«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛДЕН АЛЫНҒАН СУ ЫСЫРАБЫ оңайлықпен кемімейтіндігі ойландырады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық мәслихаттың үлкен залында “Қызылжар су” ЖШС-нің 2013-2016 жыл-дарға арналған сумен жабдықтау жүйесіндегі нормативтік-техникалық шығындарының деңгейін бекіту туралы өтініштерін тыңдау өтті. Жиынды қысқаша кіріспе сөзбен ашқан облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің директоры Марат Мұстафин “Қызылжар су” ЖШС-нен сумен жабдықтау жүйесіндегі нормативтік-техникалық шығындарды бекітуге 26 наурызда өтініш түскенін айтты. Осы күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша кәсіпорын басшысы Аслан Сатин баяндама жасады. Ол сұралып отырған шығындар деңгейінің дәйектілігін дәлелдеуге тырысты.

Бірден атап өтерлігі сол, кәсіпорынның ұсынып отырған сумен жабдықтау жүйесіндегі нормативтік-техникалық шығындар деңгейі биылғы жылға 3,4 млн. текше метр немесе Есіл өзенінен алынатын 16,7 млн. текше метр судың 21,6 пайызын құрайды. Ол дегенің – алынған судың бестен бір бөлігі тұтынушыға жетпей шығын болады деген сөз. Жабдықтау жүйесінде судың мол ысырап болуы түптің түбінде тұтынушылар тарифіне де әсер етпейді деуге болмайды. Аслан Сатин ағынан жарылып, өздерінде нақтылы су шығындары одан да көптігін, бірақ оны амалсыздан тікелей кәсіпорын шығыны есебіне алуға тура келетінін айтты. Мүмкін олай деуінің де жөні бар шығар, өйткені су құбырларының 70 пайызы тозып тұр, оларға жылына 10-12 шақырымнан жөндеу жүргізген күннің өзінде жалпы ұзындығы 309 шақырымды құрайтын су құбырлары желісін жаңартуға ондаған жылдар мен бірнеше миллиардтаған қаржы қажет. Ол тарифті көтеріп, тұтынушылар есебінен шешілетін мәселе емес, мол көлемді бюджеттік құйылымды қажет етеді. Марат Мұстафиннің айтуынша, қалалық су арнасында түбі бірде қайта жаңғырту жүргізілері анық. Ал әзірге қолда барды қанағат етіп, артықтау болса да нормативтік су шығындарын бекітпеске болмайды. Кәсіпорын ұсынған жоба бойынша шығын нормативі 2016 жылға дейін жыл сайын 0,1 пайызға кемітіліп, шығындалатын су көлемі де азайтылып отырады.

Жиында “СҚО қоғамдық бақылау” коалициясының үйлестірушісі және қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков су құбырларының тозығы жету көрсеткішін қалайша төмендетуге болатынын сұрады. Оған кәсіпорын басшысы мүмкіндігінше жылына 18 шақырымға жуық су құбырлары жаңартылатынын, одан көпке мүмкіндік жоқтығын мәлімдеді. Бұл орайда Виктор Сердюков, Владимир Лапшин және тағы басқа сараптамашылар кеңесінің мүшелері кәсіпорында қайта құру, жаңғырту жұмыстарына ерте дайындық жасап, оған жаз айынан бастап бірден кірісу қажеттігіне тоқталды. Жиында облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяев “Петропавл жылу желілері” кәсіпорнындағы су шығындарына қатысты түсінік берді, олардың “Қызылжар су” ЖШС-нен тұрмыстық қажеттігі болмаса, өндірістік іске су алмайтындарын, оны Есіл өзенінен тікелей өздері тартып, 2-ші жылу-электр орталығы арқылы пайдаланатындығын айтты.

Тыңдауға қатысушылар өз тілек-ұсыныстарын қоса отырып, “Қызылжар су” кәсіпорны ұсынған сумен жабдықтау жүйесіндегі нормативтік-техникалық шығындар деңгейін мақұлдады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp