«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАН БАЛА ҚЫРАН сынды жас дарын Әсет Әбдірахманов хақынд

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әсет Әбдірахманов… Консерватория түлегі, домбырашы, жас дарын. Бірде досым, суырыпсалма ақындыққа әуес әрі әнші Бүркіт Бекмағамбетовтің үйінде болғанымда Құрманғазының “Балбырауынын” тәп-тәуір орындап отырған жас оқушы баланың өнеріне сүйсініп, құлақ қойғанымда Бүкең: “Бұл менің туған жиенім Әсет деген бала. Жас өнерпаз!” деп мақтана, серпіле сөйлегені есімде. Баланың күйге ебі барын аңғарып, тағы бір-екі шығарма орындауын өтіндім. Сонда ол Құрманғазының ел-жұртқа аса таныс емес “Бұқтым-бұқтым” күйін де тартып беріп еді.

Осыдан он бес жылдай бұрын қолына домбырасын ұстап, Петропавл қалалық классикалық гимназияда қандай да бір өнер кештерінде, салтанатты оқиғаларда сахнадан табылатын қағілез балдырғанның сол кездегі бейнесі көз алдымда. Өзімнің ұлыммен сыныптас болғандықтан да, және оның нағашы жұрты, әсіресе, әжесі, апамыз Әзкен марқұмның өз әкеме туыстығынан да оны ерекше жақын тартып кеттім.

 

Бойы шарғылау болса да, дауысы зор Әсеттің бұл жағынан туған нағашысы, анасы Ризаның ағасы, елімізге белгілі диктор, әнші, сазгер Бүркіт Бекмағамбетовке тартқанын жаңылмай айырасың.

Оны құлыншақтай күнінен қандай болсын концерттерге анасы Риза Мәжитқызы жетелеп апарып, мерейге бөленсе, төбесі көкке жетіп қайтатынын білуші едім. 

– Әсетке домбырашылық өнер нағашыларынан дарыған десем, мақтанғаным емес. Шешем Әзкен ән салған, суырыпсалып өлең шығарған. Оны өзім де көрдім. Оның бұл қасиетін бізге жиен болып келетін жазушы Сафуан Шаймерденов айтып отыратын. Ағам Бүркіттің дарыны елге белгілі. Көкшетауда тұратын інім Мереке – тенор дауысты әнші. Әпкем Роза да ән салады. Бұл өнерден өзім де құралақан емеспін, – деді бірде осы Риза нағашы-қарындасым.

– Осындай өнерлі ордадан тамыр тартқан Әсет он жасынан бастап өңірімізге әйгілі домбырашы-ұстаз, “Күдер” ансамблін құрған Тойкен Күдерованың алдынан дәріс алып, қазақтың қасиетті саз аспабында ойнау шеберлігіне машықтанды.

– Әуелі қазақтың халық күйлерін орындауға бейімделдім. Мені, күйші болмаса да, нағашым Бүркіт Мәжитұлы домбырада ойнау машығына баулыды. Күйді орындап отырғанымда ағат кеткен тұстарымда ескертіп, жөнге салушы еді. Ол сол жылдары облыстық халық шығармашылығы үйінде ұлттық өнер бойынша әдіскер болғандықтан, күй орындаудан мағлұматы жеткілікті екенін қазір сеземін, – дейді Әсет.

Білікті ұстаз Тойкен Қабиқызы қабілетті шәкірттерін шыңдауда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Әсет те білікті ұстазының арқасында Құрманғазының “Балбырауын”, “Адай”, Динаның “Тойбастар”, “Әсем-қоңыр” күйлерін жұртшылықтың көңілінен шығатындай дәрежеде орындайтын болды.

Классикалық гимназияны тамамдаған соң 2003-2007 жылдардың аралығында облыс орталығындағы өнер колледжінде домбыра сыныбы бойынша білім алған Әсет республикалық бірнеше байқауларда көзге шалынды. Жеңістерге жетіп, өнер жолына анық түсетін орындаушылық шеберлігін аңғартты. Облысымызда болған, яки Астанада, Алматыда оның күй тарту машығын байқаған мамандар Әсет Әбдірахмановтың колледжде алған біліммен тоқтап қалмайтынын сезді және оған Құрманғазы атындағы консерваторияға түсуге ақыл-кеңес берді.

Талапты да өнерпаз жас колледжді тамамдасымен, араға жыл түсірмей өнер оқу орындарының ең шоқтығы биігінің студенті болып шықты.

– Менің өнерде жолым болды деуіме хақым бар. 2007 жылы консерваторияның домбыра сыныбына түскенімде ұстазым – доцент, “Мәдениет қайраткері”, дәулескер домбырашы Сәлімгерей Садықов екеніне қуандым. Өйткені, оның алдынан дәріс алып, жеке орындау қабілетін меңгерген жоғары курс студенттері осы ұстаз туралы асқан ілтипатпен айтып, жүрегіңе ұмтылыс шоғын тастайды. Сен де осылардай болуды армандайсың, – дейді Әсет.

Консерваториядан 2011 жылы түлеп ұшқан оның домбырада ойнау, күй тарту шеберлігін қалай меңгергенін біле түсу ниетімен оған қазақ күй өнерінің төкпе, шертпе, лирикалық жанрларының қайсысын жанына жақын тартатынын білу мақсатымен сауал қойғанымда Әсет былай деді:

– Кәсіби орындаушы болған соң күй өнерінің қай бағытын да жетік меңгеруге тиіссің. Құрманғазы – төкпе күйдің, Тәттімбет, Сүгір – шертпе күйдің, ал Дәулеткерей – лирикалық, әуезді күйдің асқан шебері. Сондай-ақ Сейтек, Қазанғап, Дина, Соқыр Есжан, Байжұма, Абыл күйлерінің өзіндік қалыптасқан ерекшеліктері бар. Бізді осыларды және басқа да күйшілердің орындаушылық мәнерін меңгеруге үйретті. Мен осы сазгерлердің барлық күйлерін орындай алатын дәрежеге жеттім. Бұл нотаға жетіктігімнің жемісі екенін де білемін.

– Ұлы күйші-сазгерлеріміздің есімдері аталғанда ауызға алдымен Құрманғазыны, Тәттімбетті аламыз. Алайда, Дәулеткерейдің есімі айтыла бермейді. Ол неліктен? – деп сұрадым Әсеттен:

– Мұның мынадай мәнісі бар, – деді ол. – Дәулеткерей – Шығай ханның баласы, төре тұқымы. Бойындағы паңдық, тазалық өнеріне де орныққан. Күйлері әуезділігімен жан баурайды. Тұнып тұрған лиризм. Жастық, албырттық, махаббат, ғашықтық сезімдері жүректі толқытады. Күйлерінің атауларының өзі-ақ осыны айғақтайды. Айталық, “Қосалқа”, “Құдаша”, “Жеңгемсүйер”, “Қыз-Ақжелең”, “Ақбала-қыз”…

Жас күйші өткен ғасырларда ғұмыр кешкен ұлы күйшілеріміз ғана емес, жаңа бағыттардағы Ахмет Жұбановтан бастап, Нұрғиса Тілендиев, Мағауия Хамзин, Рүстембек Омаров, Әзидолла Есқалиев, Уәли Бекенов, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева, Шәміл Әбілтаев, Секен Тұрысбеков шығармаларын зерттеу, орындаушылық машықтарын айырып, жаттығу консерватория түлегінің міндеті екенін де айта отырды.

– 2011 жылы домбыра сыныбы бойынша ұстаз мамандығын алдым да Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейдің музыка бөліміне мұғалім болып орналасқан едім. Осы кезде үлкен ағаларым мұнымен де тоқырап қалмауға кеңес берді. Осыны басшылыққа ала отырып, консерваторияның опера-симфониялық дирижерлер даярлайтын бөліміне оқуға түстім. Қазір осы бөлімнің екінші курсында дирижерлік бойынша доцент, “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері” Нұрлан Жарасовтан дәріс алып жүрмін, – деді жас дарын.

Мен осыдан барып Әсет Әбдірахмановтың соңғы жылдары Петропавлға жиі келіп-кетіп жүруінің бір себебін аңғарғандай болдым. Бақсам, Әсет Біржанұлы облыстық филармонияның жанындағы күні кеше ғана атақты сазгер, әнші Сегіз серінің есімін алған қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижері Қайырлы Ғафуровтан үлгі алып жүр екен. Ол туған жерінде осындай өнер ордасының барын хош көріп, оркестрдегі орындаушылармен жұмыс істеуге ден қойып, тәжірибе жинақтап қайтады.

– Оркестрге Сегіз серінің есімі берілгеніне қуандым. Жиырма бесінші ақпанда осы оқиғаға орай концерт берілетінін естіген соң Петропавлға келдім. Орындаушылармен жұмыс машығын өткіздім, – деуінің сыры осында екен.

Айтса айтқандай, домбырашы, жас дирижер сол концертте өнер көрсетіп, жұртшылықтың ризашылығына бөленді.

 

СУРЕТТЕ: Ә. ӘБДІРАХМАНОВ.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp