«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЯН АРЫСТАНҒА АЙНАЛҒАНДА…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шорқақ әрі қорқақ қоянның қалай ержүрек, батыл аңға айналғанының куәсі болғыңыз келе ме? Онда көп ойланбастан С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрын бетке алыңыз.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аюсыз орман орман емес. Ол қомағай болсадағы, оны қоршаған табиғаттың әр мүшесіне: түлкіге, кірпіге, қоянға, қорқаулар мен қас-қырға үйретуден жалықпайды. Жайқалып өскен гүл мен саңырауқұлақтарды ешқашан да жұлмауға кеңес береді. Қасқырға қоянды ренжітуге болмайтындығын, түлкіге өтіріктің арты бір тұтам екенін түсіндіруден шаршамайды. Өзі әділ, мейірімді. Ал кірпі ше? Кірпі қолына қылқалам алып, табиғатты қағаз бетіне түсіруді жақсы көреді. Ол өзін кемеңгер суретші санайды. Сауысқан – орманның тілшісі. Қай жерде не өтсе, соны тақ-тақ етіп, орманның әр тіршілік иесіне уақытында жеткізеді. Түлкі – нағыз айлакер. Ол орман ішінде тегін өскен жеміс-жидектерді сатпақ ниетте болады. Өз айласын іске асыру үшін аюды да, құндызды да алдаудан тайынбайды.

 

Азулы қасқыр мен аюдың ажырамас достығын осы ертегіден ғана көруге болатын шығар. Олар шынымен дос. Ашқұрсақ қасқыр үркек қоянды ұстап алып, жейін десе, жей алмайды. Себебі, аю досына берген сертін бұзуды қаламайды. Осылай тіршілік етіп келе жатқан орманның жан-жануарларының үйреншікті өмірі бір күні өзгеріп шыға келеді. Ал оны өзгерткен үркек қоянның дәл өзі екендігін кім ойлаған?!

Өз көлеңкесінен қорқып жүрген дәл осы қоянның жүрегіне батылдық ұялату үшін кірпі оған басқа аң болып киініп алуды ұсынады. Кемеңгер кірпінің ақылына құлақ салған қоян ақыры аң патшасы – арыстан болып киініп алып, жан-жануарларға билігін жүргізе бастайды. Аюды, қасқыр мен кірпіні патшалығына зияны тиіп қалар деп зынданға қамайды. Өзі сияқты қояндарды да қаһарына мініп, қорқытатын болады. Бірақ өзін ғана ойлаймын деп достарынан айрылғанын түсінеді. Тіпті, қорқаулардың өздері қояннан қорыққанынан онымен сөйлесуге батылдары бармайды. Ақыры батырлық сыртқы пішінде емес, ішкі жүректе екендігін түсініп, бетпердені шешуге бел байлайды. Осылайша достарымен қайта достасып, орман ішіндегі өмір өзінің бақытты күйіне қайта оралады.

Қойылым орыс драматургі Н. Крымованың пьесасы бойынша сахналанды. Оны қазақ тіліне аударып, сахнаға қойған режиссер – Баатырбек Шамбетов. Балаларға арналған ертегінің ересектерге де берер ғибраты мол. Кей кездері адам баласы өзінің ішіндегі сезімі мен үрейінен қашу үшін бетперде киетін кездері болады. Сондайда адамның пішіні ғана емес, жан дүниесі де өзгеріске түседі. Достарынан сырт айналады. Қандай жағдай болмасын адамға әрқашан адам кейпін сақтауды насихаттайтын мына ертегі “Қорқынышты қоян” деп аталады. Онда өнер көрсеткен театрдың актерлері мен актрисаларының ойнау шеберлігіне бас июге болады. Әрбір жануардың түр-тұлғасын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін нақ суреттей алған сахнагерлердің еңбегінің арқасында қойылым сәтті шықты деуге болады. Сахнаның безендірілуі – бөлек әңгіме. “Декорация – қойылымның жаны” деп бекер айтылмаса керек. Шымылдық ашылғаннан бірден көрермен шынайы орманда жүргендей күй кешеді…

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp