Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
“ҚазАгроФинанс” АҚ-ы еліміздің ірі агроөнеркәсіптік өңірлерінде отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге ақыл-кеңестік және ақпараттық қолдау көрсету мақсатындағы “Ашық есік күні” жылжымалы іс-шараларын біздің облысымыздан бастады.
Аталмыш жұмыс тобы алдымен баспасөз мәслихатын өткізді. Оны басқарма төрағасының кеңесшісі Серғазы Исембаев ашты. Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық қаражатқа, сол сияқты лизинг негізінде ауыл шаруашылығы техникалары мен технологиялық құрал-жабдықтарына қолжетімділігін қамтамасыз ету жолымен еліміздің аграрлық секторының дамуына қолдау жасау болып табылады. Біз соның тетіктерін түсіндіреміз, оны әрбір фермердің, шаруа қожалығы басшының білуі керек, деді ол.
– Сапарымызды осы облыстан бастап отырған себебіміз – Солтүстік Қазақстан біздің тірек өңірлердің бірі саналады. 4,5 млн. гектардан астам жыртынды жері бар, еліміздегі тауарлы астықтың үштен бірін беретін аймақ. Біздің компания 2000-2010 жылдары облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 46,5 млрд. теңгеге жуық инвестиция салды. “ҚазАгроФинанс” АҚ-ы облыстың шаруашылық жүргізуші субъектілеріне 3 мың техника бірлігін сатып алуға жалпы сомасы 31,3 млрд. теңге қаржы бөлді, – деді компанияның басқарушы директоры Зәуреш Шоқуманова.
Ол “ҚазАгроФинанс” АҚ-ның жаңа инвестициялық бағыттары туралы да айтып берді. Компания енді лизингке техника берумен ғана шектелмей, арнайы ауыл шаруашылығы техникаларына, асылтұқымды мал сатып алуға, күрделі құрылыс жүргізуге және тағы басқа да салалық жұмыстарға қаржылық қолдау жасайды. Заемшылармен тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп отырғандықтан, қазір құжаттарды қарастыру мерзімінің 20 жұмыс күнінен аспайтынын жеткізді.
БАҚ өкілдері топ мүшелерінен облысқа Австриядан әкелінген ауру 700 бас малдың зардап шеккен шаруашылықтарға шығыны қалай қайтарылатынын сұрады. Оған жауап берген басқарма бастығының мал шаруашылығы бойынша кеңесшісі Асылбек Қажымұратов австриялық “Лингер” компаниясына кінә-талап қойылғанын айтты. Енді бұл мәселе сот арқылы шешілетін болады. Қалай болғанда да, Австриядан асылтұқымды мал алуға лизингтік қаражат бөліп, дәнекер болған “ҚазАгроФинанс” АҚ-ы өз жауапкершілігінен жалтарып отырған жоқ. “Полтавское” ЖШС-не жұмсаған 329 млн. теңге және “Леонов” шаруа қожалығына бөлген 140 млн. теңге лизинг қаржысын қайтарып алуға алдымен компанияның өзі мүдделі.
Баспасөз мәслихатына қатысқан “Леонов” ШҚ-ның басшысы Яков Леонов әлі де болса “ҚазАгроФинанс” АҚ-мен бірлесіп жұмыс жүргізе беретінін айтады. Осы компания арқылы АҚШ және Канада елдерінен құнарлы асылтұқымды сауын малын алуды жоспарлап қойыпты.