«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАЙ ЕЛДІҢ ӨЗ “БАС АУРУЫ” БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Еуропадағы қазіргі экономикалық күйзелісті сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, “дағдарыстың бірінші толқыны”, “дағдарыстың екінші толқыны” деген сияқты болжам жасауда. Шындығында, әлем экономикасын күйзеліске ұшыратқан бұл құбылыс 2008-2009 жылдардағы америкалық ипотекалық дағдарыстың созылмалы салдары екені анық. Мұхиттың арғы жағынан бастау алған қаржы дағдарысы Кәрі құрлықтың көне мемлекеттерінің дамыған экономикасын тұралатып тұр.

АҚШ-тың президенті Барак Обаманың жыл сайын өз еңбекақысынан ел бюджетіне 20 мың долларын қайтарып беру туралы шешімге келгені осы елдің де маңдайы шылқып тұрмағанын білдірсе керек. Бұл оның елдегі бюджеттік шығындарды азайту жөніндегі шараларға қосқан үлесі болып табылады. Қазір АҚШ президентінің жылдық жалақысы 400 мың долларды құрайды, ол заңмен белгіленген және өзгертілуі де мүмкін емес. Оның бюджетке жалақысының бір бөлігін қайтаруын табыстары азайған өзге мемлекеттік қызметшілерге көрсеткен ынтымақтастық белгісі деуге болады. АҚШ-та үнемдеу шаралары осы жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енді. Жалпы 30 қыркүйекте аяқталатын биылғы қаржылық жылдың соңына дейін федералдық бюджет шығындарын 85 млрд. долларға азайту жоспарлануда. Федералдық бюджеттің шығыс баптарын осылайша еріксіз түбегейлі азайту секвестр деп аталады, америкалықтардың кезекті жат сөзге үйренбеске амалы қалмады.

Ал Кипрдегі қаржылық шектеу тағы ұзартылатын болды. Онда капитал қозғалысына 28 сәуірден енгізілген шектеу бір аптаға ұзартылды, деп хабарлады елдің орталық банкінің өкілі Янгос Димитриу. Десе де, шектеу шарттары тағы жұмсартылды – реттеушімен келісімді қажет етпейтін ымыралар сомасы 5 мыңнан 25 мың еуроға дейін өсірілді. Сол сияқты чектерді айына 9 мың еуроға дейін қолма-қол ақшаға айырбастауға рұқсат етілді. Дей тұрғанмен, Кипр банкоматтарында тәулігінде 300 еуродан артық ақша алуға болмайды, ал елден тысқары бір адам 1 мың еуродан артық алып шыға алмайды. Бұрын ел билігі шоттағы қаржыны жаппай алып шығуды тоқтату үшін шектеудің көп болса бір аптаға қойылғанын мәлімдеген болатын. Капитал қозғалысына шектеу қою шешімі аралдық елдің билігі еуропалық кредиторлармен келіссөз барысында қабылданды, онда олар елдің 10 млрд. еуро ақша-кредиттік бағытын қолдаған еді. Есесіне Никосия банктерді қайта құруға байланысты шарттармен келісті.

Еуроаймаққа енбей, өз фунтын сақтап қалған Еуроодақтың белді мүшесі – Ұлыбританияда бөлшек сауда бағасы көтеріліп отыр. Биылғы наурыз айында бөлшек сауда бағасы өткен жылғыдан 1,4 пайызға, ақпан айына қарағанда 1,1 пайызға өсті. Негізгі 3,5 пайыздық өсім азық-түлік тауарларында, ал азық-түліктік емес тауарлар небәрі 0,2 пайызға ғана көтерілді, дегенмен оның өзі 2011 жылғы желтоқсаннан бері байқалмаған қымбаттау саналады. Бірақ осы инфляциялық қысым тұтынушылық сұраныстан емес, фунттың әлсізденуінен туындап отырғанға ұқсайды. Биыл фунт еуроға қатысты шамамен 4,5 пайыз әлсіреді, ол осы жылғы иенадан кейінгі екінші нашар нәтиже болып табылады.

Әр елдің өзіне жетерлік бас ауруы бар десек те, қаржы дағдарысынан қатты сорлап жүргендердің бірі Испания болып отыр. Испания үкіметі биыл бюджет дефицитін жалпы ішкі өнімнің 4,5 пайызы деңгейінде сақтап қала алмайтынын мойындады, ал оның мақсатты деңгейі бұдан анағұрлым жоғары болмақ. Ал Еурокомиссияның болжамы, тіпті, көңіл көншітпейді, ел бюджетінің дефициті биыл 6,7 пайызды, ал келесі 2014 жылы 7,2 пайызды құрайды деп болжануда.

Ал жапондықтардың басы дефляциямен қатып отыр. Бүгінде Күншығыс елі, міне, осыдан зардап шегуде. Жапония банкінің басшысы Харухико Курода дефляцияны жеңу үшін кез келген мүмкіндікті пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді. “Біздің монетарлық саясатымыз өте агрессивті болмақ, нарықта өзіміздің көздеген мақсаттарымыздың маңыздылығын дәлелдеуіміз керек”, – деді банкир. Оның мәлімдеуінше, Жапония банкі екі жылда 2 пайыздық инфляцияға қол жеткізуді көздейді. 2013 жылдың соңында ел экономикасын 1,07 трлн. доллармен ынталандыруды жоспарлап отыр. Осы қаржының бір бөлігі жабылу мерзімі үш жылға дейінгі мемлекеттің борыштық міндеттемелерін сатып алуға жұмсалады.

Лондон үшін тағы бір қолайсыз жай, америкалық банктер Еуроодақта дайындалып жатқан банкирлер бонусына шек қоюға байланысты Лондонда еуропалық, таяу-шығыстық және африкалық бизнестің бас кеңселерін орналастыруға қауіптенеді. Олар одан гөрі бизнес орталықтарын Дубайда немесе Мексика шығанағының қаржылық орталықтарының бірінде ашқанды қолайлырақ көретін түрі бар. Лондон бонустарды шектеуге бекерге қарсы келмеген екен, қаланың қаржылық астана мәртебесінен айрылуы мүмкін. Жаңа ережелер бойынша келесі жылдан бастап банкирлер бонусының көлемі тіркелген жалақыдан аспауы керектігі жөнінде шектеу қойылған.

Осы келтірілген мысалдардан аңғарылып отырғанындай, қазір Еуроаймақта ғана емес, бүкіл әлемде экономикалық сауықтыруды бастауға арқа сүйер “тіреніш” жоқ деуге болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp