«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МУЗЫКА ҮШІН ЖАРАЛҒАН ЖАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат Ұлтарақов – өңірімізге белгілі музыкант. Үрлемелі аспаптарда тамылжыта ойнайтын ол “Музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-өнер колледжі кешенінде” ұстаздық етеді.

Анна КУЧЕРЕНКО,  

зейнеткер.

Ол – Павлодар облысының тумасы. Сондағы музыка училищесін бітіріп, 1985 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына үрлемелі және соқпалы музыкалық аспап кафедрасына оқуға түседі. Жоғары оқу орнының бірінші курсында оқып жүріп, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрінде соқпалы музыкалық аспабында ойнайды. Жас музыкантты демеп, оның толыққанды оркестрдің мүшесі атануына театрдың концертмейстері Владимир Потанин септігін тигізеді. Ол концертмейстердің арқасында оркестрде ойнау мәнерін меңгеріп, тәжірибесін молайтады. Оқи жүре қызмет еткен Болат Сарайкенұлы ұстазы Владимир Потанин құрметті демалысқа шыққанда оның орнын басып, театр оркестрінің соқпалы музыкалық аспап тобының концертмейстері болып қызмет етеді.


 

Аталмыш театрдың сахнасында ол көптеген белгілі әртістермен қатар өнер көрсетті. Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев сынды марқасқа әртістердің ортасында ержетіп, музыкант ретінде қалыптасады. Ол еліміздің белді театрына өмірінің 14 жылын арнайды.  

Жоғары оқу орнын тамамдаған ол Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыкалық мектепте ұстаздық етеді. Әріптестері Астана қаласында жаңадан бой көтерген К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрына қызмет етуге шақырады. Жаңалыққа жаны құмар Болат Ұлтарақов театрдың қабырғасында бірнеше жылдар жемісті еңбек етеді. Ол осы жылдар ішінде Мәдениет қайраткері атағына лайық деп танылады.

Маманның тапшылығына байланысты ол Петропавл қаласына өнер колледжіне қызмет етуге шақырылады. Қазіргі таңда ол өнер колледжінің үрлемелі және соқпалы музыкалық аспап бөлімінде ұстаздық етеді. Сондай-ақ Болат Сарайкенұлы – дарынды балаларға мамандандырылған мектептің 40 оқушысынан құралған симфониялық оркестрдің дирижері. Оркестр жас музыканттардан құралса да, репертуары бай. Олар қазақ сазгерлерінен бастап, классикалық туындыларды тамылжыта орындайды. “Музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-өнер колледжі кешенінің” директоры Роза Кашенова: “Солтүстік Қазақстаннан өзге де шеткі аймақтарға белгілі музыканттың жетекшілігімен симфониялық оркестр дарынды балаларға арналған республикалық байқауда 3-орын алып, ел алдында өнер мектебі шәкірттерінің шеберлігін көрсете алды” дей отыра, оркестрдің жұмысына оң бағасын берді.

Ұстаздық қызметінен басқа Болат Ұлтарақов облыстық филармонияның бірнеше оркестрінде өнер көрсетіп келеді. 7 жылдан астам уақыт бойы Сергей Имашбаев дирижерлік ететін концерттік-симфониялық оркестрде соқпалы музыкалық аспабында ойнады. Бір жылдан бері Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінде өнер көрсетуде.

Оның отбасы да музыканттардан тұрады. Жары Сандуғаш Оңғарбаева өнер колледжінің қазақ ұлттық аспаптар бөлімінде қызмет етіп, Қайырлы Ғафуровтың жетекшілігіндегі оркестрде қобызда ойнайды. Өнер атаулыға өмірін сарп еткен Болат Ұлтарақовтың 11 жасар қызы Еңлік пен 1-сыныпта оқитын Досым есімді ұлы да әке жолын қуып, дарынды балаларға мамандандырылған мектепте пианино сыныбында білім алуда. 19 сәуір күні өтетін концерттің дирижері Болат Ұлтарақовтың өзі болса Вивальдидің “Ля минор” концертінің бірінші бөлімін скрипка аспабында қызы ойнап береді деп күтуде.

Оны бақытты адам деп толық атауға болады. Себебі, ол – өмірінде өз орнын тапқан жан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp