Кеше өңір басшысы Самат Ескендіров облыстық әкімдікте жұмыс кеңесін өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудандардың әкімдері қатысты.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Біз бүгін облысымыздың әлеуметтік дамуында күрделі болып табылатын мәселелерді күн тәртібіне қойып отырмыз. Бірқатар кәсіпорындардағы еңбекақы жөніндегі қордаланған қарыздың өтелуі бойынша қабылданып жатқан шаралар, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы шеңберінде жобалау-сметалық құжаттар дайындау және 2013 жылдың бірінші тоқсанында жеке құрылыс есебінен тұрғын үй салу жоспарының орындалуы осындай мәселелер қатарына жатады, – деді кеңесті ашқан өңір басшысы Самат Ескендіров.
Бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов хабарлама жасады. Облыс кәсіпорындарының еңбекақы төлеу жөніндегі жұмысына апта сайын мониторинг жүргізіліп отырады. Бүгіндері он бір кәсіпорын еңбекақы бойынша 76,5 миллион теңге берешек, оларда 1365 адам еңбек етеді. Осы кәсіпорындардың тоғызы жұмыс істеп тұр, біреуі банкротқа ұшыраған, ал келесі біреуіне оңалту рәсімі жүргізілуде. Өз қызметкерлері алдында еңбекақы бойынша қомақты қарызы бар кәсіпорындармен қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде, әсіресе, “Трансавто”, “Баско”, “Богви” сияқты ірі компаниялардың атына өткір сын айтылды.
Қызылжар ауданындағы “Бескөл тұқым станциясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 82 адам еңбек етеді, кәсіпорын оларға 7,2 миллион теңге берешек. Қарызды уақтылы өтеу мәселесі құзырлы орындарда бірнеше рет қаралған. Биылғы 12 ақпанда бұл іс бойынша материал сотқа жіберілді. “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” акционерлік қоғамы өзінің 99 қызметкеріне 2,7 миллион теңге қарыз болып отыр. Бұл кәсіпорынға 2011 жылы екі рет 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған болатын. Былтыр облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың талап- арызы қанағаттандырылып, тамыз айында 33,4 миллион теңге қарыз төленді. Алайда, жүргізілген жұмыстарға қарамастан, еңбекақы бойынша уақыты өткен қарыз толық төленбей отыр. Бұл кәсіпорын түгелдей мемлекет меншігіне өтуіне байланысты мәселе алдағы уақытта өз шешімін табуы мүмкін.
Соңғы жылдары қызметкерлеріне маңдай терімен тапқан айлық еңбекақыларын беруден жалтарып жүрген кәсіпорындар басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осы кезеңде оларға 6 миллион теңгенің айыппұлы салынған. Олардың мәселесі облыстық үшжақты комиссияның отырыстарында, жұмыс кеңестерінде қаралған, алайда нәтижесі көңіл көншітерлік емес.
СҚО бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Жанахмет Тасшығұлов бұл бағытта мақсатты жұмыс атқарылып жатқанын, 2013 жылдың басында бірқатар кәсіпорындар 22 миллион теңге қарыз болғанын, биылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 13 миллион теңгеге азайғанын жеткізді. Қызметкерлеріне еңбекақысын уақтылы төлемейтін кәсіпорындар, негізінен, ауыл шаруашылығы құрылымдары болып табылады. Олар егін орағы аяқталған соң қарызын жабуға тырысады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларға қатысты талап-арыздар ауыл шаруашылығы науқаны кезінде қаралмайтыны өндіріп алу шараларының тиімділігіне теріс әсер етеді. Биыл Тайынша ауданындағы “Краснокиевка” және “Виктория – 2003” ЖШС-іне қатысты материалдар сотқа жіберілген. Облыс әкімі бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің еңбекақы қарызын өндіріп алу жөніндегі жұмысын сын тезіне алды. Департаменттегі инспекторларды әр ауданға және Петропавл қаласына жауапты етіп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды талап етті. Қарызға белшесінен батқан кәсіпорындардың облыстан сыртқары жерде тұратын басшыларымен кездесіп, нақты шаралар қолдануды тапсырды.
Облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелді Кәрібаев қызметкерлеріне еңбекақысын уақтылы төлемейтін агроқұрылымдарының ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатқа сәйкес пайдаланылмауы себепті сот арқылы мемлекет меншігіне қайтару жұмысына тоқталды. Бұл еңбекақы қарызын қайтарудың тиімді жолдарының бірі болып табылады. Жұмыс кеңесінде Ақжар, Тайынша, Аққайың аудандары әкімдерінің бұл бағыттағы жұмыстары талапқа сай емес екендігі атап көрсетілді. Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдеріне еңбекақы бойынша қордаланған қарызды өтеу жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында құрылыс жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалады. Инвестициялық жобаға сәйкес Петропавл қаласы мен аудандарда республикалық трансферт есебінен тұрғын үйлер салу көзделген. Оның ішінде Петропавл қаласында құны 300 миллион теңге болатын екі жастар жатақханасы бар. Қалалық құрылыс бөлімі оның құрылысын жүргізуге жуық арада конкурс жарияламақ. Жыл басынан бері облыс аумағында 5,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар толығымен орындалған. Петропавл қаласының “Береке” шағын ауданында бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр.
–“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында тұрғын үй салуға жобалау-сметалық құжаттамалар жасау Петропавл қаласында, Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда ғана қолға алынған. Бұл құрылыс саласын дамытуға қолдау болып табылады. Қаржы институттарын қатыстырумен қолданыстағы салалық бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй салу жөнінде тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жандандыру қажет, – деп кеңесті қорытындылаған Самат Ескендіров қаралған мәселелер бойынша тиісті органдарға тапсырмалар берді.