«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІМПАЗДАРДЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үлкен спорттың өз заңы, өзіндік соқпағы бар. Мәселен, гір спорты мен армрестлингтің бұрынғы Кеңес Одағы кезінде айы оңынан туғанымен, Олимпиада бағдарламасына енгізілмеді. Ал КСРО ыдырағаннан кейін гір спорты мен қол күресі тәуелсіздік алған елдерде назардан тыс қалды. Бүгінде Қазақстанда аталмыш спорт түрлері қайта жандана бастады. Осыған орай өңір жастарын гір спорты мен армрестлингке баулып жүрген “Қарасай” олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жоғары спорттық шеберлік мектебінің жаттықтырушысы Олег Чегодаевпен кездестік.

– Сізді облыс түгіл, барша Қазақстан армрестлингтің жарқын жұлдызы, сол қолмен қол күресуден әлемнің үздік спортшыларының бірі ретінде таниды. Өте күрделі спорт түрі саналатын гір спортына қалай келдіңіз?

 

– Мен 1976 жылы Ресейдің Иркутск облысында дүниеге келдім. Екі жасқа толғанымда отбасым Қазақстанға көшіп келіп, жастық шағым Жамбыл ауданының Пресновка ауылында өтті. Кейін Қызылжар ауданының Бескөл елді мекеніне қоныс аудардық. 1993 жылы Бескөл орта мектебін аяқтаған соң облыс орталығындағы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің дене шынықтыру факультетіне оқуға түстім. СҚМУ-да білім алып жүрген кезімде гір спортынан Қазақстанның жаттықтырушысы, ҚР спорт қайраткері, гір спорты бойынша облыстың аға жаттықтырушысы Николай Лаврентьевтің қарамағында гір спортымен жаттыға бастадым. Бір атап өтерлігі, Николай Федорович қырықтан астам жоғары санатты спортшыны тәрбиеледі. Облыстағы барлық мықты спортшылар сол кісінің қолынан шықты десек те болады. Бүгінгі күні зейнеткерлік демалысқа шыққан ол солтүстікқазақстандық гір спорты өз ісіне жауапты, дарынды тәрбиеленушілерінің қолында екендігін біледі.

Менің спортпен айналысып жүрген жылдар ішінде бағындырған белестерімді айтар болсам, 1995-1996 жылдары қол күресінен ҚР чемпионатында – І орын, 1999 жылы Мәскеуде өткен “Золотой медведь” турнирінің жеңімпазымын. 2003 жылы Ресейдің Суздаль қаласында өткен әлем чемпионатында, 2007 жылы Бішкекте өткен Азия біріншілігінде чемпион атандым. Бүгінгі таңда армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы, Ресейдің 2 мәрте чемпионы, әлем біріншіліктерінің 3 мәрте жеңімпазымын. Тек сайыстардың бірінде алған жарақатыма байланысты 2003 жылдан бастап сайыстарға қатысуды доғардым.

– Бапкерлік кәсіпте бірден бағыңыз жанды деп айта аласыз ба?

– “Бапкерлік қызметке кірісе салып, істі дөңгелетіп әкеттім” десем, өтірік айтқан болар едім. Дегенмен, осы күнге дейін бірнеше халықаралық дәрежедегі спорт шеберін даярладым.

– Жеңіс тұғырынан көрінген шәкірттеріңізді атап өтсеңіз?

– Қазақстан және халықаралық сайыстарда жеңімпаз атанып жүрген тәрбиеленушілеріме тоқталсам, Ефим Шариков – 4 мәрте, Дмитрий Киселев – 3 мәрте, Павел Луканин, Павел Новиков, Максим Федоренко мен Алексей Баталов Азия біріншілігінің жеңімпаздары. Былтырғы жылы шілде айында Алматы қаласында өткен Азия біріншілігіне қатысқан төрт тәрбиеленушім Алексей Баталов, Максим Федоренко және Ефим Шариков – І, ал Павел Новиков ІІ орынды жеңіп алды. Сондай-ақ аталмыш додада шәкірттерімнің бірі – Алексей Баталов гір көтеруден ҚР спорт шебері атанды.

Бұл біріншілік ересектер арасында өткенімен, оған 1995 жылы туған Виктория Фролова есімді шәкіртім де қатысты. Абсолюттік салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, екінші орынға тұрақтаған ол ҚР спорт шебері нормативін орындады. Сөйтіп, облысымыздағы нәзік жандар арасындағы армрестлинг бойынша спорт шебері нормативін орындаған алғашқы бойжеткен атанып отыр.

Шәкірттерім сенімді толығымен ақтады. Қазіргі таңда елімізде жасөспірімдер мен жастар арасында қандай ірі жарыстар бар, солардың барлығында үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Ересектер қатарына қосылғаннан кейін де қалың топтың арасында бірден шеберліктерімен дараланды.

– Бүгінде үйірмеңізде гір спортымен айналысушылар саны қанша?

– Гір спорты адам денсаулығы үшін өте пайдалы болғандықтан, жаттығам деушілер баршылық. Келушілердің басым бөлігі жай ғана ағзасын шыңдап, бұлшық еттерін дамыту үшін ғана келеді. Себебі, ұлы спортшы болу әркімнің маңдайына жазылмаған. Мәселен, адамның білегінің ширақтылығы болмаса, ол жаттығуды дұрыс істей алмайды. Яғни, сайыстарда нәтиже көрсетпейді.

– Гір спортына қай жастан бастап келген дұрыс?

– Негізінен, бұл спортқа балаларды 10-12 жастан бастап алуға болар еді, бірақ ол үшін тиісінше жағдай жасалуы керек. Мысалы, кішкентай қолға арналған гантельдер мен басқа да құрал-саймандар тапшы. Әрі оны сатып алуға қаражат қажет. Бапкерлікпен айналысу оңай емес. Қызығы мен шыжығы мол мамандық. 2001 жылдан бері түрлі жағдайды басымыздан өткердік. Сансыз оқу-жаттығу жиындары мен түрлі жарыстардан қол босай бермейді. Күнделікті кешкі сағат бестен тоғызға дейін, ал кейбірінде күндізгі сағат 10-нан бастап аптасына 6 рет жаттығамыз.

– Тәрбиеленушілеріңіздің арасында ауыл балалары бар ма?

– Негізінен, студенттер келеді. Ал оқуын аяқтап, отбасын асырап жүрген жұмысшы жастардың спортқа уақыты жоқ.

– Сіздің ойыңызша, әрбір мықты спортшы білікті бапкер бола ала ма?

– Жақсы спортшыдан жақсы жаттықтырушы шығады деп айтуға болады. Себебі, ол өзі айналысатын спортты бүгешігесіне дейін біледі. Осы орайда бапкерлік ауыр да қиын жұмыс екенін айта кеткен жөн. Бапкерге керегі не? Ең алдымен білім болу керек. Білімді адам ғана өз шәкірттеріне дұрыс тәлім-тәрбие бере алады. Бапкерге тек спорт саласын білу аздық етеді. Менің ойымша, бала тәрбиесіне көңіл бөлген адам анатомияны, биомеханиканы, психологияны білуі шарт. Алайда, бүгінгі бапкерлер өзіне тиесілі емес міндеттерді атқарып жүр. Спортшыларды сайысқа жіберу үшін қаражат жинайды, оқуға да орналастырады, құрал-саймандарды да жөндейді, еден де сыпырады.

– Жаттықтырушы болған соң шәкірттеріңізге қандай талап қоясыз?

– Ең басты талабым – қатаң тәртіп. Балалардың жаттығу уақытынан кешікпеуі және шын көңілімен жаттығуы маңызды. Әр жаттығу сайын шәкірттеріме қатаң тәртіптің арқасында ғана жетістікке жететіндерін үнемі айтып отырамын. Жеңіске жететін адамның бойында ең алдымен осы спортқа деген үлкен қызығушылық пен құлшыныс болуы керек.

– Кейбір спортшылар жарысқа баруы үшін өз қалтасынан қаражат шығарып жатады. Қазір бұл мәселені шеше алдық па?

– Жасыратыны жоқ, бұрнағы жылдары кімнің қалтасында ақша болса, сол жарысқа баратын. Дегенмен, соңғы жылдары бұл мәселе шешімін тауып келеді. “Бұлақ көрсең, көзін аш” деген бар емес пе? Облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы зор қолдау көрсетіп отырады. Иранда өткен әлем біріншілігіне облыстық “Қарасай” олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша Жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Марат Шәріпов қаражат тауып берді. Алдағы сайыстарға да барып келуге көмек қолын созады деп сенеміз.

– Облыс спортшылары жылма-жыл толағай табыстарымен жергілікті жұртшылықты қуантып келеді. Соңғы жылдары бұл саланың бойына қан жүгіруін немен байланыстыруға болады?

– Соңғы жылдары облыс спортында серпіліс бар. Облыс жастары футбол, волейболға ғана емес, енді гір спорты мен армрестлингке қызығушылық танытып келеді. Республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп, алтын медаль тағынып қайтқан спортшылар облыс жастарына үлгі бола білуде. Бұл, әрине, жаттықтырушылар мен бапкерлердің тынымсыз еңбектерінің арқасы.

– Кей жағдайда аға буын өкілдері ел болашағы саналатын жастарға көңілі толмай, сын айтып жатады. Сіздің жастар туралы ойыңыз қалай?

– Біздің заманымыз бен қазіргі уақыттың арасы жер мен көктей. Екеуін салыстыруға мүлдем келмейді. Жастар ата-аналарының арқасында не ішем, не кием деп қиналмайды. Оның үстіне техниканың дамыған дәуірі. Бірақ, өзім жаттықтырушы ретінде үнемі жастармен бір ортада жүрдім. Жастар – ел болашағы. Сондықтан оларға қолдау білдіруіміз қажет.

– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…

– Алдағы мақсатымыз – Алматы қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде іріктеуден өтіп, Азия чемпионатына жолдама алу. Одан соң Польшада өтетін әлем чемпионатына іріктеу болады. Бұл сайыстарда шәкірттерімнің ішінен Виктория Фролова мен Алексей Баталовты көргім келеді. Олардың әлем чемпиондары атанатынына сенімдімін. Сонымен қатар, ауыл спортшылары арасындағы ҚР чемпионатында үздік үштік қатарында көрініп, 2 алтын медаль жеңіп алуды жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp