«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ОРТАЛЫҚ – ЖҮРГІЗУШІЛЕР ИГІЛІГІНЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ғасыр Айыртау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – ауданымыздағы іргелі кәсіпорындарының бірі. Оны көп жылдан бері тәжірибелі басшы Валентин Лыткин басқарып келеді.

 

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Серіктестікте 132 адам жұмыс істейді, олардың орташа жалақысы 52 мың теңгені құрайды.  

Мұнда соңғы екі жылдың ішінде “К-700” маркалы трактордың агрегаттарын, “ЯМЗ-236”, “ЯМЗ-238”, “ЯМЗ-240” маркалы тракторлардың және “КамАЗ” автокөліктерінің моторларын жөндеуге арналған цех ашылып, жұмыс істеуде.

Сонымен қатар 2013 жылдың қаңтарынан “Зигзаг” маркалы тырма жасау цехы да жұмыс істей бастады. Қазіргі кезде аталмыш цех тәулігіне 10 тырмадан жасап шығаруда.

 

Аудан тұрғындарының қажеттілігі үшін серіктестікте ағаш өңдеу цехы да жұмыс істейді.

Валентин Лыткиннің айтуынша, биыл серіктестік аумағына 300 шаршы метр алаңға жылыжай салу жоспарланып отыр.

Ендігі, міне, уақыт талабына орай аталмыш кәсіпорынның базасынан барлық маркалы автокөліктерге арналған техникалық байқау орталығы ашылып отыр. Заманауи үлгідегі қондырғылармен жабдықталған техникалық байқау орталығының салтанатты ашылу рәсіміне аудан басшылары қатысты.

Содан соң орталықтың таспасы салтанатты түрде қиылып, жиналған қауымға техникалық байқау орталығының жаңа қондырғылары таныстырылды.

Жаңа орталықта қосымша үш жұмыс орны ашылып, онда тәжірибелі мамандар жұмыс атқаруда. Олар автокөліктерді техникалық байқаудан өткізудегі барлық техникалық іс-әрекеттерді жұртшылық назарына көрсетті. Бір автокөлікті жарты сағаттың ішінде заманауи үлгідегі қондырғылармен толығымен тексеріп, компьютер арқылы көліктердің техникалық байқаудан өткендігі, өтпегендігі туралы ақпарат алуға болады.

Орталық жаңа “ГАЗель” маркалы автокөлікпен жарақталған. Бір қолайлы тұсы – орталық мамандары ауданымыздың шалғай елді мекендеріне арнайы көлікпен шығып, техникалық байқау өткізеді. Бұл, әрине, шалғайдағы елді мекендердегі тұрғындар үшін де қолайлы.

Айыртау ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp