«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БИЧІҢДІ” БЕРЕ ТҰРШЫ…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Жұртбайдың малынан жаны көп. Мал дегенде маңдайына біткені – жалғыз сиыр, екі қой, бір ешкі. Жалғыз сиырдың жарасы жеңіл. Көппен бірге табынға қосады. Ай аралатып, кейде жыл аралатып, бақташыны боздатып, жылатып жүріп, ақысын бір төлейді. Айына бір жарым мың теңгеден. Сынық мүйіз қара сиыр өңкиген дәу болғанымен, ешкінің сүтіндей ғана сүт береді. Ауылдағы бағамен бағамдасақ, мың теңгенің сүті. Ең қиыны – екі қой мен бір ешкі. Сол ауылдағы адамдар да қызық. Біреу алпыс қой ұстайды, енді біреу қырық қой. Кімде қанша қой бары есеп емес, кезек бәріне бірдей. Жұртбай екі қой мен бір ешкісі үшін кезегі келгенде жұрттың мыңғырған малын бағуы керек. Осы да әділеттілік пе?..  

Кейкейде қысылғанда жол тауып кететіні бар. Мұның да жолын тапты. Жаз бойғы жеті кезектің бесеуін Амандықтың “бичіне” бақ-қызды. Тамаша. Биыл ересен ыстық болды. Сол ыстықта аузы тобарсып қой баққан қайбір қызық дейсіз.

Жылдағы шабындыққа шөп шықпай қалды. Енді Қамысақты өзенін бойлап, құрақ шабу керек. Бытысып өскен, арасында өліқауы бар құрақ шаптыра ма? Сүт пісірім уақыт шалғы тартқан Жұртбайдың шалғыдан бұрын өзінің жігері майырылып қалды. Мұның да амалын тапты. Дірдектеп жүгіріп отырып, Амандық құрдасқа жалынды: осылай да осылай, бауырым, “Бичіңді” бере тұр.

 

Жалғыз сиыр, екі қой, бір ешкіге жетер-жетпес шөп жинағаннан кейін қылтиып, тағы бір проблеманың құлағы көрінді. Ол – отын жинау. Қазір ауылда да бұрынғыдай емес, қызылкөз орманшылар қамшыға сап та алдырмайды. Ептеп орман ішіндегі қурап қалған “сухостойдан” босатады. Бұрын шеттегі ақ балтыр қайыңды таңдап жығушы еді. Жапырағы ұшар басына шыққан, өзге жері бұтақтан ада қайың қандай тамаша?!. Бұтағын тазалап жатпайсың. Ал “сухостойың” ит тұмсығы өтпейтін қалың томардың тасасында, тіпті, аяқ алып жүретін жер жоқ. Екі ағашты жыққаннан кейін ентіккен Жұртбай мұның да амалын тапты. Көрген жерде бауыр бар дегендей, ентігіп Амандыққа келді: “Бичіңді” бере тұршы”.

Жаз бойы бірде құдалық, енді бірде туған күн, енді бірде көршінің қызына сырға салуы бар, ойын-тойдан көз ашпаған Жұртбай көктемде малын шығарғаннан кейін қораға да кірмепті. Қара күз түскеннен кейін есігін ашып қалса, Құдай басқа салмасын, аяқ басатын жер жоқ. Жарты күн өткен соң жарым есін әрең жинаған Жұрекең тағы да салып ұрып Амандыққа барды. Бұл жолы ол баяғыдай емес, “бичін” бермей қойды.

– Сен де қызық екенсің. Бұл қаңғыбасты мен бағамын, тамағын, арағын беремін. Содан соң сенің үйіңнің жұмысын істейді. Олай болмайды, шырағым!

Маңдайы тасқа тиген Жұртбай сол күні жарты ауылды адақтап шықты. Бір “бич” бос емес. Бектастікі де, Төрехандікі да жұмыс-басты болып жатыр. Содан тауы тасқа шағылып, қайтып келе жатқан. Құдық басында шаруадан қолы бос қазақтар әңгіме айтып тұр екен.

– Менің “бичім” осындағы “бичтердің” ең мықтысы, – деді фермер Жолдас, – Техниканы бес саусағындай біледі. Әлгі Қытайдан әкелген ергежей тракторым бар ғой, соны да жөндеп ала береді.

– Жоқ, Бектастікі жақсы. Өткенде үйіне еуроремонт жасап берді ғой.

– Ойбай-ау, әлгі Халықтың үйіндегі ескі күмістен сақина соғады,– дейді.

Ауылдастарының әңгімесін естіген Жұртбай да жолға жиналды. Қалай да аудан орталығында тұратын таныстарын аралап, жақсы бір “бич” іздемекші.

Ай бойы адақтап, таппай келді. Қабағынан қар жауып отырған. Жұбайы Мөлдір миығынан күліп сұрамасы бар ма:

– Шал-ау, жолың болды ма?

– Жоқ, – деді Жұртбай. – Таба алмадым. Таптырмайтын да шығар. Жұмыс істейтін адам “бич” бола ма?.. Енді Қызылжар жаққа барып қайтпасам.

– Барсаң бар. Тағы бір ай жүр. Байдан күдер үзсем, Халықтың “бичін” шақырармын…

Жұртбайда үн жоқ. Қызылжарға барар- бармасын білмей, әлі ойланып жүр…

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp