“Әлем” еріктілер орталығы” ЗТБ-нің мүшелері “Жолдау – әр үйге” акциясына бастамашы болды. Өңірімізде алғаш рет өткізіліп отырған шараның басты мақсаты – “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын насихаттау.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Еріктілер қызылжарлықтардың Жолдауды қаншалықты білетінін тексермек ниетпен қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізді. Аталған жастар тобы оларға Елбасы Жолдауындағы елiмiздi әлеуметтiк-экономикалық жаңғыртудың он негiзгi бағытын айқындап берген мiндеттердiң маңыздылығын жан-жақты түсіндіріп, Жолдау кітапшаларын таратты.
Еріктілердің айтуынша, аталмыш акцияны жер құрғаған соң ау-дандарда да, сонымен бірге айына бірнеше рет қаланың тұрғындары көп шоғырланған өзге аудандарында да өткізу жоспарланған.
Шара барысында белсенді жастар бір сағаттың ішінде 100-ге жуық Жолдау кітапшаларын таратып үлгерді. Акция барысында еліміздің саяси өміріне қызығушылық танытып, Елбасының жыл сайынғы Жолдауын қалт жібермейтіндермен қатар, биылғы жылдың басты құжатымен мүлдем таныспағандар да кездесті.
“Жолдау – әр үйге” акциясы үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады.