«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС ИМАМ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Белгілі жазушы Төлен Әбдіктің “Таласбай” деген әңгімесі бар. Оның кейіпкері – әңгіменің атауына айналған молда. Тағдырдың тауқыметін тартқан-ақ адам: “Дін – апиын” деген заманның заңына сәйкес қуғын-сүргінге ұшыраған. Абырой болғанда, бір Алла оны сақтап қалған: Колымадан да аман-сау оралыпты.
Ата-бабалары сияқты оның ұрпақтары да Алланың ақ жолынан жазбайды. Осыдан он күн бұрын – дәл жұма күні – ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы болып тағайындалған Кенжетай қажы Дүйсенбай – міне, осы Таласбайдың немересі. Оның барынша білімді екенін де білеміз: атақты әл-Азһар университетінде 12 жыл оқыған.
Тағайындала салысымен іссапармен Астанада болған, одан оралысымен облысымызда бір-екі жиналыста төбе көрсеткен жаңа бас имам өткен жұмадағы жүздесуін БАҚ өкілдеріне арнады. Журналистер алдымен жат ағымдарға қарсы күреске қатысты сұрақ қойды. Бас имам елімізде 17 жат ағымға тосқауыл қойылғанын айтты. Ал бұл күрестің уағыз арқылы ізгі әдіспен жүргізілетінін білдірді.
Көлденең адамдарға қайырымдылыққа келгенде шіркеулердікі көп, мешіттердікі жоқ сияқты болып көрінуші еді. Бұған мынадай жауап алдық: былтыр орталық мешіт 700 мың теңгенің көмегін көрсетіпті. Бас имам қызметіне кіріскен алғашқы аптаның өзінде 3 адамға көмек беріпті.
Әрине, жаппай құрылған “Зекет” қорының жұмысы да қаламдастар назарынан тыс қалмады. Өңірлік “Зекет” қорына 2 миллион теңгедей қаржы түскен екен. Бұл сома 7 адамға жалақы тағайындауға мүмкіндік беріп отыр, деді бас имам.
Баспасөз мәслихатында қойылған сауалдар аз болған жоқ: мешіттің ішінде суық қолын сұғатындарға жол бермеу, сыртта, қақпа түбінде тұрған қайыршыларға садақа беру-бермеу туралы айтылды.
Жұмадағы жүздесу соңында бас имам жиынға тоғысқан журналистерге алғысын арнап, мұндай кездесудің жүйелі сипат алатынына сендірді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp