«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІМІ ЕЛГЕ МӘЛІМ ЕКАТЕРИНА республикалық сайысқа жолдама алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бейсенбі күні С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың баспасөз орталығында “Тіл шебері” атты республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Байқауға 18 бен 30 жас аралығындағы жастар қатысты. Үміткерлердің тіл білімі 4 кезең бойынша сыналды. Үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтауды көздеген додаға облысымыздың ауылаймақтарынан 13 үміткер қатысты. “Тілдердің үштұғырлылығы” жобасын негізге алған сайыста үміткерлер тек қана тілді меңгеру деңгейін емес, сондай-ақ қазақ халқының мәдениеті, тұрмысы, салт-дәстүрі, тарихы мен өнері жайында білімдерін ортаға салды. “Ұлттаным”, “Мәдениеттаным”, “Елтаным”, “Өнертаным” деп аталған кезеңдерде әр қатысушы белгілі бір сұрақтарға жауап беруі тиіс еді.

Қатысушылардың 90 пайызы мектептегі ағылшын тілінің мұғалімдері болды. Мағжан Жұмабаев ауданының Таман орта мектебінің 11-сынып оқушысы Александра Буряк пен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 1-курс студенті Екатерина Жукова білім мекемелерінің қызметкерлері болмаса да, барлық сұрақтарға мүдірместен жауап берді. Әсіресе, Екатерина Жукованың табандылығы сайыстың көрермендерін таңдай қақтырды. Өзін көрермен алдында еркін ұстауы, қазақ халқының тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты сұрақтарға үш тілде де кең көсіліп жауап беруі өзге қарсыластарынан оқ бойы озық екендігін айқын аңғартты.  

Алғашқы кезеңде үміткерлер мемлекеттік тілде қазақ халқының тарихына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс еді. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін айтпағанда, білім мекемелерінде қызмет ететін үміткерлердің ел тарихына қатысты соңғы хан, “Алашорда” қайраткерлерінің тізімі, елордамыз Астана сынды қарапайым сұрақтарға мардымды жауап бере алмауы білімдерінің таяздылығын танытпай қоймады. Тек Екатерина Жукова жоғары оқу орнының 1-курс студенті болсадағы берілген барлық тапсырмаларды толықтай орындап шықты. Қазақ тілінде ұлы Абай жайында айтып, ақынның белгілі өлеңдері мен поэмаларынан үзінділер оқыды. “Мәдениеттаным” кезеңінде Екатеринаға ораза жайында сұрақ берілді. Оған да еш қиналмастан жауап берген Катя Шекспирдің тілін де жетік меңгергенін бірден байқатты. “Менің екінші ана тілім – қазақ тілі” деген Екатеринаны байқау қорытындысы бойынша қазылар ғана емес, көрермендер де жеңімпаз деп таныды.

Өзге қатысушылардың арасынан байқау қорытындысы бойынша 2-орын алған шалақындық Гүлнәр Ғаббасованың, әсіресе, ағылшын тілінде еркін сөйлеуі көрермендермен қатар, қазылар алқасының қызығушылығын тудырды. Ол Жарқын орта мектебінде мұғалім болып қызмет етеді екен. Гүлнәр Талғатқызымен қатар екінші орынға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны, №1 Новоишим орта мектебінің мұғалімі Махаббат Алхатова жайғасты.

Байқауға өзге ұлттан 3 өкіл қатысты. Солардың бірі Уәлиханов ауданының №1 Кішкенекөл орта мектебінің ұстазы Ульяна Габрикті ерекше атап өтуге болады. Ол – байқау қорытындысы бойынша үшінші орын алған үштіктің бірі. Оның сахнада өзін-өзі ұстау мәнері мен әр сұрақтарға сенімді жауап беруі көрерменді бейжай қалдырмағаны анық. Әсіресе, “Мәдениеттаным” кезеңінде қазақ халқының бата беру дәстүрі жайында мысал келтіріп, қызғылықты әңгімесі көрерменді бірден баурап алды. Үшінші орын алған Александра Буряк мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің өзге үміткерлерге қарағанда жоғары екендігін байқатты. Саумалкөл №2 мектеп-гимназиясының ұстазы, айыртаулық Әлия Теменова үштіктің соңғысы болды.

Ақжар ауданының намысын қорғаған Жадыра Құлмағанбетова “Ең жақсы сахна мәдениеті” аталымына лайық деп танылды. “Өнерлі өрге жүзер” аталымын №3 Явленка орта мектебінің мұғалімі Меңсұлу Қалиева иемденсе, жамбылдық Айнұр Көшешова “Үздік көркем мәтін оқу шебері” атанды. Аққайың ауданындағы Ленин орта мектебінің тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары Жанна Күлшікова айтарлықтай өнер көрсетпесе де, сайыста “Тіл тазалығы” аталымын қанжығасына байлады.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp