№3 қалалық аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімшесі – қала тұрғындарына құлақ-мұрын-тамақ және жақ-бет әлпет ауруларына диагностикалық-емдік көмек көрсетіп келе жатқан бірден-бір емдеу орны. Мұнда туа біткен де, жүре пайда болған кеселге, сондай-ақ жақ-бет сүйек аумағын қайта жаңарту, қалпына келтіру, т.б. күрделі ота жасалады. Бөлімшеде жоғары санатты, білікті хирургтермен қатар оқуын кеше ғана аяқтаған жас мамандар да жұмыс істейді. Осы орайда жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде қызмет атқарып жүрген жас маман, дәрігер-хирургтердің бірі – Ерназар Әділшинді әңгімеге тартқан едім.
– Ерназар Ерсайынұлы, дәрігерлік мамандықты өз жүрек қалауыңызбен таңдадыңыз ба? Еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Қысқаша тоқталатын болсам, мен 1981 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Жас кезімде достарымның бірі – сақшы, екіншісі мұғалім болуды қаласа, мен дәрігер болуды армандаған едім. Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп қой. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ олардың адам өміріне жауапты қызметіне деген құлшынысы мен адалдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек пен ақ халатты кір шалдырмау қасиеті ауадай қажет. Халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Мектепте жүріп-ақ осыны жете түсінген мен Бірыңғай ұлттық тестілеуде таңдаулы пән ретінде биологияны таңдадым. Күні-түні дайындалған еңбегім зая кетпей, ҰБТ-да жоғары балл жинадым. Осылай 2002 жылы Қарағанды медициналық академиясының стоматология факультетіне оқуға түстім. Аталмыш оқу орнын тамамдағаннан кейін 2007 жылы Солтүстік Қазақстан облысына келіп, еңбек жолымды №3 қалалық аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде бастадым. Алғашқы уақытта тәжірибемнің аздығынан қиналғаным рас. Осы емханада бір жыл еңбек етіп, азды-көпті жұмыстың қыр-сырын біліп, оң-солымды таныған соң жұмысқа төселдім.
– Енді бөлімшеңізді таныстырып өтсеңіз?
– Мұнда бөлімше меңгерушісі Саян Махмұтовтың қарамағында 5 хирург дәрігер қала тұрғындарының жақ-бет, мойындарында іріңдеуден пайда болатын ісіктерге ем шараларын қолданады. Ауырған тісін уақтылы емдемей, асқындырып алғандар да біздің көмегімізге жүгінеді. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасы және тағы басқа апаттарда жақ, бет, мойынына зақым келгендерге де медициналық көмек осында жасалады. Бөлімше 5 палатадан тұрады, 20 жатын орын бар.
– Келушілер көп пе, әлде аз ба?
– Жай күндері бөлімшеге күн сайын орта есеппен 6-7 адам жақ-бет қабынуы, жақ-бет сынуы, түрлі тіс аурулары, шиқан мен ісіктер диагнозымен түседі. Ал түнгі уақытта түрлі жақ-бет сынықтарымен көбіне жастар түсетіні жасырын емес. Жастарымыздың түнгі клуб және тағы басқа ойын-сауық орындарында алкогольді ішімдікке тойып алып, төбелес шығаратындары бар. Соның салдарынан бөлімшемізге келушілердің ішінде жақтары мен тістері сынған жастар саны көбейіп барады.
– Қазір қоғам да, медицина да дамыды. Жаңа әдістермен емдеу түрлері де жетілгеніне қарамастан, науқастарды қандай аурудан жиі емдейсіздер?
– Бүгінгі таңда бөлімшеде ем-дом жасауға қажеттінің барлығы бар, толықтай жағдай туғызылған. Атап айтатын болсақ, үстіміздегі жылы бөлімшеге кең көлемді рентгенге түсіретін аппарат сатылып алынды. Оның сырқаттарға медициналық көмек жасағанда тиімділігі сонша – біздің жұмысымызды көп жеңілдетіп отыр. Бұрынғыдай жақтың асты-үсті, тіс бөлек-бөлек түсіріліп жатпайды, олардың бәрі бір суретпен қамтылады. Атап айтатын болсақ, көмек сұрап келетіндердің арасында бірінші орында – тістің асқынған аурулары, екіншісі – көлік апатынан жарақат алу. Әсіресе, тістің түрлі деңгейде асқынуларынан жақ-бет аурулары көбейді.
– Сондай-ақ тағы қандай кеселдер кездеседі?
– Науқастар арасында асқынған аурулар саны артқан. Бүгінгі күнде қаламыздағы стоматологиялық емханалардың көбі жекеменшік. Яғни, емдеу ақысы жоғары. Олардың бағасын қалтасы көтермейтіндер жақ-бет әбден асқынып кеткен соң ғана біздің көмегімізге жүгінеді. Ауруды әу баста емдемеген соң асқынған кеселге ем шараларын жүргізу оңай ма? Ол кезде бәрі кеш болуы да мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта науқастар уақытты созбай, уақытында ауырған жерін емдетуге келсе, құба-құп болар еді.
– Осы күнде көркіне көңілі толмайтындар пластикалық ота жасатады. Мұндай қызмет түрлері сіздерде көрсетіледі деп естідік…
– Пластикалық отаның шығу тарихы соғысқа қатысқан сарбаздардың бетіндегі тыртықты алып тастаудан басталған. Қазір көлік апатынан, тұрмыс жағдайында ауыр жарақат алған адамның бетінде үлкенді-кішілі тыртық қалады. Соны пластикалық отамен жөндейміз. Бұл түрлі оқыс оқиғадан кейін адамның бет-бейнесін бастапқы қалпына келтіру үшін жасалады. Сонымен қатар, іштен кем туатын адамдар да дәрігерлердің көмегіне жүгініп жатады. Әсіресе, “қоянжырық”, “қасқыр ауыз” мәселесімен келетіндер баршылық. Ол адамның кейпін бұзып, көріксіз етіп көрсететіні анық. Міне, соны адамға жарасатындай ету үшін де бөлімшеде ота жасалып жатады. Жеке басым науқастарға пластикалық ота жасап көрген емеспін. Бұл жауапты отаны бөлімше меңгерушісі Саян Махмұтов жасайды. Жанында көмекшісі болып, көргенімді ойыма тоқып жүремін.
Табиғаттың берген сұлулығына көңілі көншімейтіндер әдемілік үшін жасатады. Сәндік үшін жасалатын пластикалық отаның кейбір түрлері біздің бөлімшеде ақылы түрде жүргізіледі. Бағасы да отаның түріне қарай белгіленген. Табиғи сұлулықты азсынған, оның ішінде қалтасы қалың адамдар осындай “құрбандыққа” барып жатады. Мұрынның көлемін өзгерту, көздің қабағын ашу, құлақты кішірейту, ерінді үлкейту, омырауды өсіріп, пішінін өзгерту, семіз адамдарда денедегі майды және қарындағы артық теріні алып тастау, балтырды түзету, беттегі безеулерді кетіру, әжімдерді тегістеу сияқты түрлері өте көп. Бірақ пластикалық ота жасатпас бұрын жан-жақты ойлануы керек. Психологиялық жағынан да дайындық қажет.
– Қартайғанды жасартып, мүсінін місе тұтпағандардың дене бітімін жөндеп бергендеріңіз дұрыс-ақ. Бірақ оның ағзаға қандай да бір зияны жоқ па?
– Адамның бет пішіні өзгерген соң, мәселен, қабақты тарттырып, құлақты кішірейтіп, қыр мұрын жасаудың ағзаға теріс әсері болады. Отаны жасаған жеріне қарай көздің көруінің нашарлауы, иіс сезуі, естуі қиындауы мүмкін. Сондықтан пластикалық ота жасамас бұрын адамды жан-жақты зерттейміз. Егер де ота дұрыс жасалса, оның ешқандай кері әсері жоқ. Бірақ Құдай жаратқан ағзаға өзгерту енгізген соң, ағзада өзгеріс болары анық. Біреулер екі-үш рет жасатады. Қайта-қайта жасатқандықтан, беттегі жүйке талшықтары зақымдалады. Осының кесірінен бет терісі тартылып қалады. Мысалы, дүниежүзіне танымал әнші, поп королі атанған Майкл Джексон мен ресейлік танымал актриса Людмила Гурченко бет әлпеттеріне бірнеше рет пластикалық ота жасатқан. Бет әлпеті өзіне ұқсамай, бет терісі тартылып, сөйлегенде бет қимылы өзіне сәйкес келмейтін болды. Мұрнының пішінін өзгертем деп бірнеше мәрте ота жасатқан Майкл ақыры тыныстай алмай қалған болатын. Қазіргі жастар қалталары көтерсе, сұлу болса да, Құдайдың берген әдемі бетін жөндейді. Бірақ біздің бөлімшеде арнайы ережеге сай тек 15 жастан асқандарға және ата-ана келісімімен ғана пластикалық ота жасалады.
– Жұмысыңызда біліміңізді жетілдіру мәселесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Дәрігерлер жаңалықтан қалмай, еліміздің денсаулық саласын жақсарту мақсатында үздіксіз білім алуға міндетті. Жеке басыма келетін болсам, 2011 жылы Алматы қаласының мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институтында жақ-бет хирургиясы бойынша жетілдіру курсынан өттім. Онда еліміздің білікті хирургтерінің дәрістерін тыңдап, өзге қалалардан келген әріптестеріммен тәжірибе алмастым. Оқу аяқталған соң көпжылдық еңбек өтілі бар аға әріптестерден үйренгенімді ішімде бүгіп қалмай, қызметтестеріммен бөлістім.
Бүгінде шалғай ауылға барған дәрігер мамандарға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетілетіні ойға қонымды. Жалақыға қоса өтемақы, тұрғын үй алуына бағытталған несие де беріледі. Облыс орталығының өзінде әр жылдары ақ халатты абзал жандар баспанамен қамтылып, “Дәрігерлер үйлері” пайдалануға берілген болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеке баспанаға қолым жетіп, отбасылы болған жайым бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.