Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сейсенбі күні облыс орталығының Уәлиханов және Шухов көшелерінің қиылысында салынып жатқан 90 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс алаңында “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалының көшпелі мәжілісі болып өтті. Мәжілісте аталған құрылыс нысанына қатысты туындап отырған мәселелер және Набережный-Победа көшелерінің қиылысында бой көтеріп жатқан құрылыстың барысы жайлы сөз болды.
Бұл тұрғын үйлердің құрылысы “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізілуде.
Уәлиханов және Шухов көшелерінің қиылысында салынып жатқан 5 қабатты, 90 пәтерлік тұрғын үйге тапсырыс беруші Петропавл қалалық құрылыс бөлімі. Мердігер құрылыс фирмасы – “Основание” ЖШС-і. Мұндағы жұмыс өткен жылғы 13 қыркүйекте қолға алынған. Оны аяқтау мерзімі үстіміздегі жылдың 20 қыркүйегі деп белгіленген. Алайда, нысанның мерзімінде тапсырылуы екіталай. Оған себептер жетерлік. Алдымен ең маңызды саналатыны қаржы мәселесіне тіреліп тұр. Бұл нысан бойынша атқарылатын құрылыс-монтаж жұмысының жалпы көлемі, сыртқы жүйелерін есептемегенде 642 миллион 397 мың теңгені құрайды. Қалалық құрылыс бөлімімен құрылыс жұмысын жүргізу жөніндегі келісім 2012 жылдың 12 тамызында жасалғанымен, оған тапсырыс берушінің уақтылы рұқсат бермеуі себепті құрылыс 1 айдан аса кеш басталған.
Өткен жылы құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша 179 миллион теңге игерілуі керек болса, оған жұмыстың кеш қолға алынғаны кедергі келтіріп, 109 миллион теңге ғана игерілген. Ал үстіміздегі жылға келсек, жағдай мүлдем сын көтермейді. Биыл игерілген қаржы бар болғаны 28 миллион 490 мың теңгені құрайды.
Құрылысқа жыл басынан бері бір тиын да бөлінбеген. Ал бұған дейін құрылыс жұмысы қалай жүргізіліп келгеніне тоқталсақ, аталған құрылыс фирмасы өздері бастаған жұмыс тоқтап қалмауы үшін несие алуға мәжбүр болған.
– Қаржыландыру осы бірер күннің ішінде жасалғанның өзінде біз бұл тұрғын үйдің құрылысын белгіленген кесте бойынша аяқтай алмаймыз. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті қаржы көлемі 500 миллион теңгені құрайды. Осынау қиын жағдайды білдіріп, қалалық әкімдіктің құрылыс бөліміне хат жолдадық. Бірақ құлақ асар олар жоқ. Кірпіш мәселесі әлі күнге дейін толығымен шешілген жоқ. Ол Көкшетаудан жеткізілуде. Қаржыландыру тез арада жасалмай, жағдай осы күйінде қалатын болса, жұмысымыз 1 аптадан кейін тоқтайды, – дейді “Основание” ЖШС-нің директоры Сергей Тимофеев.
Бүгінде бұл 6 подъезді үйдің 4 подъезін алсақ, олардың 2-ші қабатына дейін ғана қабырғалары көтеріліпті. Терезелер салынған. Құрылыстың оң жақ қапталында тас қалаушылар соңғы подъездердің қабырғаларын қалаумен айналысуда. Мұндағы жұмыстың бүгінге дейін бар болғаны 30 пайызы ғана атқарылған. Құрылыста 46 адам жұмыс істеуде. Қаржыландырудың салқыны мұндайда жұмысшыларды айналып өтпейтіні тағы түсінікті. Олардың еңбекақыларын алмағандарына 2 ай болыпты.
Набережная және Победа көшелерінің қиылысында салынып жатқан 55 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын “Петростройлюкс” ЖШС-і жүргізуде. Мұндағы құрылыс алаңындағы жұмыс өткен жылдың маусым айында қолға алынған. 466 миллион 406 мың теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуі тиіс бұл нысанда да жұмысқа кедергісін келтіріп жатқан кемшілік аз емес. Атап айтқанда, жоғарыда аталған құрылыс нысанының кебін бұлар да киіп отыр. Жағдай тез арада түзетілмесе, бұл үй де үстіміздегі жылдың тамыз айында емес, белгіленген кестеден кешіктіріліп тапсырылатыны анық.
СУРЕТТЕ: Уәлиханов және Шухов көшелерінде салынып жатқан 90 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысынан көрініс.
Суретті түсірген автор.