«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫ КӨТЕРУГЕ АТТАНАТЫН жас мамандар қатарын көбейту міндеті тұр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда облыстағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы, жас буын арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жағдай және аулалық клубтардың қызметін дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Аян Тұрарбеков, аудандар әкімдерінің орынбасарлары, жастар ісі жөніндегі кеңестер төрағаларының орынбасарлары мен хатшылары қатысты.  

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бүгінгі күні елімізде Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған. Кеңесте баяндама жасаған Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастығы Виктор Молодовский аталмыш тұжырымдама негізінде өңірімізде нендей шаралар жүргізіліп отырғандығын тілге тиек етті. Қазір өңірде 58 жастар ұйымы жұмыс істеуде. Биыл жастар саясатын іске асыруға облыс бюджетінен 47 млн. теңге қаржы бөлінген. Жастар арасында 52 жоба табысты жүзеге асырылуда. Мәселен, басқарма бастығының айтуынша, “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы шеңберінде былтыр 1200-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Жыл сайын аталмыш бағдарлама бойынша еңбекке тартылғандар қатары толығып тұрады. Бұрыннан бар “Жасыл ел” де айтарлықтай нәтиже берген. Биыл жазда 323 жас қоршаған ортаны күл-қоқыстан тазартып, ормандарда еңбектенетін болады. Биыл “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы шеңберінде ауылға атбасын бұратын жастар саны 400-ге жуық. Осы орайда өңір басшысы аталмыш бағдарламаны іске асыру тек әлеуметтік саланың мамандарымен шектеліп қалмауы тиіс деген пікір білдірді. Айталық, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында несие алып, өз ісін ашқан жастар жоқ десе де болады. “Аудан әкімдерінің жастар мәселесімен айналысатын орынбасарлары жас мамандарды елді мекендерге жұмысқа тарту мәселесін қолға алуға тиіс. Бұл орайда кәсіпкерлермен, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату керек.

Аудандардағы жас мамандардың еңбекақысын жоғарылатып, осылай “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасын жандандыра түсуге болады”, – деді өңір басшысы.

СҚО ІІД-нің бастығы Мұрат Ұрұмханов жас буын арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жағдайымен таныстырды. Полицейлердің апта сайын жастар көп шоғырланған орындарға рейд жүргізуі бұрыннан бар, ал облыс бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу немесе тығырыққа тірелген жастардың мамандардан ақыл-кеңес алуы мақсатында сенім телефонының орнатылуы – жағымды жаңалық. 1 наурыздағы ақпаратқа сүйенсек, жастар тарапынан 6400-ге жуық құқық бұзушылық орын алған. Бұған кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көше кезуі, қоғамдық орындарда ішімдік ішу, бос уақыттың көп болуы себеп болып отырған көрінеді. Дегенмен де, өз замандастарына үлгі болып, құқық бұзушылықпен күресуде белсенділік танытып отырған жастар қатарының көбейе түсуі көңіл қуантады. Мұрат Ұрұмхановтың айтуынша, оқу орындарындағы кездесулер нәтижесінде полицейлердің ерікті көмекшісі болуға сұранатындардың көбі – жастар.

Кеңесте аулалық клубтардың жағдайы да қарастырылды. Жиынға қатысқандардың көбінің пікірінше, жастардың бос уақытын қызықты өткізу мәселесін қосымша спорт алаңдарын салумен шешуге болады. Бүгінде облыс орталығында 21 аулалық клуб жұмыс істейді. Бірақ бұл аз. Әсіресе, ауылдардағы жастардың кешкі уақытта мектептердің спорт залдарына барып, шынығуына мүмкіндік туғызу қажет. Самат Ескендіров әр қала мен ауданда жастармен кешенді жұмыс жүргізуге тапсырма берді. “Қажет болса, кеңестің келесі отырысын аудандардың бірінде өткізейік. Жастар арасына шығып, олардың мәселесімен жақын танысайық, пікірлерін тыңдап, нақты іске көшейік”, – деді облыс әкімі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp