«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАНДАРДА ӨТКІЗІЛГЕН ПАТРИОТТАР ФОРУМДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан “Елімнің тағдыры – менің тағдырым!” патриоттық форумы ұлт ақыны – Мағжан елінде де жалғасын тапты. Айтулы іс-шараға аудандық мәслихаттың депутаттары, Булаево қаласы мен ауылдық округ әкімдері, ардагерлер және этномәдени ұйымдардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері мен белсенді жастар қатысты.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,

журналист.

Шара басталмас бұрын қонақтар назарына мектеп оқушыларының қолөнер және “Подлесок” клубының әдеби көрмесі ұйымдастырылды.

– Мың құбылып тұрған әлемде еліміздің нық қадам басып, зор табыстарға жетуі, оның ішінде ауданымыздың дамуы, күн санап өркендеуі қарапайым халықтың ерен еңбегінің арқасы, – деген аудан әкімінің орынбасары Ермек Бәкіров елімізде болып жатқан оң өзгерістерге тоқталып өтті. Қатысушылар назарына Елбасының сындарлы саясатының арқасында жүзеге асқан арманы жайлы түсірілген “Елімнің тағдыры – менің тағдырым” атты деректі фильм ұсынылды.

 

Сахнаға көтерілген Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, “ЖНВ” ЖШС-нің директоры, “Білім меценаты” атағының иесі Николай Жигалов:

– Біз тамаша тарихи уақытта өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты мен асқан көрегендігінің арқасында толағай табыстарға қол жеткізіп, бүкіл әлем мойындаған алып елге айналдық. 90-шы жылдары Елбасыға сенім артқан қазақстандықтар енді еңбегінің жемісін көріп отыр. Қазақстанның қазіргі жетістіктері бәріміздің біріге жұмсаған күш-жігердің нәтижесі деп білемін, – деді.

Мағжан Жұмабаев ауданының Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Сағындықов өз сөзінде “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Елбасы Жолдауын іске асыру жастарға жүктеліп отырғанын тілге тиек етті. Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылатынына сенімді екенін жеткізді.

№3 Булаево орта мектебінің 11-сынып оқушысы, “Алтын белгіге” үміткер Фарида Қалықова еңбексүйгіштік пен қажырлылық адам баласына ана сүтімен даритын қасиеттер екенін, алға қойған мақсаттарға талпынушылық адамды зор жетістіктерге жеткізетіндігін тілге тиек етіп, бүгінде жас ұрпаққа жүктелген міндетті жүзеге асыруға жауапкершілік қажеттігін айтты.

Шара барысында ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қомақты күш-жігер жұмсап, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Бұл күні мағжандықтар “Ядролық қарусыз бейбіт өмірді талап ететіндеріңді әлем көшбасшыларына айтыңдар” петициясына қолдарын қойып, әлем тыныштығын сақтауға атсалысты.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

* * *

Арайлым МАЙМАҚОВА,

аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы.

Жуырда “Елімнің тағдыры – менің тағдырым!” атты аудандық форум өтті. Шара барысында өз тағдырларын еліміздің тағдырымен тамырлас санайтын спикерлер сөз сөйледі.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған дамудың қазақстандық жолының жетістіктерін отандастарымыздың тағдыры арқылы көрсетуді көздеген шараға қатысқан әр азамат ел тағдырына қандай үлес қосқаны туралы есеп берді.

Шара барысында көптеген шәкірт тәрбиелеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұхамед Шәпенов өз сөзінде:

– Еліме пайдам тигені үшін де бақыттымын. Қадірлі азаматтармен, нағыз патриоттармен бірге еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Біздің еліміз әрбір қазақстандыққа өз армандарын іске асыруға, күш-қуатын пайдалануға, өзін сынап көруге, сөйтіп тәуелсіз, еркін тұлға болып қалыптасуға жағдай жасап отыр, – деп атап өтті.

Ал зор жетістіктерге жетіп жүрген кәсіпкерлердің бірі – Сергей Байдала өзінің тағдырын қазақ елімен байланыстырып, Қазақстан азаматы екендігін мақтанышпен жеткізді.

Өздері туралы әңгіме қозғаған басқа да азаматтар “Отанға сүйіспеншіліксіз алдыңа қойған мақсатыңа және өңірдің дамуына да өз үлесіңді қоса алмайсың!” деген ортақ пікір танытып жатты.

Өткен жолдарын естеріне түсірген ауданның ардагерлері бірінші кезекте жастардың тұрақты білім алып қана қоймай, оны жетілдіріп отыруға ұмтылыс танытулары тиіс екендігіне назар аударды. Олардың сөздеріне қарағанда, адал еңбек пен мақсаткерлік өмірден өз орныңды табуыңа көмектесіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына да оң ықпал етеді.

Аймақтық форум екі кезеңде өткізіледі: біріншісі – аудандық деңгейде, екіншісі – облыстық, Астана және Алматы қалалары деңгейінде. Ең лайықтылар үстіміздегі жылдың 6 шілдесі күні Астанада өткізілетін “Елімнің тағдыры – менің тағдырым!” республикалық форумына жолдама алады.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp