«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРДІҢ ЖЫЛУЫ Энергия көзі ретінде пайдаланылатын жаңа жоба жүзеге асырылмақшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алдағы уақытта өңіріміздегі әлеуметтік нысандарға жердің жылуын энергия көзі ретінде пайдаланатын жылыту қондырғылары орнатылуы мүмкін. Әзірге аталмыш қондырғылар қанатқақты жоба ретінде бір білім ордасында сынақтан өткізілмекші.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл сәрсенбі күні облыс әкімі Самат Ескендіровтің финдік “Gebwell Ltd” компаниясының өкілдерімен болған кездесуінде белгілі болды. Финн елінің жаңашылдығы қолданыстағы желіден 4 есе қуатты әрі екі есе үнемді көрінеді. Бұл Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қуат көзінің баламалы түрлерін пайдалануды ойластыруды міндеттеген Елбасының тапсырмасын орындауда тиімді болып отыр.  

– Елбасы энергия үнемдеуге басымдық беріп отыр. Бізде қыс 7 айға дейін созылады. Облысымыздың жылу желісі тұрақты. Бірақ шығынды азайтатын тың бастамаларды қолға алудың кезі жетті. Бюджетке аса салмақ түсірмейтін баламалы энергия көздерін қарастыру керек. Ол үшін өлкемізге инвестиция тарту жолдарын ойластырған жөн, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.

 

Финдік “Gebwell Ltd” компаниясы ұсынып отырған геотермалды жылыту және суыту құрылғылары біздің сұранысымызға жауап беретін көрінеді.

– Екі елдің ауа райы өте ұқсас. Жазда +35 градусқа дейін жоғарылап, қыста -35 градусқа дейін төмендейді. Сондықтан ұзақмерзімді әріптестік орнатуға ниеттіміз. Біздің елдегі орталықтандырылған жылу желісіне тартылмаған елді мекендердің бәрі біздің қызметті пайдаланады. Бұл шамамен 60 пайызы, – деді “Gebwell Ltd” компаниясының басқарма мүшесі әрі негізгі иесі Тимо Маркус Ялмари Хулкконен.

Қондырғы сағатына 10 кВт дейін энергия өндіруге қауқарлы. Бұл шамамен 60 градусқа дейін жылу береді. Ол үшін алдымен 160 метрге дейін ұңғыма қазылады. Бұрғылау жұмыстары да шетелдіктердің мойнында. Қолайлы температуралық режімді автоматты немесе қолмен реттеуге болады.

– Жер қойнауындағы 1 гигакалорий энергияны сыртқа шығарғанда 4 есе ұлғайтады. Ал жазғытұрым ыстықты басатын бүгінгі кондиционерден 8 есе қуатты, – деді “Gebwell Ltd” компаниясының экспорттық директоры Виестурс Озолиньш.

Жергілікті басшыларды қондырғылардың суыту емес, жылыту жұмысы көбірек қызықтырды. Осы орайда облыс әкімі аталмыш жобаны сынап көру қажет деген ұсынысына шетелдіктер ауылдық жердегі оқу орындарының біріне геотермалды жылыту қондырғысын жанамалай қосуға болатындығын жеткізді. Бір жылдан соң оның нәтижесі сол аумақтағы, алайда дәстүрлі түрде жылытылған екінші білім мекемесінің жылыту маусымындағы көрсеткіштерімен салыстырылып, шығындары мен үнемділіктері анықталатын болады. Қанатқақты жоба алдағы жылыту маусымында қолға алынады. Жалпы бұл жұмысқа өңіріміздегі орта кәсіптік білім беретін колледждерді тарту да көзделген. Осы арқылы жергілікті билік финдіктердің заманауи қондырғыларымен жұмыс істей алатын мамандарды даярламақ. Облыс әкімі Самат Ескендіров білім басқармасының бастығы Нұрболат Бикеновке қанатқақты жоба сыналатын оқу орны мен қажетті қаржының көлемін анықтауды тапсырды.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp