«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТТАНЫС АЛДЫНДАҒЫ АҚЫЛДАСУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында 2013 жылғы көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізу мәселесі қаралған агрокеңес өтті. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен алқалы жиынға көктемгі егіс жұмысының уақтылы және сапалы өтуіне тікелей қатысы бар ғалымдар, мамандар, басшылар және инвесторлар қатысты.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Алқалы жиынға қатысушылар алдымен театр алдындағы алаңда солтүстікқазақстандық аграршылар жетістіктерінің көрмесін тамашалады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың хабарламасында айтылғандай, үстіміздегі жылы егіс алқабы 4 миллион 338 мың гектарды құрайды. Соның ішінде 3 миллион 620 мың гектары дәнді дақылдардың үлесінде. Жалпы көктемгі егіс жұмысы алдындағы топырақтың ылғал қоры оңтайлы және жеткілікті. Көктемгі егіс жұмысын уақтылы өткізуге машина-техника паркінің даярлығы 94 пайызды, жанармаймен қамтылу 40 пайызды құрап отыр. Көктемгі егіс жұмысына өңір диқандарына 70 мың тонна дизель отыны, 10 мың тонна бензин, 4 мың тонна дизель майы қажет. Айдарбек Сапаровтың сөзіне қарағанда, тұқыммен қамтамасыз етілу – 100 пайыз. Бұл мәліметті нақтылаған облыс әкімі Самат Ескендіров бірқатар агроқұрылымдардың тұқыммен шарт бойынша, яғни қағаз жүзінде ғана қамтылғандығын анықтады.

 

Өткен жылы жер түгендеу жұмысы 3 ауданда жүргізілгенін тілге тиек еткен Айдарбек Сапаров биыл дәл осындай жұмыс 5 ауданда қолға алынатындығын жеткізді. Облыстың агроқұрылымдарына мал дәрігерлері, инженер, машинист-тракторшы сияқты мамандар қажет екендігі айтылып, ауыл шаруашылығында қызмет етіп жүргендердің еңбекақысының төмен екендігі сөз болды. 2013 жылдың қаңтар-ақпан айларында орташа жалақы 42 мың теңгені құраған. Бұл облыстық көрсеткіштен – 38 пайызға, ал республикалық көрсеткіштен 2 есе төмен. Сондай-ақ агрокеңес барысында Айдарбек Сапаров жанармай, минералдық тыңайтқыштарды жеткізу жұмысын жеделдетіп, мемлекеттің көрсетіп жатқан қолдауын агроқұрылымдар арасында кеңінен насихаттауды, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеуді сапалы жүргізу қажет екендігін тағы бір мәрте қадай айтты.

Агрокеңес барысында ғалымдар да сөз алды. Олардың қатарында “Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС-нің бас директоры Валентин Двуреченский, “Бараев атындағы дәнді дақылдар шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы” РММ-нің директоры Жексенбай Қасқарбаев агроқұрылым жетекшілеріне технологияларын таныстырып, олардың қойған сұрақтарына жауап берді.

2013 жылдың жағдайына қарай көктемгі егіс жұмысын жүргізу ерекшеліктерін баяндаған “Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы” ЖШС-нің директоры Белгібай Қанафин аталмыш науқан жылдағыдай 16-30 мамыр аралығында жүргізілгені жөн деді. Ал мал азығы мен жемазықтық дақылдар маусым айының алғашқы онкүндігінде, көпжылдық жемазықтық дақылдар мамыр айының алғашқы онкүндігінде себілмек. Аграршыларды ауа райы жағдайымен таныстырған “Қазгидромет” РММ-нің СҚО бойынша филиалының директоры Қымбат Мерғалимованың айтуынша, алдын ала болжамдарға сәйкес вегетациялық кезеңнің бірінші жартысы егіс үшін қолайлы болады деп күтілуде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp