«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПАЛАТА өрісі кеңейтіліп, ықпалы күшейтілмекші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Атамекен одағы” Ұлттық экономикалық палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болды. Жиынға кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды.

Ашық пікір алмасу түрінде өткен басқосуды “Атамекен одағы” ҰЭП-тың облыстық филиалының директоры Елена Виссарова жүргізді. Ол биылғы жылдың соңына дейін қабылдануға тиісті Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің Ұлттық экономикалық палатасын құру туралы заң жобасына тоқталып, жиналған қауымды бұл құжатпен терең танысуға және оған өздерінің алып-қосарлары болса, ой бөлісуге шақырды. Ол сөз кезегінде мұндай институт кәсіпкерліктегі ортақ мәселелерді шешу, өзара тәжірибе алмасу үшін қажет, деп атап көрсетті. Сондай-ақ аталмыш Ұлттық экономикалық палатаның бөлімдері әр ауданда ашылады деп жоспарланып отыр. “Бұл – облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекендердегі кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің бір жолы”, – деген Елена Виссарова қолынан іс келетін көптеген жерлестеріміз кәсіпкерлікті сауатсыз жүргізетінін, сондай-ақ олардың мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттарды жетік білмей, өз несібелерін жіберіп алып жатқандығын айтты. Ұлттық экономикалық палата құру туралы мемлекеттің ұстанымын облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Жамал Ахметова да қызу қолдады. Ол өз сөзінде бүгінгі жұмыс беруші кәсіпкерлер қол астындағы адамдардың еңбегіне құрметпен қарап, оларға тиісті әлеуметтік көмектерді заң шеңберінде жүргізулері қажеттігін айтты.

 

Осыдан бір апта бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлермен кездесу жиынына біздің өңірден “Аделиада” ЖШС-нің директоры Игорь Тищенко қатысқанды. Ол кәсіпкерлік ұлттық экономиканың ілгерілеуші күшіне айналуға тиіс деп міндеттеген Президенттің бұл жиында отандық кәсіпкерлікке нақты бағыт белгілеп, мақсат жүктегенін сөз етті. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қаржылай және қаржылай емес қолдау жеткілікті дәрежеде көрсетілуде, деген ол жерлестерін ел экономикасын дамытуға белсенді атсалысуға шақырды.

Жиында сондай-ақ бизнестің дамуына елеулі кедергі жасайтын кейбір монополистердің іс-әрекеттері туралы, дәлірек айтсақ, энергетиктердің қызметіне кәсіпкерлердің разы емес екендігі сөз болды. Осыған байланысты солтүстікқазақстандық “ТЭК” кәсіпорнының президенті Вячеслав Утябаев компания қызметінде белгіленген жүйе бар екенін, онда тұтынушыларға қатысты заңсыз әрекеттерді болдырмаудың шаралары жүргізілетінін және оның жұмыстары қадағалауда екенін жеткізді. Алайда, бұл күнгі отырыста энергетиктерге қатысты мәселе көтерген кәсіпкерлермен жұмыс барысында кездесуге дайын екендігін білдірді.

Жиынның соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа “Іскерлік ахуал” рейтингін құру туралы тапсырмасына орай өңір аумағындағы кәсіпкерліктің барысын айқындайтын бес жұмыс тобын құру туралы ұсыныс жасалып, оған жауапты адамдар белгіленді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp