“Бота” қоғамдық қорының қолдауымен “Таным” әйелдер қауымдастығы” заңды тұлғалар қоғамы аз қамтылған отбасылардың балалары үшін ақысыз шағын орталық ашты. Орталыққа 3-6 жас аралығындағы балалар аптасына 2-3 рет барып, күніне 4 сағат мектепалды даярлықтан өтеді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Бота” қоғамдық қорының қолдауымен “Таным” әйелдер қауымдастығы” заңды тұлғалар қоғамы 2013 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында “Әр бала мектепке дейінгі тәрбие мен білім алуға лайық” жобасын жүзеге асыра бастады. Жоба бойынша 4 ақпаннан іске кіріскен шағын орталыққа аз қамтылған отбасылардың 40 баласы барып жүр. Аз қамтылған отбасы балаларынан жинақталған шағын орталықта олардың өмірге қажеттіні үйренуіне және жан-жақты дамуына арналған сенсорлық кабинет жабдықталған. Балалармен жұмысқа 2 тәрбиеші және 5 маман тартылған. Олар: логопед, психолог, қазақ, ағылшын тілдері және дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері. Ұстаздар өздерінің әр сабағын жүйелі, мақсатты түрде ұйымдастырып, бүлдіршіндердің қызығушылығын арттыруға бағыттайды.
– Тәрбиешілердің жүйелі жұмысының арқасында бүлдіршіндердің байланыстырып сөйлеу дағдылары қалыптасып, сөздік қорлары молайып келеді. Көпшілік балалар қазақ тілі сабағында өткен сөздерді естеріне сақтап, оны айтуға, мағынасын түсінуге қабілетті екендіктерін көрсетті. Ал кейбірі сөзді әлі қайталай алмағанымен, қимылмен көрсетеді, мысалы, бір затты атасаң, оны қолымен көрсетеді немесе алып келеді. Ағылшын тіліне де балалардың қызығушылығы бар екенін байқадық. Олар әріптер мен дыбыстарды естеріне сақтап, сөздерді дұрыс айтуға тырысады, – дейді жобаның үйлестірушісі Татьяна Семенова.
Үйлестіруші маманның айтуынша, жұмыс істей бастағанына көп бола қоймаса да, балалардың үйренуге деген құлшыныстары қуантарлық. Балғындар күн санап өздерінің қабілеттерін арттырып, ұстаздармен ашық сөйлесуге, ынта-ықыластарын көрсетуге тырысады. Ересектер тобындағы балалар берілген сұраққа нақты, дәлелді, толық жауап беруге ұмтылады.
Бүгінгі күні балалардың көбі дыбыстарды, сөздерді дұрыс айтпайтыны белгілі. Шағын орталықта да балаларға логопедтік зерттеу жүргізілген кезде тілінде ақауы бар 3-6 жас аралығындағы 11 бүлдіршін анықталған. Оларға артикуляциялық және ұсақ моторикаларының даму деңгейлерін, дыбыстау мен сөздердің лексикалық-грамматикалық түзілімдерін жатқызуға болады. Жеке “ш”, “ц”, “щ” дыбыстарын дұрыс айта алмайтын балалармен жеке жұмыс жүргізіледі.
– Психологтің диагностикасы барысында балалардың 60%-нан астамы негізгі түстерді шатастыратыны немесе оларды мүлде білмейтіні анықталды. Кіші топтағы балалардың – 21%-ның, ересектер тобындағылардың 58%-ның дене бітімдері дұрыс қалыптасқан. Барлық балалардың 85%-ның даму деңгейлерінің төмендігі белгілі болды. Қазір балалармен жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Осындай аз уақыттың ішінде балалардың даму деңгейлері жаман емес. Психологтер ата-аналарға балаларын шағын орталыққа бейімделу кезеңінде қолдау көрсетулері үшін ұсыныстар әзірледі, – дейді Татьяна Семенова.
Шағын орталықта өткізілетін дене шынықтыру және сауықтыру шараларына балаларымен бірге ата-аналар да қатысады. Балалардың денсаулығын нығайтуға ықпал ететін жаттығулар мен басқа да шараларды ата-аналар дене шынықтыру пәні мұғалімінің және тәрбиешілердің ақыл-кеңесі, ұсыныстары бойынша үй жағдайларында да қайталайды.
Бүгінгі таңда мемлекеттік балабақшалардың құны 8-11 мың теңге, ал жекеменшік мекемелердікі 30 мың теңгеден жоғары. Коммерциялық шағын орталықтардағы бір сағаттық сабақтардың құны 1200-1500 теңгеден 3-4 мың теңгеге дейінгі аралықта екенін ескерсек, “Бота” қоғамдық қорының қолдауымен “Таным” әйелдер қауымдастығы” заңды тұлғалар қоғамы мүшелерінің аз қамтылған отбасыларының балалары үшін шағын орталық ашуы құптарлық жағдай. Оларды бүгінгі таңда “Бота” қоғамдық қоры қаржыландырады.