«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР ШЕЖІРЕСІНЕН СЫР ШЕРТЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Людмила СОРОКОТЯГА,

облыстық Мәдениет басқармасының

тарихи-мәдени мұраны қорғау және заң жұмыстары жөніндегі бөлімнің басшысы.

18 сәуір күні дүниежүзінде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні аталып өтеді. Бұл күнді қоғамның назарын дүниежүзілік мәдени мұраны қорғау мен сақтау мәселелеріне аудару мақсатында 1982 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Ескерткіштерді және көрнекті жерлерді қорғау мәселелері жөніндегі халықаралық кеңес ассамблеясы (ICOMOS, ИКОМОС) белгілеген. Бұл күні ICOMOS әлемдік қауымды дүниежүзілік мәдени мұраның алуан түрлілігіне және осалдығына назар аударып, олардың қорғалуы мен сақталуына бағытталған күшті бағалауға шақырады. 18 сәуірде ICOMOS Ұлттық және Халықаралық комитеттері дүниежүзінің 65 елінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырады.


Қазақстанда тарих және мәдениет ескерткіштері болып танылған объектілерге ескерткіш мәртебесі беріліп, мемлекеттік қорғауға алынады. Бұл салада атқарушы биліктің уәкілетті республикалық органы Мәдениет министрлігі болып табылады. Қазақстанның барлық облыстарында ескерткіштерді қорғау жөніндегі бөлімдер немесе орталықтар бар. Ескерткіштерді қорғау саласындағы негізгі бағыт – мәдени мұра объектілерін есепке алу. Мемлекеттік қорғаудың негізгі ережелері және мемлекеттік есепке алу қағидаттары, ескерткіштердің түрлері мен санаттары жүйелі түрде “Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы” Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңында берілген.  

 

Дегенмен, бұл мәртебе кейде ескерткіштердің жойылуы мен бұзылуынан құтқармайды. ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Петропавл қаласында тарихи құрылыстары бар көшелер бұзылды. Қала билігі бұл қадамды заманауи инфрақұрылым құру қажеттілігімен, ғимарат-ескерткіштерді жөндеу қымбат және шығынды болады деп дәлелдеді. Ғимарат-ескерткіштердің біразы пайдаланушылары болмағандықтан, 90-шы жылдары жойылды, өйткені ескерткіш иесіз тұра алмайды. Мысалы, ХІХ ғасырдың ортасында салынған “Смолиннің үйі” ғимаратының бір бөлігі (2003 жылы бөлшектелді), ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған “Россия” қонақүйі (2000 жылы бұзылды), ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған “Көпес Зенковтың үйі” (1989 жылы бұзылды) сақталған жоқ.

Қараусыз қалған мәдениет объектілерінің жойылуын тоқтату үшін облыс басшылығы оларды міндетті түрде қалпына келтіру және сақтау шартымен жекеменшікке тегін беру туралы шешім қабылдады. Бүгінгі күні Театр көшесі, 38 мекенжайындағы 1906 жылы салынған “Көпес клубы”, Қазақстан Конституциясы көшесіндегі 12-үйде орналасқан ХХ ғасырдың 30-шы жылдары салынған әкімшілік ғимарат Парк көшесі,132 мекенжайы бойынша орналасқан ХІХ ғасырдың аяғында салынған “Көпес үйі”, Қазақстан Конституциясы көшесі, 10 мекенжайындағы 1895 жылғы “Көпес Черемесиновтің үйі” және тағы басқалар қалпына келтірілді.

Басқа материалдық құндылықтарға қарағанда тарих пен мәдениет ескерткіштері жойылған кезде тарихи-мәдени әлеуеті әрдайым қалпына келтіріле бермейтін ұлттық дәулеттің бөлігі болып табылады. Бүгінгі күні облысымыздағы мемлекеттік қорғауға алынған тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны – 600. Соның жетеуі республикалық маңызы бар ескерткіш деген мәртебеге ие.

Тарих пен мәдениет ескерткіштерінің негізгі бөлігі 1970-1980 жылдары салынды (атақты қайраткерлердің мүсіндері және атаулы күндердің монументтері: Ж. Жабаев, В. Шаталов, “Мәңгілік алау” Жауынгерлік Даңқ мемориалы). Тәуелсіздік жылдары облысымызда 24 ескерткіш орнатылып, ашылды: 1993 жылы Мағжан Жұмабаев ескерткіші, 1999 жылы Қарасай-Ағынтай батырлардың ескерткіші, 2008 жылы “Ат үстіндегі Абылай хан” ескерткіші және т.б. Өңірімізде түрі, құрылысы жағынан жаңаша салынған ескерткіштер де бар. Ол 1999 жылы Айыртау ауданында ашылған “Қарасай-Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені”, 2001 жылы Есіл ауданында ашылған Құлсары батырдың мазары.

Бірақ, монументалдық ескерткіштердің кейбіреулерінің жасалған материалдары мықты болмағандықтан, мемлекеттік қорғауға алынбаған. Мысалы, Петропавл қаласының Мәдениет және демалыс саябағында орналасқан жазушылар мен ақындардың мүсіндері.

Бір сәтке тоқтап, күнделікті тіршілік пен шаруаңызды, уайымдарыңызды ұмытып, туған қалаңыздың, ауылыңыздың көшелерін аралап, айналаңызға қарасаңыз, Сіз оның әдемілігіне, үйлерінің бірегейлігіне, әр үйдің өз тағдыры, жеке тарихы бар екеніне көз жеткізесіз. Сол үйлердің көбі бір-бірінен сәулеттік өңделуімен немесе оюларымен, суреттерімен, орналасуымен ерекшеленеді. Сіз өңіріміздің даңқын шығарған тамаша адамдар туралы баяндайтын монументалды ескерткіштерді көресіз. Серуендеу кезінде өңірімізде болған сол байырғы тарихи оқиғалар кезеңіне барып, ойша қайтуыңыз әбден мүмкін…

Коллажды жасаған Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp