«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛ АЯҒЫНА ДЕЙІН ОН БАЛАБАҚША ҚАЙТАРЫЛУҒА ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні облыс әкімі Самат Ескендіров Петропавл қаласының бірнеше шағынаудандарын аралап, көктемгі су тасқынына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралардың барысымен танысты. Сондай-ақ, өңір басшысы жуық арада мектепке дейінгі білім ұйымдарына қайтарылып берілуі тиіс мемлекеттік мекемелерде болды.

Биылғы қыста қар көпжылдық деңгеймен салыстырғанда мол түсті. Облыс орталығының коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары үстіміздегі жылы 500 мың текше метрден астам қарды сыртқа шығарып төкті. Бүгіндері қарлы қыстың салдарын жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр, оған қосымша қаржы бөлінген. Облыс әкімі Самат Ескендіров Жұмысшы кентінде болып, жағдайды өз көзімен көрді.

 

Аталмыш кенттегі орталық Панфилов көшесінде коммуналдық қызмет жұмысшылары тозығы жеткен құбырларды қазып алып, оны жаңасына ауыстырып, ағынды кәріздерді, жылғаларды тазартуда. Осындай жұмыстар Украин көшесінде де атқарылу үстінде. Өңір басшысы жұмысшылармен әңгімелесті. Олар алда көп жұмыс күтіп тұрғанын, техника күшінің жеткілікті екендігін және өз міндеттерін сөзсіз орындайтынын жеткізді. Облыс әкімі содан кейін Косогор шағынауданындағы айналма жолда жүргізіліп жатқан жұмыс барысын көрді.

– Көктемгі су тасқынының қаупі сейіліп келеді. Ағынды суды сорып, ағызуға қалалықтардың өтініштері азайды, жағдай бірқалыпты, – деді қала әкімі Болат Жұмабеков.

Үстіміздегі жылы облыс орталығында он ғимарат балабақшалар үшін қайтарылуы тиіс. Оларда орналасқан мемлекеттік мекемелерге басқа орындар ұсынылмақ. Өңір басшысы “Қызылжар-Ақбастау” коммуналдық базарының ғимаратындағы бос тұрған қабаттарды аралады. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті қайта құру, әрлеу жұмыстары аяқталған соң бұл орында бірнеше мемлекеттік мекеме орналаспақ. Самат Ескендіров өзінің жұмыс бабындағы сапары барысында “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталық” РМКК-ның, облыстық Құқықтық статистика және арнаулы есептер жөніндегі басқарманың, “Қазагрэкс” сынақ орталығының, т.б. мекемелердің ғимараттарында болып, оларды басқа орынға көшіру мәселесін пысықтады. Сапар соңында облыс әкімі тиісті орындарға тапсырмалар берді.

(Өз тілшімізден).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp