Облыстың Сот актілерін орындау департаменті және Ішкі істер департаментінің Жол полициясы басқармасының қызметкерлері бірлесіп мемлекет кірісіне әкімшілік айыппұлдарын өндіріп алу жөнінде акция жариялады.
Акция барысында айыппұлдарын қасақана төлемеушілердің мекенжайларына апта сайын рейдтер өткізілетін болады.
Автокөліктердің ең көп жиналатын аудандары болып есептелетін ірі сауда нүктелері, сондай-ақ Петропавл қаласына кіреберістерде сот орындаушылары жүргізушілердің әкімшілік айыппұлдары бойынша берешектері бар-жоғын тексереді.
Әкімшілік айыппұлдарын қасақана төлемейтіндердің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне қатысты кез келген мәміле жасауына тыйым салынып, автокөліктерді айыппұл тұрағына қою шаралары қолданылады.
Әкімшілік айыппұлдарына тұрғындардың назарын аудару үшін сот орындаушылары “Өздеріңіздің келешектеріңізді ойлаңыздар – уақыт пен ақшаларыңызды сақ-таңыздар – әкімшілік айыппұлдарыңызды төлеңіздер!” деген жазу жазылған парақшаларын Қазақстан Конституциясы көшесінде таратуда.
Акция бір ай бойы және БАҚ қолдауымен жүргізілетін болады.
Солтүстік Қазақстан облысы Сот актілерін орындау департаментінің баспасөз қызметі.