«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР ҚЫЗЫҚ ЖАРЫҒЫМЕН, ТҮНЕКПЕН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
Халықаралық Түркі поэзиясы және
Абай поэзиясы фестивальдарының
лауреаты.

Белгілі ақын Бақытжан Тобаяқов 1953 жылғы 21 сәуірде қазіргі Алматы облысында дүниеге келген. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ мемлекеттік техникалық, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттерінде білім алған. Академик Ш.Шөкин атындағы Энергетика ғылыми-зерттеу институтында, мемлекеттік органдарда, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеген. Қазір Астанадағы “КЕGОС” Ұлттық компаниясында менеджер.
Бақытжан Ошақбайұлы – Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, Халықаралық Түркі поэзиясы, Абай поэзиясы сыйлықтарының иегері. “Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі”, “КСРО өнертапқышы”, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының мүше-корреспонденті, “Мәдениет қайраткері”, “Алматы облысы Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы” атақтарына ие.
Ақынның алдағы мерейтойы қарсаңында редакциямызға жолдаған бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Тәуелсіздік  тәжі

 

Азаттыққа ата-бабам ғұмыр бойы
шөлдеген,
Қаптап жатсын жауларым,
Таптап жатсын бауларын,
Сонда-дағы жаны сірі, өлмеген
Қазағым-ай, ғажабын-ай бүгінде
Бұрын-соңды көрмеген,
Отырмыз ғой төбеде сен, төрде мен.

Түрленгендей балмағыздай байтақ
менің мекенім,
Бүрленгендей бұтақтарым,
далиғандай етегім.
Бұлағайлы-толағайлы күшпенен
Көрерсіңдер, шынар-шыңға жетемін.

Байсың қандай қазыналы жерлерім,
Елімменен, сенімменен мен де
бүгін ерледім.
Сардарлармен, сарбаздармен
сайдақтай
Өр биікке өрмеледім, өрледім.

Айқын қандай айпаралы Астанам,
Сүйсінеді тұрпатына кәрі менен
жас балам.
Шарықтайды, қалықтайды көгінде
Алқау тілек, алқын жүрек асқақ ән.

Жиырма жылым зымырандай
өтті бек,
Ұшпағына ұшқан құстай жетті деп.
Тәуелсіздік таңыменен туғандар
Қомданғандай, сомданғандай текті лек.

Артта қалды айқастарым, шайқасым,
Қуғындалды, қырғындалды сай-тасым.
Ендігіде емен-жарқын елімнің
Көк байрағын көпсінгендер байқасын.

Қайран ерлер, Сәкен, Мағжан – серкелер,
Алашымның төріндегі еркелер,
Құрбан болды азаттықтың жолында,
Ұрпақтары жоқтатпайтын тер төгер.

Ахметтей, Әлихандай ардақтар,
Мұстафадай, Жаһаншадай саңлақтар
Елі үшін еңіреген боздақтар,
Жолдарынан таралғандай тармақтар.

Мұхтариятты құрды олар алғашқы,
Ақ пен қара әбжыландай арбасты.
Отаршылдық пиғылды кіл албасты
Сәргерлердің етегінен жармасты,
Аярлықпен аңдып жүріп соңыра
Атты, айдады, аямай-ақ дарға асты.
Еһ, көрді сондай зұлматтарды қырандар,
Мұраларын мұрағаттан сұраңдар.
Олар тіккен тулар енді қисаймас,
Арттарында желкілдеген ұлан бар.

Тәубе деспін, зәуде ешбір жығылмас,
Жау біткенің шекарама сұғынбас.
…Тәуелсіздік! Тәу етемін мәңгілік,
Мәңгі осыны сертке тағып ұғын, жас!

***
Көңіл-құс қияндарға шарықтайтын,
Көк жүзін аралайтын, қалықтайтын.
Бұл фәни бір-ақ сәттік ғұмырыңды
Ұрпағың болар, бәлкім, анықтайтын.

Ұл болса, Ұрымыңдай ұлан-ғайыр,
Қыз болса, Қырымыңдай қыран-дайыр.
Жан-жақтан жыл құсындай жиналғанда
Шалқыған көңіліңмен жыр-ән байыр.

Қыз деген өрісің ғой өнегелі,
Кеңейтер керегені, кенерені.
Жалғайтын сан тарапты, шартарапты,
Жат жұрттық дейтін сөз бар көнедегі.

Баланың бәрі бірдей барқадарлы,
Бұтағы бүтін қазақ арқаланды.
Құлпырар ұрпағымен пенде шіркін –
Өмірі сан салалы, әр тарамды…

МАҒЖАН АҒА 

Кескіні керім, кербез кемелдердей,
Естіні таң қалдырар кемеңгердей.
Мағжан аға – алаштың маңмаңгері,
Туған жерге бойлаған емендердей.

Жасынан тәрбиелі, ақыл көзді,
Басынан асырмаған ғапыл сөзді.
Мағжан аға маңайын жарқыратқан
Нажағайдай наркескен батыл тез-ді.

Жонында жортатұғын ақ бөкені,
Сасықкөл мен Сартомар ақ мекені,
Жала жапса нақақтан бақ кетеді.
Әлі күнге көкейден кетпес сұрақ:
Қай жерде оған мылтықпен атты екені.

Қызылжар – қырмызы өлке, қарағайлы,
Көңіл-құс ақын жерін аралайды.
Торқалы топырағы, суы шәрбат,
Тудырған Мағжан тектес нар ағайды.

Тежемнен шықса деймін атым семіз,
Ежелден ақын менен ақын егіз.
Мақаң мен Есениндер – замандастар,
Жырлары бір-бірімен жақын деңіз.
Жырлаған олар қайың ақ балтырлы,
Артына өшпес мұра, ат қалдырды.
Аямай бар асылын елдері үшін,
Мерт болып қапияда тапқан қырды…
***
Дариға, жыр-сусынын татам балдай,
Бар ма екен бекзат жандар Мақаңдардай?
Туған жердің әр тасы ағашымен
Ақынның есімімен аталғандай.

Жастандық “Баян батыр” дастанымен,
Өлеңнің ұшар биік асқарымен.
“Қойлыбай қобызымен” – озығымен
Алаштың ашылғандай аспаны кең.

Дегенде атбек қандай, ұстаз қандай,
Ақындық тәлімдікпен ұштасқандай.
Оқулық жазған шандоз ұрпағына,
Елдес пен Жүсіпбек тұстастардай.

Ендігі елім қандай, белім нардай,
Егемен болдық бүгін, керім жандай.
От-алау жақты өрен оғландарым,
Ортада Мағжан-ақын серім бардай.

Көк Туды олар көкке желбіретті,
Егілтті тамам жұртты, елжіретті.
…Ғайыптан ғарыш асып келген Мақаң
Елінің ертеңіне елбірепті.
***
Абайдың шешен сөзі кемел батам,
Алаштың көсемдері – егем атан.
Сақтаңдар Мұқтарды деген Ахаң,
Сақтаңдар Мағжанды деген Жақаң.

Сақталды біреуі тек сағы сынбай,
Айналды кең арнаға-ағысындай.
Екіншім сақталмады, ғайып болды,
Арманы арда кеткен арысымдай.

Оқыдық Кәкішевтей-әкемдерден,
Дос еді Мағжан-ақын Сәкендермен.
Шырқайын әнін біздер екеуінің,
Досым-ау, домбыраны әкел бермен.

…Бүгінде мардам қанша, талғам қанша,
Салайық әнді, қалқам, Мағжандарша.
Лаулайық ағалардай Отан үшін,
Халайық, жалғыз жаңқа қалғандарша!

 

ЖҰМАБЕК
ТӘШЕНОВ

Ашылды тарихымның бар қақпасы,
Асылдың болар әр кез нар жақтасы.
Жұмекең жұлдыздайын жарқыраған
Қазақтың маңдайалды марқасқасы.

Кеңестік кезеңде құл тайтаңдады,
Көсемдер көсем сөзді айта алмады.
Жұмекең қиып түсер қылыш сөзбен
Алаштың ардакүрең майталманы.

Әлемге айғайлатып атым барды,
Пәленде жерім менен затым қалды.
Жұмекең ақ жалды арыстандай
Қарамай қазған орға атылған-ды.

Дау шықса, басатұғын батпан келім,
Жау шықса, бетегейден аттан дерім.
Жұмекең топты жарған Толағайдай
Аймаңдай асылзатты ақтаңгерім.

…Елді іздеген небір мансап төрінде,
Бергізбеген желікбасқа жерін де.
Туар ма Жұмекеңдей Таңшолпан
Қазағымның қара аспанды көгінде!

 

***
Саябақ. Қыс. Талдары жұтап тағы,
Ақтаңылтақ тартқандай бұтақтары.
Қылаулаған ақ қардан моншақ тізіп,
Сырға тағып алғандай тұтас бәрі.

Ақ ұлпа қар жүзімді аялағын,
Ақ күмістей жылтырап саябағым.
Таңғажайып табиғат суретіне
Таң қалғандай тал біткен саяладым.

Арқадағы аяз-ай арқыраған,
Ақтүтекті бораны-ай қар тулаған.
Саябақтың бұқпалау бұтағында
Қараторғай қалыпты қалтыраған.

…Қалтырама торғайым, қалтырама,
Қалтылдаған шалдардан хал сұрама.
Келер кезең саған да кейіттердей,
Мына қысың ұзақ па, сәл тұра ма?..

ҒАБЕ 

Хас қырандар шыңдарға келер қонғысы,
Ғабеңдер болды сол қырандардың оңдысы.
Қаламынан шықты небір жауһарлар,
Алыптардың іздерін басқан соңғысы.

Шын асылдар мәңгілік ғұмыр сүрмей ме?
Кейіпкері түсімде де жүр кейде.
Сәкендейін сері қалды көңілде –
“Кездеспей кеткен бір бейне”.

Атар-ау талай рауандап қызыл қыр таңы,
Ғабеңдер еді жігіттің бекзат сұлтаны.
Қазақтың қызын көгілдір көкке көтерген,
Ұлы ғой, шіркін, шығармасы оның – “Ұлпаны”.

…Кітабы, бақсақ, айналды қат-қат
текшеге,
Жаһанға мәшһүр жаңбырлар төпеп
төксе де.
Ғабеңнің ізі әлемнің жүзі дейік те,
Жүз жылдар тұрмақ, мың жылдар
зулап өтсе де!

***
Өмір болмас тұтастай ерлік тізбе,
Абайдың жасына ғой келдік біз де.
Қайда сол бір махаббатқа мас жылдар,
Сарғайдық та шау тарттық, ендік күзге.
Енді оралмас алғаусыз албырт шағым,
Мосқалданған бүркіттей салғырттамын.

Айта алмаймын ғұмырым сірә мәнді,
Көрдік небір шырғалаң, бұралаңды.
Шайылса да өзенге қайран жылдар,
Өзімменен серіктей жыр аман-ды.
Сақтаймын ғой сырымды осы өлеңде,
Тіршіліктің мәні де, хошы өнерде.

Базардағы нарықты жебір бұлдар,
Жақтырмайды ақын деп небір мұндар.
Мүбарактай мөп-мөлдір, о, дариға,
Қол бұлғайды арттағы сеңгір жылдар.
Селт етемін түсімнен оянғанда,
Тірлігіне адамзат тоя алған ба?..

Келмес енді көктемім, жаз қарайта,
Қайрылмайды, қарашы, қаздар қайта.
Қатар ұшқан аққулар қақ төбемнен
Мұңлы әуенді сыңсиды саздар айта.
Санам менің сарсиды сарғайғаннан,
Тек жырымнан байырғы қалғандай мән.
Өрекпіген өтті ғой құштар күнім,
Таң сібірлей тыңдаушы ем құстар үнін.
Бәйгелерде шаң бермес ардакүрең
Атымды кім ендігі ұстар бүгін.
Сергелдеңді, серуенді ұмытпайын,
Енді ұлағат тарихты ұлықтайын…

  ***
Аңсағаным – іңкәр сезім, жан дауа,
Тамсанамын тамылжыған таңға да.
Неткен сурет, айналаңа қарасаң,
Жар саламын, өтем бе өстіп таң қала.
Өз-өзімнен күбірлеймін, күпсінем,
Жүргендеймін пейіштердің үстімен.

Қуыстанам өз ішіме тығылып,
Жуыспаған пендәуиді ұғынып.
Аспандағы Айды әпермедің деп,

Туыс маған салады ғой қиғылық.
Көндігемін айтар сынды көпсінбей,
Кетбұғыдай кер заманды кештім кей.

Көңіл бұзық, оқыс ойдан дір еткен,
Өмір қызық жарығымен, түнекпен…
Астымдағы-үстімдегі байлықты
Жемір сүзіп, жұлымырдай күнелткен.
Наушаруандай әділ қашан қонар-ау,
Мың асқанға бір тосқандар болар-ау!

Есілім

Арнасынан асып Есіл ағады,
Жағасында жасыл өсіп алабы,
Айналайын, абат Атамекенім,
Сенен көрдім жердің ыстық екенін.
Айдыным да өзі, айбыным Есіл,
Тарқатады талмай қайғы-мұң Есіл.

Кенересі керім, Есілім-өзен,
Керегесін керіп көсіліп өлең, –
Ағысынан алып шабыт бастауын,
Ағытайық ән-жыр шешіліп ерен.

Толқындары қандай бұйраланады,
Жан-жағына құрыш құйған алаңы.
Ғашықтарым ғажап жұптасқан қаздай,
Өнегемен өрен сыйға қалады.

Қатар түзген қала ғимараттары,
Гүлзарлары бейне Иран бақтары.
Аққулары келер Қорғалжын көлден,
Ақ жұпарын керіп Қима жақтағы.

Ақ шағала қонар айдынға Есіл,
Жалпақ елге қанат жайдың ба, Есіл?
Қатар жүзер сендей ерке өзенмен,
Сақадайын лайық саймын ба, Есіл?..
 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp