«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БОЛАШАҚТЫҢ” БЕРЕРІ МОЛ, бірақ, оны біздің өңір жастары жете ескеріп жүрген жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан солтүстікқазақстандықтардың көрсеткіші республикалық деңгеймен салыстырғанда 1-ақ пайыз. Бұл мәселе облыстық әкімдіктің кезекті жұмыс тәртібінде өткен жиынына арқау болды.  

Самат ЕСМАҒИ,

журналист.

“Болашақ” бағдарламасы еліміздегі білім сапасының деңгейін айқындайды. Мәселен, жылына Қытай жастарының алты мыңы шет мемлекеттерде оқу мүмкіндігіне ие болса, біздің елімізде – 3 мың. 20 жыл ішінде “Болашақ” бойынша шет мемлекетке 9,5 мыңнан астам қазақстандық аттанса, бүгінгі күні олардың 5,5 мыңы оқуларын тамамдап, елге оралған. 2700-і әлі білімдерін жалғастыру үстінде. Бұл мәліметтерді облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов атап көрсетті. Оның айтуынша, облысымызда 2005-2012 жылдар аралығында “Болашақ” бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерге аттанғандар саны – 128. Қазіргі күні 27 қызылжарлық өрен Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Чехия, Австралия, Германия секілді мемлекеттерде оқып жүр.

 

Оқуларын тамамдап елге оралғандарды жұмыспен қамтуда мәселе де жоқ емес. Олардың дені жалақысы жоғары қызметтерді көздеп, Астана мен Алматы, сондай-ақ шетелдік ірі компаниялар шоғырланған өзге қалаларға кететіні мәлім. Фархад Қуанғанов “Болашақты” бағындырып келген 128 солтүстікқазақстандықтың тек 12-сі ғана бүгінгі таңда облыс орталығында еңбек етіп жатқандығын айтты. Оның үстіне соңғы жылдары шет мемлекеттерде оқуға ниет білдіретіндер саны азайып кеткен.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Оңдасын Әшімовтің айтуынша, қазіргі таңда сыртта осы оқу орнының 31 студенті оқып жүр. “Ниет ететіндер бар, алайда көрсеткіштің төмендеуіне тіл білмеушілік кедергі болады. Қазіргі күні осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз”, – деді ол.

Студенттерге қарағанда мемлекеттік қызметшілердің “Болашақ” бойынша білімдерін толықтырулары әлдеқайда жеңіл көрінеді.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу инспекциясының басшысы Арман Өтегенов түсіндіргендей, мемлекеттік қызметшілердің шетелде білім алулары оңтайландырылған. Олардың тілді меңгеру жөніндегі тест тапсыруларының өзіндік параметрлері бар көрінеді. “Яғни, бір жыл тілді үйрену курсынан өтіп, кейін емтихан тестін тапсырып, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік бар”, – деді ол.

“Болашақ” бағдарламасының қабылданғанына біраз жыл. Алайда, өзге өңірлермен салыстырғанда біздегі көрсеткіш төмен. Облыс әкімі Самат Ескендіров республикалық көрсеткіште біздің еншіміз небәрі 1-ақ пайыз екенін сынға алып, осы бағыттағы жұмысты жандандыруды Білім және Жастар саясаты жөніндегі басқармалардың басшыларына тапсырды. Өңір басшысы жастарға аталмыш бағдарламаны жан-жақты түсіндіру қажеттігіне де тоқталды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp