«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕДАГОГІ КЕЛІССЕ, пәннің қиыны жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың бұрынғы түлегі Бекет Мұстафин бүгінгі күні өзі ұшқан білім ордасында шәкірт тәрбиелеп жүр. 1962-1972 жылдары аталмыш білім мекемесін тамамдағаннан кейін Бекет Салықұлы Петропавлдағы педагогикалық институтты физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіреді. Одан кейінгі еңбек жолын Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында бастап, 1980 жылдан Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта тәрбиеші, физика мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Петропавлдағы №42 мектепте және Мамлют санаторлық мектеп-интернатында директор болып қызмет атқарады. Жоғары санатты ұстаз, “Оқу ісінің үздігі” төсбелгісінің иегері Бекет Мұстафин 2010 жылдан бері өзінің қанатын қатайтқан мекеніне қайта оралып, биыл үшінші жыл гимназия-интернатта жемісті еңбек етуде.  

 

– Естуімше, Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернаттың шәкірттері 21 жыл бойы облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде физикадан ешқандай орын алмай келіп, биылғы оқу жылында жақсы нәтижеге қол жеткізген екен. Бұл оқушылардың арасында Сіздің шәкірттеріңіз де бар шығар?  

– Араға бірнеше жыл салып, білім ошағының оқушылары физикадан биыл жақсы нәтиже көрсеткендері рас. Жаңа оқу жылының басында гимназия-интернаттың 4 оқушысы: Самат Есенғалиев, Бейбіт Серіков, Темірболат Әлжан, Асқарбек Әбілқайыр Алматы қаласында өткен топтық астрономиялық турнирде екінші орын алды. Олардың барлығы – менің оқушыларым. Қаңтар айында өткен пәндер олимпиадасында 11-сынып оқушысы Асқарбек Әбілқайыр мен 10-сынып оқушысы Мақсат Уатбаев физикадан үшінші орындарды еншіледі. Ақпан айында Москва түбіндегі Протвино қаласында жоғары энергиялар физикасы институтының ұйымдастыруымен өткен сайыста Асқарбек Әбілқайыр бастаған топ “Жас физиктер” аталымы бойынша 25 команданың ішінде 1-орынды жеңіп алды. Ө.Жолдасбеков атындағы механика және математика турниріне үш бала қатысып, Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылды. Тағы 6 оқушы Байқоңырға жолдама алып отыр. Онда жеңімпаз атанса, олар ҰБТ-дан босату туралы сертификатқа ие болады. Бұл, әрине, ұстаздардың бағыттауы мен балалардың табанды еңбегінің арқасында келген жеңіс. Ұстаздың міндеті – оқушының дарынын дер кезінде байқап, әрі қарай дамыту.

– Мектеп бағдарламасында қиын сабақтардың қатарынан табылатын физика пәні бойынша оқушылардың осындай нәтижелерге қол жеткізуінің сырын ашсаңыз?

– Физиканың өте қиын пән екендігі шындық. Солай бола тұрса да, оны ден қойып, сүйіп оқитын еңбексүйгіш оқушылар бар. Олар жеңіс оңайлықпен келмейтінін, ол үшін табанды еңбек, шыдамдылық керектігін түсінеді. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі де оқушыларды олимпиадаға даярлауды дұрыс жолға қойып отыр. Мектепте балалардың шығармашылығына арналған шеберханалар жұмыс істейді. Оларда балалар екі бағыт бойынша дайындықтан өтеді. Біріншісінде – олимпиадаларға, екіншісінде ғылыми жобаларға дайындалады. Шеберханаларда білікті ұстаздар оқушының білімін шыңдауға баса назар аударып, баланы бағдарламадан, оқулықтан тыс ғылыми кітаптармен, Интернетпен жұмыс істеуге дағдыландырып, олардың ойын жеңіске шоғырландырады. Осындай дайындықтың нәтижесінде гимназия-интернат оқушылары тек физикадан ғана емес, басқа да пәндер бойынша жоғары білім көрсетіп, халықаралық деңгейге шыға бастады. Олардың арасында Америкаға, Швецияға, Румынияға баратындар да бар. Облыстық олимпиадада түрлі пәндерден 15 жүлделі орынға ие болдық. Бүгінде өрісіміз кеңейіп, халықаралық сайыстарға шығу дәрежесіне ие болуымыздың тағы бір себебі – оқушылар арасында бәсеке бар. Олар бір-біріне қарап тырысады.

– Оқушы – болашақтың азаматы, ол өз біліміне сенімді болуы және оны дәлелдей білуі керек. Өйткені, бүгінгі мектеп қабырғасында алған білім болашақта баланың өз орнын табуының алғышарты болмақ. Бұл ретте мұғалімнің рөлі қандай?

– Мұғалім оқушының білімге құмарлығын оятатын басты тұлға болғандықтан, түбінде ғылымымызды көтеретін дара оқушыларды мектеп қабырғасында-ақ анықтап, бағыт-бағдар береміз. Баланың дарынын ашу жолында ұйымдастырылатын шаралар да аз емес. Жуырда мектебімізде физика онкүндігі өтті. Сонда балалар жасыл энергия түрлерін, яғни күн, жел, су қуатын пайдалану туралы өте жақсы жобалар ұсынды. Елімізде бәсекеге қабілетті инженерлер жетіспейді. Болашақта балаларымның арасынан жаңа энергия түрлерін шығаратын инженерлер шығып жатса, білім ошағы үшін үлкен абырой. Қазір менің 15 оқушым бесінші пән ретінде физиканы таңдады. Бұл аз емес. Солардың ішінен 2-3 инженер шықса да жақсы емес пе?! Бірақ оқушылардың көбі инженерлікті оқығанмен, ол сала бойынша жұмыс істемейді. Сондықтан білім ошақтарында осы бағытта да жұмыс жүргізген дұрыс. Бүгінгі таңда елімізде Байқоңырды дамыту, зымыран дайындау мәселесі тұрса, ол үшін мамандар қажет. Ол мамандарды даярлау да мектеп табалдырығынан басталады. Физиканы жақсы білетін оқушыларды қажетті мамандықтарға бағыттау – мұғалімнің міндеті.

– Мектептерде физика пәнінің сапасы төмендеп кетуінің себебі неде?

– Меніңше, оның басты себебі бүгінде физика пәнінің мұғалімі болуды қалайтындар азайып барады. Көпшілігі осы мамандық бойынша білім алғанмен, мектепке келгілері келмейді. Қазір мектептерде жұмыс істеп жүрген физика пәні мұғалімдерінің көбі егде тартқандар. Бізге өзіміздің жақсы ізбасарларымызды мектеп табалдырығында тәрбиелеуіміз қажет. Физика, астрономия, математика, информатика пәндерін бір-бірімен байланыстыра оқыту міндетті. Оқушының “Мен өзіме сенемін, білемін, мен жығамын” деген мақсаты болуы қажет. Алдымыздағы баланы тұлға ретінде қарастыруымыз керек, сонда ол өз-өзіне сенімді адам болады және біліміне сенген адам ғана жеңіске жетеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp