Ақордада өткен алқалы жиында Кәсіпкерлер кеңесін Ұлттық инвесторлар кеңесі ретінде қайта құру жөнінде шешім қабылданды. Кеңесті ашардағы сөзінде Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ өзінің кәсіпкерліктің дамуына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқандығын атап көрсетті. Соның нәтижесінде кәсіпкерліктің дамуына бөгет жасайтын көптеген әкімшілік кедергілер алынды. Бұл жұмыс одан әрі жалғасып келеді. Осы жылдардың ішінде Қазақстанға 300 млрд. доллардың инвестициясы тартылса, мұның 124 млрд. долларын еліміздің ішкі инвестициялары құрайды. Қалғаны шетелдік тікелей инвестициялар.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Динара БІТІКОВА,
“Егемен Қазақстан”.
Еліміздің 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы әлемдегі ең дамыған 30 елдің ішіне кіру міндетін алға қойып отыр. Әрине, бұған қол жеткізу үшін кәсіпкерлік қозғалыс одан әрі жандана түсуі қажет. Қойылып отырған мерзімнің ішінде экономикадағы орта және шағын кәсіпкерліктің үлесі 40 пайыздан кем болмауы тиіс. Сондықтан да, “Қазақстан – 2050” Стратегиясында кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше мән берілген.
Өз сөзінде Елбасы жуық арада елімізде жекешелендірудің екінші толқыны жүргізілетіндігін атап өтті. Бұл өте маңызды мәселе болып табылады. Аталған шаруа тиімділік беруі үшін бизнестің белсенділігі кластерлік экономиканы құруға қарай бағытталуы керек. Біз алдымызға кең көлемді мақсат – әлемнің неғұрлым дамыған 30 экономикасының қатарына қосылу мақсатын қойдық. Қуатты экономика дегеніміз, бұл – күшті кәсіпкерлік, отандық кәсіпорындардың бәсекеге барынша қабілеттілігі мен олардың кооперациясы. Сондықтан да, мен отандық бизнеске қолдау көрсетуді жаңа саяси бағытымыздың екінші маңызды міндеті етіп қойдым, деген Елбасы бүгінгі басқосуда осы мәселенің талқыланатындығын көлденең тартты.
Елбасы отырысты ашып берген соң сөз кезегі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевқа берілді. Б.Сағынтаев бүгінде қазақстандық бизнестің дамуы елдің бәсекелестік деңгейін арттырудың басты факторына айналғанын айта отырып, қазіргі таңда кәсіпкерлік саланы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Кәсіпкерлік пен мемлекеттің арасында жүйелі байланыс қалыптасып, бұл салада көптеген мәселе шешімін тапқанын айтты. Елімізде бизнес ашамын деген азаматқа барлық жағдай бар екенін алға тарта отырып, бұл бағытта жасалып жатқан шаруалардың бірсыпырасына тоқталып өтті.
Бірінші вице-премьердің мәліметіне сүйенсек, 2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 17,8 пайызды құрады. Ал шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар саны 2,5 млн. адамға жеткен. Сондай-ақ, олардың ішіндегі белсенді субъектілер саны 760 мыңнан астам адамды құрайды. Ал олардың шығарған өнімі 8,0 трлн. теңге болып отыр.
Кәсіпкерлердің өткен жылғы басқосуында және халыққа Жолдауында Елбасы Үкіметке кәсіпкерлікті дамыту бағытында 31 тапсырма жүктеген екен. Бүгінде оның 20-сы орындалып, 11-і орындалу үстінде екендігі хабарланды.
Бұдан әрі Б.Сағынтаев Үкіметтің елдегі бизнес-ахуалды жақсарту бағытында атқарған жұмыстарын баяндады. Сіз бизнестегі қоғамдық ұйымдарды институттандыру ісін күшейтуді тапсырғансыз. Біз “Атамекен” одағымен бірлесе отырып, бизнестің “Атамекен” ұлттық палатасына мүше болуын міндеттейтін заң жобасын әзірледік. Қазір заң жобасы тиісті мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Келісу аяқталғаннан соң заң жобасын Парламентке енгіземіз, деді Б.Сағынтаев. Оның айтуынша, заң жобасы шағын кәсіпкерлерге 54 қызмет түрін бекітіп береді. Қазір ол қызметтердің біразын мемлекеттік органдар атқарып отыр. Сондай-ақ, ол қызметтер арасында шағын және орта кәсіпкерлікке қызмет көрсету, экспортты қолдау бағдарламасының операциялары бар.
Сонымен қатар, Б.Сағынтаев азаматтардың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер етпейтін барлық рұқсат берулерді қысқарту мәселесіне тоқталып, биылғы жылы рұқсат берулер туралы заң жобасы әзірленетіндігін жеткізді. Онда бизнес үшін және жаңа іскерлік жобаларды бастау тәртібіне негізделген барлық рұқсат берудің бірыңғай тізімі қамтылмақ.
Яғни, егер мемлекеттік орган жаңа рұқсатнаманы енгізгісі келсе, онда оның тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеуі тиіс. Тек осыдан кейін оны рұқсат берудің бірыңғай тізіміне енгізу мүмкін болады. Осы арқылы жаңа негізсіз рұқсатнамаларды енгізу жолында кедергілер қамтамасыз етіледі, деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.
Оның сөзіне қарағанда, жемқорлық тәуекелдеріне тосқауыл қоюға және рұқсат беру үдерістерін жеңілдету үшін 2015 жылға дейін барлық рұқсатнамалар автоматтандырылады. Бүгінде барша лицензияларды беру электронды пішінге көшірілді. Бизнеске қажетті 80-нен астам рұқсат беру рәсімдері автоматтандырылды. Биыл тағы 175 рұқсаттарды автоматтандыру жоспарланып отыр.
Үкіметке жүктелген тапсырманың бірі кәсіпкерлерге қаржылай және қаржылай емес қолдаулар көрсетуді жетілдіру болатын. Бұл тұрғыда бизнес тарапынан елеулі қолдауға ие болған кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталықтар ашу бойынша жұмыстар қызу жүргізілуде. Қазіргі таңда мұндай орталықтар Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеуде. Ал осы жылдың соңына дейін барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ, Семей қаласында ашылмақ. Мұнымен қоса, бүгінде барлық моноқалалардағы халыққа қызмет көрсету орталықтары негізінде құрылған осындай орталықтар бар. Енді мұндай орталықтарды аудан орталықтарында да ашу қолға алынуда. 1 мамырдан бастап мобильді кәсіпкерлікті қолдау орталықтары арнайы жабдықталған автобустар түрінде барлық облыстарда жұмыс істемек.
Б.Сағынтаев Үкімет “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы негізінде де кешенді жұмыстар атқарып, біраз мәселе шешімін тапқанын атап өтті. Бұл бағдарламаның аясында 3 мыңнан астам жоба қолға алынып отырғанын тілге тиек етті. Енді бұл бағдарлама негізінде жұмыс күшін көп тартқан, яғни халықты жұмыспен қамту жағына зор көңіл бөлген жобаларға басымдық берілмек. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлерді қолдау, әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың бизнесін қолдауға гранттар бөлу жағына да баса назар аударылмақ. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге “Агробизнес – 2020” бағдарламасы аясында қолдау көрсетіліп, еліміздің аграрлық саласын дамытуға күш салынбақ.
Баяндамасының қорытындысында Б.Сағынтаев елімізде Елбасының қолдауымен жүзеге асып жатқан кәсіпкерлікті дамыту саласындағы реформа халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отырғандығын атап өтті.
Дүниежүзілік банктің “Doing Business” рейтингінде Қазақстан кәсіпкерлікті дамыту бойынша 183 мемлекеттің ішінде 49-орын алады. Бұл, әрине, елімізде кәсіпкерліктің даму деңгейі жоғары екендігін көрсетеді. Бірақ еліміз өңірлерінде бизнес саласының дамуы әртүрлі деңгейде. Сондықтан әрбір өңірдің “іскерлік ахуалын” бағалау мақсатында біз ұлттық рейтинг әзірледік. Бұл әр өңірдің бизнес-ахуалды жақсарту мақсатында қаншалықты жұмыс жасап жатқандығын және қай өңір бизнеске қолайлы екендігін анықтайды, дей келе, Б.Сағынтаев Елбасына осы жылдың аяғында бұл рейтингтің қорытындысын хабарлайтынын айтты.
Елбасы бұдан әрі сөз кезегін “Атамекен» одағы” Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовке берді. А.Мырзахметов бұл Елбасының кәсіпкерлермен өткізіп отырған екінші ірі басқосуы екендігін еске сала келіп, Мемлекет басшысына бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, іскерлік ахуалды жақсарту жөнінде Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп атқарған жұмыс туралы хабардар етті. Ол “Атамекен” міндетті мүшелікке өту институтын енгізу жөнінде Германияның, Австрияның озық тәжірибесін зерделегенін атап өтті.
Шағын және орта бизнестің, сондай-ақ, қауымдастықтың қатысуымен біз шамамен барлық облыс орталықтарында, кейбір шағын қалаларда да осы идеяны талқыладық. Содан кейін біз барлық ірі белсенді салалық өңірлік қауымдастықтармен бірнеше рет кездестік. Тұжырымдамалық үлгі әзірленіп, Сіздің тарапыңыздан мақұлданды. Жолдауда бірінші тоқсанда “Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы” заң әзірлеу жөнінде нақты міндет қойылған, деді А.Мырзахметов.
Жиында сондай-ақ құрылыс саласындағы кәсіпкерлер атынан “Базис А” компаниясының төрағасы Александр Белович сөз сөйлеп, өз саласы бойынша бизнестің даму жайын, ахуалын баяндады. Сөз арасында А.Белович құрылыс саласында мамандар жетіспеушілігін алға тартты. Бұл ретте мамандарды оқыту ісін жолға қою үшін мемлекет тарапынан қолдау қажеттігін айтып өтті.
Бұл ұсыныстарға орай Елбасы қазіргі күні мұндай мамандарды дайындауға кәсіпкерлер атсалысуы керек деген пікірін білдірді. Қазіргі заман талабына сай жаңа технологияны меңгерген мамандар дайындау үшін кәсіптік оқу орындарымен бірлесе отырып жұмыс істеу қажет. Бұл жөнінде ойласу керек, маман жоқ деп мемлекетке ауыз аша бергеннен гөрі, кәсіпкерлер оның жолдарын өздері табулары керек, деді Елбасы. Президент бүгінде құрылыс сапасына қатысты да мәселе аз еместігін көлденең тартты. Мәселен, қазіргі күні құрылысқа қойылатын талаптар ескі. Тіпті, Кеңес Одағы кезіндегі нормативтік талаптар бүгінге дейін өзгермеген. Президент осыны сынға ала отырып, Үкіметке биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін құрылыс саласындағы нормативтік базаны реформалау жөніндегі тұжырымдама жобасын әзірлеуді тапсырды.
Жиында Қазақстан фермерлері атынан “Ақ сүт” ЖШС директоры Нелля Салиханова сөз алды. Бизнесімді осыдан 14 жыл бұрын жалғыз сиырдан бастадым деген фермер қазіргі күні шаруасының өрістеп келе жатқандығымен бөлісті. Кәсіпкер өзінің шаруа қожалығында қазіргі күні 85 сиыр, оның ішінде 60-сы сауын сиыр ұстап отыр екен. Ал сүт өнімінің 12 түрін шығарады. “Бизнесті дамытуға елімізде барлық жағдай жасалған. Соның арқасында біз өсіп, кеңейіп келеміз”, – деді Н.Салиханова. Фермер қазіргі таңда жергілікті жерлердегі шағын кәсіпкерлердің бірлесе жұмыс істегені дұрыс деп есептейді. Себебі, шағын немесе мүмкіншілігі аз, ісін жаңа бастағандар үшін банктерден несие алуда да қиындық туындайтыны анық. Бұл жағдайда кәсіпкерлер “Атамекен” палатасына біріккені дұрыс.
Елбасы фермердің баяндамасынан соң ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір түйінді мәселелерге тоқталып өтті. Қазіргі күні еліміздің агроөнеркәсіп саласына аз көңіл бөлініп отырған жоқ. Қазақстан 3 млрд. долларға жуық қаржыны тікелей ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында субсидияға бөледі. Оған қоса, лизингтік компаниялар, тағы басқалар бөлетін қаржы көздері бар. Салық тұрғысынан алғанда, ауыл шаруашылығы, тіпті, ештеңе төлеп жатқан жоқ десе де болады, дей келіп, бірақ бұл салада біздің ел әлі де бәсекеге қабілетті бола алмай отырғанына қынжылыс білдірді. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің жерлерді иемденіп алып, жұмыс істемей отырғанын сынға алды. Біз азаматтарға жерді жұмыс істеу үшін бердік. Ең сорақысы, ауыл шаруашылығы жұмыстары үшін берілген жерлер енді құрылыс немесе басқа да мақсаттарға ресімделуде, деді Президент осы орайда. Орталықта және жергілікті жерлерде бұл проблемаға көз жұма қарау алаңдататындығын қадап айтты.
Президент ауылдардың жағдайына да тоқталды. Қазақстанда қазір 7232 ауыл бар. Оның 3750-інің жағдайы жақсы, қауқарлы. Қалған 2500-і демеуді қажет ететін ахуалы орташалар болса, 1000-нан астам ауылдың болашағы бұлыңғыр. Бұл ретте Елбасы 40-50 түтіннен құралатын осындай ауылдарды жаңа нысандармен жаңғыртудың қажеті жоқтығын атап өтті. Бізге алдағы уақытта ауылды түлетуге қатысты арнайы бағдарлама қабылдауды ойластыру қажет. Ауылдарда Мәдениет үйлері, демалыс орындары, жаңа баспаналар қамтылғаны игі. Негізінен мұны арнайы жаңа бағдарлама ретінде, болмаса дағдарыс кезіндегі секілді “Жол картасы” аясында атқарған дұрыс. Жалпы, бізге осындай бағдарлама керек, – деді Н.Назарбаев.
Жиын барысында сондай-ақ “Astana Group” компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов және Қазақстан Машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішенбаев сөз сөйлеп, еліміздегі машина жасау саласының жайын баяндады.
Отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы аталған мәселе өзінің ұзақмерзімдік бағытында бірқатар жүйелі шараларды қарастыратындығын атап көрсетті.
Біріншіден, Қазақстан кәсіпкерлігі ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Ондағы шағын және орта бизнестің үлесін кемінде екі есе арттыру керек.
Екіншіден, жекешелендірудің кең көлемді екінші толқынын жүргізу міндеті алға қойылып отыр. Жұмыс істеуге қабілетті және тиімді Қазақстан кәсіпкерлері оның субъектісіне айналуы тиіс.
Үшіншіден, ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің жеделдетіп орта деңгейге көтерілуін ынталандыратын шараларды жедел әзірлеп, жүзеге асыру қажет.
Төртіншіден, бизнестің, әсіресе, өңірлік деңгейдегі бизнестің кооперациялануына қолайлы жағдайлар туғызылуы тиіс. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті түрде қатысуы моделінің жобасын талқылаудың да маңызы зор.
Бесіншіден, жаңа саяси бағытқа мемлекеттің жаңа экономикалық қызметті реттеу мәселелеріне қатысу қағидаттары сәйкес келуі тиіс. Бұл жерде сөз мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауының сапалық деңгейі туралы болып отыр.
Қазақстан Президенті өз сөзінде мемлекеттің стратегиялық мақсатына сәйкес кәсіпкерлікті қолдау жаңа серпінге ие болатынын айтып өтті.
Бизнестің жол картасына сәйкес, 3 мыңға жуық кәсіпкерлік жоба субсидиялануда. 409 кәсіпорынға инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілді. Бұл жұмыстардың құны 78 млрд. теңгені құрады. Олардың бастапқы жұмыс істеген 3 жылында тексеру жүргізуге заң тыйымы әрекет етеді. Қазақстан бизнесті ашу мен жүргізу үшін жағдайларды жеңілдету жөніндегі реформа жүргізудің жетекшісі болып табылады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы ретте өзінің тапсырмасы бойынша құқық қорғау жүйесінде бизнеске қатысты жүйелі жұмыс жүріп жатқандығын айтып өтті.
Бүгінгі күні біздің елімізде кез келген ынталы адам бір күннің ішінде, тіпті, үйінен шықпай-ақ онлайн режімінде өз бизнесін аша алады. Жеке кәсіпкерлер үшін салыққа есеп берудің мерзімділігі қысқартылды, есеп жүргізу жеңілдетілді. Заңға электрондық шот-фактураларды енгізуге ықпал ететін өзгерістер енгізілді. Тек осы бір жаңалықтың өзі ғана қазақстандық бизнестің әр жыл сайын кемінде 5 млрд. теңгені үнемдеуіне мүмкіндік береді.
Енді ішкі инвестициялардың әлеуетін дамыту қажет. Бұл міндет қазіргі күні Үкіметте әзірленіп жатқан Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының негізіне айналуы тиіс.
Мемлекет барлығын және барлық жерде бақылауға алудың әбден ескірген дәстүрлерінен біржолата бас тартуы керек. Мемлекет тарапынан бақылау жүргізу, бәлкім, түпкілікті өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі, осы бағыттағы заңдық нормаларды сақтау үшін де қажет болар. Мемлекеттің негізгі міндеті – тауарлар мен қызметтердің сапа стандарттарын, техникалық индикаторлар мен қауіпсіздік регламенттерін әзірлеу мен қалыптастыру. Сонымен бірге, мемлекеттің кәсіпкерлікті реттеудегі тағы бір маңызды қыры – рұқсат беру жүйесінің жағдайына тұрақты түрде талдау жүргізіп отыру, деп атап көрсетті Елбасы.
Осыған байланысты Үкіметке үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін құрылыс саласындағы нормативтік базаларды реформалау жөніндегі тұжырымдама жобасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, 2014 жылдың соңына дейін әрбір мемлекеттік органды мемлекеттік қызметтер көрсеткен кездегі бизнес-үдерістердің нормативтік анықтамалығымен қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің табиғи монополистермен қарым-қатынасы мен өзара әрекеттестігінің мәселелері де жүйелі шешім қажет етіп отырғандығын айтты.
Әрбір монополист өз қызметіне қолжетімділікті өзінің ішкі құжаттарымен реттейтін болып алды. Оның үстіне барлығы да бизнес үшін қосымша қаржылық және басқа да шығындар шығатындай жағдай қалыптастыруға ұмтылуда. Мен бұл жерден бизнестің дамуына елеулі кедергілерді көріп отырмын. Біздегі Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік бұл мәселелермен айналысып отыр ма? Мәселен, Жылу қуатын пайдалану ережесін және Электр қуатын пайдалану ережесін алып қарайық. Бұлар 2005 жылы бекітілген. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға немесе цехқа олардың иесі ауысқан кезде инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттарын қайтадан алып қажеті қанша? Осыны, қане, кім түсіндіріп береді? Әлде бұл өз кәсіпорнын жаңғыртқан немесе оған үнемді технологияларды енгізген кәсіпкерді монополистің алдында тізерлетудің тағы бір жолы ма? Өздерің-ақ ойлап көріңдерші? Бұл – қажетсіз, ойдан шығарылған процедура. Бұл – қуат үнемдеу және жаңа технологияларды енгізу ісіне көлденең тұрып, оның орнына аталған мәселеде әрекетсіз отырғандарды ынталандыру дегенді білдірмей ме? – деді отырғандарға Мемлекет басшысы. Осы ретте Үкіметтің кезінде қуатқа қосылу төлемін жойғандығын тағы бір еске салып өтті.
Қазір табиғи монополистер, олардың өз уәждерін нақты келтіре кетейін, “Жаңа тұтынушының пайда болуына байланысты қолданыстағы желіні нығайту жөніндегі негізгі талап” деп аталатынды көлденең тартатын болып жүр. Ашығын айтқанда, өздерінің шаруашылық жүргізудегі қырсыздықтарын жабу үшін бизнестен алым алудың жаңа тәсілін ойлап тапқан. Үкіметке “Атамекен” одағымен” бірлесе отырып бір айдың ішінде бұл мәселені нақты зерттеп, аталған жайттарды анықтап, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын, деді Мемлекет басшысы.
Біртұтас экономикалық кеңістік жағдайында және Бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылу қарсаңында алдымызда тұрған маңызды мәселелердің бірі отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету болып табылады.
БЭК-ке және болашақта Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан пайдалы екендігіне сөз жоқ. Өз кезінде мен барлығына ашық және талай рет біздің отандық бизнес үшін Кеден одағы мен БЭК ең алдымен біздің өнімдердің бәсекелестікке қабілеттілік мәселесі болып табылатындығын атап көрсеткен және сақтандырған болатынмын. Үкіметке “Атамекен” одағымен” бірлесіп, біздің өндірісшілеріміздің мүддесін БЭК аясында қорғау мен оларды ілгерілетудің бірлескен жоспарын қабылдауды тапсырамын, деді Қазақстан Президенті.
“Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасына Үкіметпен бірлесе отырып “Іс-керлік ахуалдың” жаңа рейтингін жасаған жөн болады. Осы арқылы орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарын бағалап, олардың нәтижесін БАҚ-тарда жариялау қажет, деді Президент.
Сонымен қоса, Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың соңына дейін Үкіметке “Электронды сауда туралы” заң жобасын, сондай-ақ 5 жылдық мерзімге арналған Қазақстандағы Интернет-сауданы дамытудың салалық перспективалық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Кәсіпкерлерге қажетті интерактивті қолдау көрсету, олардың ақпараттандырылуын кеңейту жұмыстың тағы бір маңызды бағыты болып табылатындығын айтып өтті.
Өз бизнесін ашқысы келетін әрбір адам кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың қандай құралдары бар екендігін алдын ала білуі тиіс.
Елбасы жаңа жекешелендіру “Қазақстан – 2050” Стратегиясында белгіленген тапсырмалардың бірі екендігін еске салып өтті.
Үкімет жекешелендіру нысандары мен тетіктерінің тізімін әзірлеуде. Қазақстан кәсіпкерлеріне білім беру, медицина, ақпараттандыру, әлеуметтік қызмет көрсету салаларында өздерін көрсетудің жаңа мүмкіндіктері ашылатын болады. Жекешелендіруді жүргізген кезде Үкімет пен жергілікті билік органдары мынадай қағидаттарды қалыптастыруы тиіс. Біріншіден, жекешелендірудің өте ашық та мөлдір жүргізілуі. Екіншіден, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің әртүрлі тетіктерін пайдалану қажет. Нысандардың барлығын бірден тұтас күйінде сатып жібермей, басқа да формаларды пайдаланған, мәселен, кейіннен сатып алатындай етіп жалға беру, ақысын төлеу мерзімін шегере тұру, тегін беру секілді тәсілдерді де қолданған жөн. Үшіншіден, жекешелендіретін әлеуметтік нысан өзінің қызмет бағытын өзгертпеуі тиіс. Сонымен қатар, Қазақстанда жекеменшікке құқықтық кепілдік беруі жүйесін дамытудың да маңызы зор. Осы мәселелерді айта келе Елбасы: «Мен кейбір жекелеген орталарда «меншікті қайта бөлудің» әртүрлі мүмкіндіктері туралы әңгімелер сүйікті тақырыпқа айналатындығын білемін. Мұндай талқылаулар табиғатын түп-тамырымен жою қажет. Мұның болмайтындығын бәрі де білуі тиіс. Мұндағы жол біреу ғана. Ол – заңды дамыту, жеке бизнесті қорғау тетіктерінің әрекетін күшейту. Осыған байланысты Үкіметке бизнесті заң тұрғысынан қорғау мәселелерін електен өткізіп, 2 ай мерзім ішінде оны нығайту жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырамын. Тағы да қайталаймын: жекешелендіруді жеке әкім, министр немесе әлдебір мекеме емес, мемлекет жүзеге асырады», – деді.
Осы ретте Елбасы Қазақстан кәсіпкерлерінің патриоттық борышы шетелдерден жылжымайтын мүлік сатып алу емес, ұлттық экономиканы инвестициялау екендігін атап көрсетті.
Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілік мәселесі. Үдемелі индустрияландыру, жекешелендіру, мемлекет қолдауы осыған кең көлемді жағдай туғызады. Бізде өңірлердегі мыңдаған нысандар қаржы құюды қажет етуде. Тек соңғы жылдардың өзінде ғана біздің кәсіпкерлер қаншама мешіттер мен храмдар салды. Бірақ өз қаржыларының есебінен ауылдағы мәдениет үйлерін салған немесе жөндеуден өткізген, жаңа өлкелік мұражайлар, аула клубтарын немесе жастар үшін спорт алаңдарын салған оқиғалар өте сирек кездеседі. Біз осындай қызметтерді ынталандыруға тиістіміз, деген Елбасы кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құру мәселесіне жеке тоқталып өтті.
Палатаға міндетті қатысушылық ең алдымен жеке кәсіпкердің өзіне пайдалы болуы тиіс. Ол өзін неғұрлым қорғалған сезініп, бұл құрылымның өз бизнесін дамытудың сенімді тірегі екендігіне көз жеткізуі керек. Палата ашық жұмыс істейтін болуы шарт. Әрбір кәсіпкер, мейлі ол ауылдық немесе қалалық болсын, оның тең жағдайдағы қатысушысы. Кәсіпкерлер палатасы ұлттық бизнесті дамытудың басты әдіскеріне айналуы қажет. Сонымен бір уақытта, ол Үкіметтің сенімді де білікті әріптесі, мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезінде оның ұжымдық кеңесшісі. Үкімет Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы заңды әзірлеген кезінде осы маңызды қырлардың барлығын ескеруі тиіс.
Елбасы осылай дей келе, қазақстандық бизнесті дамытудың жаңа кезеңі басталатындығын мәлімдеді. Оның басты мазмұны – отандық кәсіпкерлердің ұлттық экономиканың тұрақты өсімі үшін жауапкершілігін арттыру.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында біз ұлттық бизнесті ішкі инвестициялардың өсуінің негізгі көзі ретінде қарастырдық. Соған сәйкес біздің Кеңесіміздің де мәртебесі мен рөлін арттыру маңызды деп есептеймін. Мен оны Ұлттық инвесторлар кеңесі ретінде қайта құру жөнінде шешім қабылдадым. Осы жаңа мәртебе аясында мемлекеттік органдар басшылары мен бизнес өкілдері арасынан тең төрағалар басшылық жасайтын тұрақты жұмыс топтары құрылатын болады. Өңірлік даму министрлігін Кеңестің жұмысшы органы ретінде бекітемін. Үкіметке бір айдың ішінде жаңа регламент жобасы мен Ұлттық инвесторлар кеңесінің құрамы туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырамын, –деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңына таман Елбасы ел мен халық алдындағы жауапкершілік мәселесіне көбірек көңіл бөлді. Мемлекет болашағы үшін ішкі жалпы өнім көлемін арттыру ерекше маңызды міндеттердің бірі болып табылғанымен, халықтың әлеуметтік тұрмысы, адамдардың өсіп-өркендеген жақсы жағдайда бақуатты өмір сүруі бұдан да маңызды екендігін айтып өтті. Осыған сәйкес адамдардың тұрмыстық деңгейі туралы бірқатар әлеуметтік зерттеу көрсеткіштерін алға тарта отырып, елімізде қанша кедей адамдардың бар екендігіне үнемі назар аударып отыру қажеттігін тағы бір еске салды.
Осы ретте адамдардың білімімен қатар кәсіптік шеберлігін арттыру ісі тек мемлекеттің ғана емес, кәсіпкерлердің де ортақ міндеті екендігін, олардың кәсіптік оқуларды ұйымдастыру ісіне қатысулары орынды болатындықтарын, мұндай жақсы тәжірибелер дамыған елдерде бұрыннан жолға қойылғандығын айта келе, мектепті бітірген әрбір түлектің назарда болып, жоғары оқу орнына түсе алмай немесе жұмысқа орналаса алмай қалған жағдайда оларды белгілі бір пайдалы бағдарламаларға тартуды жолға қою қажеттігін атап көрсетті. Яғни, әрбір түлек назардан тыс қалмауы керек.
Елбасы сөзінің соңында Қазақстан кәсіпкерлері мемлекет қолға алған жаңа бастамаларға қолдау білдіріп, экономика мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосады деген сенімін білдірді.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.