«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАНАДАН ҮМІТ ТЕНІП ЖҮРГЕНДЕ бастарына пәле тілеп ала жаздады…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Тұрғын үй – көптеген қазақстандықтардың көкейкесті мәселесі. Пәтер жалдап, тапқан-таянғанын біреудің қалтасына салған адамның өзіне тұрғын үй сатып алу үшін қор жинап алуы да оңай емес. Ал мемлекет тарапынан берілетін үйлердің белгіленген санаты бар. Коммуналдық-жалгерлік тұрғын үйдің кезегінде тұрғандардың өзі қаншама?!

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 2011 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 147 мың қазақстандықтың 3 пайызы ғана баспаналы болуға қол жеткізген. Сондықтан өз күшімен тұрғын үй иеленуді көздегендердің әрекеттері құптарлық. Алайда, ондай мүмкіндіктердің шырмалған тұстары әлеуетін жақсартқысы келген тұрғындардың үмітін ортайтатындай. Соның бірі біздің облыс орталығында қолға алынып, аяқсыз қалған тұрғын үй құрылысы кооперативінің жайы болды. Оқиға былай өрбіген еді…

 

2010 жылы біздің облыс орталығында “Сапалы – Аманат” тұрғын үй құрылысы кооперативінің іргесі қаланып, оның құрылтайшылары жұртты қала сыртында салынатын тұрғын үйлерге үлескер болуға шақырған кезде, талай үйсіз жүрген жерлестеріміздің үміт оты жанғандай болды. Жарнама газетінде жарияланған осынау қолжетімді тұрғын үй құрылысы бір емес, бірнеше адамның, дәлірек айтсақ, 256 солтүстікқазақстандықтың тамырын дөп басыпты. Кооперативпен шарт жасасқан жұрттың сенімдері ұлғайып, олар жарналық төлемдерін еш күмәнсіз құрылысқа құя бастайды.

Алайда, пайшылардың жалындаған сенімінің сөнетін күні де алыс емес екен. Оған себеп: құрылысты жүргізу тапсырысын орындаушы петропавлдық “Вектор – Петрострой” ЖШС-і құрылыс басталған жылы-ақ ауа райының қолайсыздығын сылтау етіп, сол жылдың күзінде тапсырылуға тиісті үйлердің құрылысын аяқтамады. Осыдан бастап үлескерлердің көңілін кірбің шалды. Ал келесі жылы құрылыс мүлдем тоқтатылды. Өйткені, құрылыс жүргізіліп жатқан жер бұрынғы бау-бақша ретінде пайдаланылған аумақ болатынды. Құрылыстың қарқынды қолға алынғанынан құлағдар болған жер телімдерінің бұрынғы қожайындары бас көтеріп, сот арқылы дау шығара бастады. Ақыр соңында бір жылдың ішінде баспаналы боламын деген екі жүзден аса адамның үміті бірте-бірте үзіле берді. Ай сайын өздерінің жарналарын төлеп тұрған пайшылар екі оттың ортасында қалды. Олар тұрғын үйге қол жеткізу мәселесін былай қойып, құрылысқа төлеген жарналық қаржыны қалай қайтарып аламыз деп сергелдеңге түсті. Әділдік іздеп, шағым айтудың, біреуге барып көмек сұраудың жолы қиыспайтынын түсінген олар ең соңында “Вектор – Петрострой” ЖШС-нің директоры Сергей Царевқа үміт артты. Ол заңгерлерді қасына жинап, кооперативке жер сатқан екінші жақты сотқа беріп, былтыр ала жаздай сот үдерісін бақылаумен айналысты. Не керек, пайшылардың бағы ма, әлде әділдіктің арқасы ма, сот арызданушылардың шешімін оң бағалап, кооперативке жерді сатқан “БТА банк” АҚ-на қатысты үкім шығарды. Қараша айында аталмыш қаржы институты құрылысқа кеткен барлық қаражатты иелеріне қайтаруға тиіс деген сот шешімі шығарылды.

Пайшылар қолдарына өздерінің маңдай терімен табылған қаржыларының тигеніне разы. Дегенмен “Сапалы – Аманат” кооперативінің құрылтайшылары пайшыларға берген сөздерінде тұрмай, ақшаны құнсыздандырып қайтарғандығы назаландырады. Еліміздегі үлескерлердің жайы туралы талай оқиғаларды естіген адамдар кооперативке төлеген жарналары желге ұшып кете ме деген қорқыныштың жетегінде 10 ай бойы жүріп, биылғы жылдың ақпан айының соңында ғана ақшаларына қол жеткізді.

Бұл оқиғадан ұтылған кім? Әрине, бірінші кезекте, тұрғын үйге қол жеткіземіз деген үміттері жанбай жатып сөнген, шытырман оқиғаның соңына дейін шыдамдылық пен сабырлылық танытқан пайшылар демеске амал жоқ. Сондай-ақ, олар қаражаттары қолдарына тигенше ақшаның құнсыздануынан да ұтылды. Соңғы екі-үш жылда пәтерлердің қымбаттап кеткендігі де оларға оңай тимеді. Әрине, мемлекеттік кепілдігі жоқ ұйымға олардың қарсы айтар дауы да жоқ. Тек өз қаржыларына қайтадан қолдарын жеткізгенге разы.

Екінші ұтылған жақ – банк. Сот үкімінен кейін үш ай бұлтарып, қаржыны иелеріне қайтаруды созғылап жүрсе де, олар да бұл оқиғадан үлкен сабақ алған болар. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын бау-бақша шаруашылығы иелігіндегі жерді басқа біреудің еншісіне беріп жіберген атқарушы органдардың қызметкерлерін бүгінде майшаммен іздесеңіз де табуыңыз қиын…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp