«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Поиск” 21-ші аттанысқа әзір

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Поиск” қоғамдық бірлестігі мүшелерінен жасақталған солтүстікқазақстандық іздеушілер тобы Ресейдің Новгород облысына дәстүрлі “Еске алу вахтасына” аттануға қызу дайындық үстінде. 

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шайқастарда қаза тапқан белгісіз жауынгерлер мен Қызыл Армия командирлерінің сүйектерін іздеу жұмыстары үшін Новгород жері кездейсоқ таңдалып отырған жоқ – ол жерлерде қазақ даласынан майданға шақырылғандар көп. Солтүстікқазақстандық іздеушілер бұған дейін Новгород облысынан басқа, Орел-Курск иінінде де жұмыс істеген болатын. Енді сәуірдің 19-ы күні жастардың тағы бір легі аттанғалы отыр.  

 

Осымен 21-ші рет “Еске алу вахтасына” қатысқалы отырған жергілікті іздеушілер тобына облыс орталығы колледждерінің студенттері қосылмақшы. Емтихандарын ертерек тапсырған олар енді үш апта бойы Новгород облысында іздеу жұмыстарын жүргізеді.

Әскери-патриоттық клубта соңғы жиырма бес жыл ішінде 2 мыңға жуық жасөспірім жаттыққан. Ал бүгінгі күні қырыққа жуық тәрбиеленуші әскери дайындықтан өтуде. Мұнда олар спортпен айналысып, қоян-қолтық күрес әдістерін, қарудан атуды үйренеді. Ал жақында бағдарламаға парашюттен секіру де енгізілген.

Әскери-патриоттық клубтың жетекшісі Александр Азеговтің айтуынша, іздеушілер жасағының сапары облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. “Бізге қажетті қаржы бөлінді, жасақ толық жарақтандырылды. Отан қорғаушылар күнін Ресейде қарсы аламыз, ал Петропавлға мамырдың ортасына қарай ораламыз”, – деген Александр Александрович былтырғы жылғы іздеу шараларына Қазақстан мен Ресей елдерінен барлығы 20 мың адам қатысып, табылған 2778 жауынгердің мүрдесі құрметпен жерленіп, оның 70-нің аты-жөндері анықталғандығын атап өтті. Ал осы сапарлар кезінде табылған құнды жәдігерлер клубтың мұражайында қойылған.

Іздеу жұмысымен 1989 жылдан бері айналысып келе жатқан солтүстікқазақстандық бірлестік осы күнге дейін 2057 жауынгердің сүйегін құрметпен жерлеп, 54 жауынгердің, сержанттар мен офицердің аты-жөндерін анықтаған. Олардың 12-сі – солтүстікқазақстандықтар.

Суретті түсірген автор.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp