«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Зейнетақы жүйесін жетілдіру – әңгіме өзегі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко облыс орталығындағы Достық үйінде жергілікті этномәдени бірлестіктердің және діни конфессиялардың өкілдерімен “дөңгелек үстел” басында кездесті.  

Шара барысында қазақстандықтарды толғандырып жүрген зейнетақы жүйесін дамытуға жан-жақты тоқталған Юрий Тимощенко қатысушыларға үш тұғырлы бағыттан тұратын реформаны жіліктеп берді. Оның айтуынша, бірінші бағыт – он мемлекеттік емес зейнетақы қорының бірыңғай жинақтау қорына біріктірілетіндігі. Сөйтіп, зейнетақы жинақтау қорына мемлекет бас акционер болады. Ай сайынғы жарналар 7%-ға дейін төмендетіледі. Барлық аударымдарды Ұлттық банк басқаратын болады. Ал екінші бағыт – зиянды өндірісте еңбек ететін азаматтарға еңбекақысынан аударылатын 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасына қосымша еңбекақы қорынан жұмыс берушінің тағы да 5 пайыз міндетті кәсіби зейнетақы жарнасын аударуын заңмен бекіту. Үшінші бағыты – әйелдердің зейнетке шығу жасын бірегейлендіру.

 

“Әйелдердің зейнетақы жасын ұлғайту мәселесі бойынша соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Қазір тек жұмыс тобының пікірлері ғана қарастырылып жатыр. Әрине, бұл бір айдың немесе одан да аз уақыттың ішінде шешілетін мәселе емес”, – деген Юрий Евгеньевич елімізде қолға алынып жатқан зейнеткерлік жасты бірегейлендіру мәнін нақты деректермен, тиянақты тұжырымдармен түсіндірді. Мәселен, біздің елімізде қазіргі уақытта еңбекке қабілетті тұрғындар саны 8,5 миллион адамды құрайды. Олардың 5 миллион 700 мыңы ғана зейнетақы қорларына тұрақты түрде жарналарын аударады. Ал қалғандары жинақтау қорына бір тиын да салмаған.

– Біз енді ғана қолға алып жатқан бағыт әлемдегі барлық елдерге тән екендігін айтқым келеді, – деді Юрий Тимощенко, – мына мысалға назар аударыңыз. Мәселен, Кипр жақында ғана зейнеткерлік жасты бірден он екі жылға ұлғайтты. Дамыған және бай ел саналатын Америкада зейнеткерлік жас 67 мөлшерінде. Ал біздің реформамыз кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Әр жыл сайын алты айдан қосыла отырып, 2023 жылдан бастап әйелдер 63 жаста зейнеткерлікке шығады деп белгіленуде, – деді.

Кездесу соңында халық қалаулысы көтерілген мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынына сендірді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp