Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясындағы меморандумға сәйкес аудан әкімдерінің берген ақпараттары бойынша үстіміздегі жылы 4 млн. 338 мың гектар алқапқа тұқым себу жоспарлануда.
Жанар МҰСАҚҰЛОВА,
облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы
басшысының орынбасары.
Ол өткен жылғы егіс көлемінен 169 мың гектарға немесе 4 пайызға аз, соның ішінде дәнді дақылдар 3 млн. 620 мың гектарға себіледі немесе былтырғы жылғыдан 221 мың гектарға кем. Майлы дақылдарды – 367 мың гектарға, жем-азықтық дақылдарды 318 мың гектар алқапқа орналастыру көзделуде. Ал картоп пен көкөніс егістігі көлемі сәйкес түрде 600 және 300 гектарға ұлғайып, 27,5 мың гектарға және 5,1 мың гектарға отырғызылатын болып отыр.
Жалпы барлық ауыл шаруашылығы дақылдары себілетін егістік алқабы осы жылы әртараптандырылатын егістік жерлердің меморандумдық көрсеткіштеріне сәйкес келеді. “Қазгидромет” деректері бойынша, ылғалдың түсуі 2012 жылғы қарашадан бастап, осы жылғы сәуір айының алғашқы жартысына дейін аудандарға байланысты 73 мм.-ден (М. Жұмабаев) 188 мм.-ге дейінгі (Ғ. Мүсірепов атындағы) аралықта болады.
Биылғы сәуірдегі ауа райының болжамына сәйкес облыстың барлық аумағы бойынша ауаның орташа тәуліктік температурасы нормадан 3-4 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Ауа температурасының көтерілуі қардың тез еріп, топырақ бетіндегі ылғалдың ұшып кетуіне ықпал етіп, егіс алқаптарында ылғал қорының сақталуына теріс әсерін тигізеді. Мұндай ауа райы жағдайы уақтылы ылғал жабуды және дақылдар себудің оңтайлы мерзімдерін мұқият таңдауды қажет етеді.
Көктемгі егіске қажетті дәнді және бұршақ дақылдарының 546 мың тонна тұқымы кондициялық дәрежеге жеткізіліп, егіс алдындағы өңдеу, дәрілеу жұмыстарынан өткізілуде. Сорт ауыстыру және сорт жаңғырту жұмыстары үшін биылғы жыл егісіне облыста 20 мың тонна элиталық тұқым дайындалған болатын, оның 16 мың тоннасы өңір шаруашылықтарына өткізіледі. Сол сияқты, өткізу үшін дайындалған 1-3 репродукциялы 38 мың тонна тұқым қоры бар. Облыс ауыл шаруашылығы құрылымдарында биылғы жылы жоспарлы сорт ауыстыру және сорт жаңғырту жұмыстарын жүргізуге бұл көлем толық жеткілікті.
Облыс шаруашылықтарында көктемгі егіс-дала жұмыстарын жүргізу үшін барлығы 14,5 мың трактор, 5500 себу агрегаты (16,5 астық сеялкасы), 1022 жоғары өнімді егіс кешені мен басқа да егіс және топырақ өңдеу техникалары жұмылдырылатын болады. Қазірде олардың дайындық деңгейі 94 пайызды құрайды. Жыл басынан бері облыс агроқұрылымдары жалпы құны 1,4 млрд. теңгенің 169 техника бірлігін сатып алды. Алдын ала болжам бойынша егіске дейін облысқа жоғары өнімді егіс кешендерінің 30-дан астам бірлігі келіп түседі. Биылғы жылдың егіс науқанында осындай өнімді техникалардың 1050 бірлігі қатысып, егістік алқаптардың 75 пайыздан астамына тұқым сіңіретін болады.
Көктемгі егіс-дала жұмыстарын жанар-жағармай материалдарымен, соның ішінде бірінші кезекте дизель отынымен уақтылы қамтамасыз етудің маңызы зор. Тұтас көлемдегі науқандық дала жұмыстары үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне барлығы 70 мың тонна дизель отыны, 11 мың тонна бензин және 3,2 мың тонна мотор майлары қажет болады. Бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолында бары – 28 мың тонна немесе қажеттіліктің 40 пайызын құрайтын дизель отыны және бензиннің 53 пайызы мен мотор майларының 50 пайыздық қоры. Оларды жедел толықтыру шаралары қарастырылуда. Ел Үкіметі Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарынан егіс жұмыстарының қажетіне қосымша 65 мың тонна жанар-жағармай бөлді. Тығыздығына байланысты дизель отынының бағасы әртүрлі, бірақ 95 теңгеден аспайды. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жеткізуші операторлармен 22 мың тонна дизель отынына келісімшарт жасады. Алайда, оған төлем жасауда асығар емес, әзірге 6,5 мың тонна дизель отынына ғана өтем жасалды. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жанар-жағармай сатып алуға келісімшарт жасау жайы және, әсіресе, оның төлемінің жағдайы өте нашар. Бұл бағыттағы жұмысты жедел жандандырып, жанар-жағармай қорын толықтыруымыз керек. Өйткені, егіс науқаны найқалып, уақыт оздыруды күтпейді, ырыс дәні танапқа агротехникалық қолайлы кезеңде енгізілуі керек.
Биылғы жылдың көктемгі-дала және орақ жұмыстарын кредиттеу үшін “ҚазАгро” АҚ-ның қаржылық институттары 9 бағдарлама бойынша оларды қаржыландырудың шарттарын жасады. Соның ішінде 4 бағдарлама “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ-ы арқылы, екі-екі бағдарламадан “Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры” АҚ-ы мен “Азық-түлік корпорациясы” ҰК” АҚ-ы арқылы қаржыландырылып, “ҚазАгроФинанс” АҚ-нан лизингке ауыл шаруашылығы техникаларын ала алады. 8 айдан 36 айға дейін қарастырылған қаржыландыру мерзіміне байланысты сыйақы ставкалары 4-тен 9,5 пайызға дейін құрайды.