«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ЖАНАШЫРЫНЫҢ СҰРАУЫ АРҚАУ БОЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын насихаттауға байланысты облыстық мәслихаттың депутаты, “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Кәрібай Мұсырман Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, жиналғандарды ұзақмерзімдік бағыт-бағдарымыздың мақсат-мүдделерімен таныстырды. Онда ол, әсіресе, ауыл еңбеккерлерін көбірек қызықтыратын шағын және орта бизнесті дамыту, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға байланысты оң іс-шараларды қолға алу, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрғындарды еңбекпен қамту мен ауыл еңбеккерлерінің орташа жалақысын көтеру және мемлекеттік тіл өрісін кеңейту мәселелеріне толығырақ тоқталды. Осы бағыттардағы алға қойылған міндеттердің нақтылы ауыл жағдайындағы жүзеге асырылу жайын сөз етті.

 

Жолдауды түсіндіруге арнаған кездесудің кең ауқымды ашық әңгімеге ұласуына бүгінде облыс орталығында қызмет ететін осы ауылдың тумасы Таласбай Мұсабаевтың депутатқа мұндағы кейбір әлеуметтік мәселелерге сұрау салуының әсері болды. Онда ол ауылдың Петропавл – Сергеевка тас жолына қосылатын 7 шақырым грейдер жолының ондаған жылдар бойы дұрыс жөндеу көрмей отырғанын, ауылда мәдениет ошағының жоқтығын және таза ауызсу мәселесінің шешілмей отырғанын сөз еткен еді.

Аудан тұрғындарының аманатын арқалаған депутат осы көтеріліп отырған мәселелердің дұрыстығына тоқтала отырып, жиналғандарға өңірдің жаңа басшысы Самат Ескендіровтің облыс жолдарын тәртіпке келтіруге айрықша назар аударып отырғанын және оған қыруар қаржы бөлінетінін айтты.

– Бұл жұмыс алдын ала жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, күні бұрын жоспарлануы керек. Сондықтан Жаңажол ауылының жолы биылғы жылдың бюджет қаржысына жөндеу жоспарында жоқ. Сол себепті оны тек жергілікті шаруа қожалықтарының көмегімен ғана тәртіпке келтіруге болады. Ауылдан алыс емес, небәрі 5 шақырым жерде ескі құмтас карьері бар. Шамамыз келгенше одан қиыршық тас пен құм алып жолға төсеуімізге де болар еді, бірақ оған экологтар рұқсат бермейді. Оны табиғат қорғаушылармен келісе отырып шешіп, жергілікті материалды игілігімізге жаратсақ жақсы болар еді, – деді ауылдық округтің әкімі Мейрам Сүлейменов. Әрине, табиғат заңмен қатаң қорғалады, дегенмен, ортақ іс үшін оның оңтайлы жолын табуға болатын шығар деп ойлаймыз.

Бұрындары 350-ге жуық түтіні бар бұл ауылда екі қабатты зәулім Мәдениет үйі ғимараты да тұрғызылған еді. Отбасылары саны үш есеге жуық азайған ауылда қазір мәдениет ошағы мүлде жоқ. Оның орнында үйіндісі ғана қалған. Ауыл жанашыры Таласбай Мұсабаевты ашындыратыны да осы, бір кездері ғимаратты шамалы ғана қаржыға жекешелендіріп, өз меншігіне алған жергілікті кәсіпкер оны бұзып алып, енді орнын тазаламай отыр. Ауылдың сиқын алып тұрған үйіндіні жинау ойында жоқ көрінеді. Санэпидстанция тарапынан қолданылып жатқан әкімшілік шараларын елең қылмай жүрген сыңайда. Ал ауылдағы барлық мәдени іс-шаралар мектепте өтеді.

Таза ауызсу мәселесіне қатысты түсінік берген ауылдық округтің әкімі өздерінің биылғы “Ақ бұлақ” бағдарламасына енбей қалғандығын айтты. Оған ауданның басқа екі округі еніпті, Жаңажол келер жылдардың кезегін күтеді. Округке қарасты Есіл өзенінің жағасындағы үш ауылға Құдайдың бергені шығар, осы күнге дейін судан тарығып көрген жоқ. Жаңаталап ауылының тұрғындары, негізінен, бұлақ суын тұтынады. Ал Жаңажол мен Кеңес ауылдарында ауласынан қазып алған құдықтар аз емес. Әрине, “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша көшелерге құбырмен су тартылып, тіпті, оның тұрғын үйлерге еніп жатқанын кім қаламасын?! Ондай әлеуметтік мәселелер шешіліп, тұрмыс одан әрі түзеле түсер күн де алыс емес.

Биылғы мол түскен қар, оның тасқын суы олқылықтардың осал тұстарын көрсетіп берді. Ауылдың басты көшесіндегі жолды су жырып кетті. Округ басшысының айтуынша, ол жерге кең құбыр салынып, жедел жөнделеді. Жаңажол ауылындағы биылғы бір үлкен жұмыс – мектептегі жылу қазандығын сыртқа шығару болып отыр. Оған ауыл құрылысшылары осы айда кірісе бастайды.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Еңбек Исин де қатысып, жаңажолдықтардың көкейкесті мәселелерінің қалай шешілетіндігі туралы пікірін білдірді. Бұл өзі ауыл ахуалын егжей-тегжейлі сөз еткен жиын болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp