Өткен сенбі күні 1-ші лигада өнер көрсететін жергілікті “Қызыл-Жар СҚ” Қызылорда облысының “Қайсар” футбол командасын қабылдады. Облыс әкімі Самат Ескендіров жанкүйерлер мен қос команданы жаңа футбол маусымының ашылуымен құттықтап, допты ойынға қосты. Ең үздік ойыншыға облыс әкімінің сыйлығы берілетіндігі ойын басында жария етілді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жаңа маусымдағы кездесулерін жақсы бастаған “қызылжарлықтар” бұл ойында да жақсы нәтиже көрсетті. Кездесудің бірінші таймында алма-кезек шабуыл ұйымдастырғанымен, қос команда футболшылары гол соға алмады. Ойын бойы қарсыластың қақпасын қайта-қайта шабуылдаған қызылжарлық Александр Загура екінші таймның 7-ші минутында нысананы дәл көздеді. Есеп 1:0.
Ойын соңында облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин үздік өнер көрсеткен Александр Загураға сыйлықты табыстады.
Жанкүйерлер Ақтаудың “Каспий” командасымен болатын кубок жолындағы ойынды сәуірдің 17-сі күні “Қарасай” стадионында тамашалай алады.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.