады деген ойдамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp