«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақынның “Жан дүние әуені” балаларды баурады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда қалалық кітапхананың оқу залында жергілікті балалар ақыны Күлбаршын Мұқанованың №20 қазақ орта мектебі оқушыларымен “Жан дүние әуені” атты кездесу кеші өтті.  

Ләззат ЕРҒОЖИНА,

қалалық №2 кітапхананың меңгерушісі.

Іс-шара ақынның жас оқырмандар алдындағы ақындық есеп беруі іспетті болды. Ақын өлеңді орыс тілінде жазса да, балаларға өлеңдерінің мазмұнын ана тілінде жеткізуге тырысты.

Күлбаршын Смағұлқызы өлеңді 49 жасынан бастап жаза бастады. Бұл кісінің өлеңдерінен балаларға деген мейірімділіктің нұры шашылып тұрады. Шығармашылығы балаларға жақын және өте таныс. Ол өмірге балалардың көзімен қарайды. Ал балалардың қиялы шексіз. Міне, сондықтан болар, оның өлеңдерін тыңдап отырсаң, адамдарының бәрі өте мейірімді қиял-ғажайып әлеміне саяхат шеккендей боласың.

Күлбаршын Смағұлқызы өлең жазып қана қоймай, сонымен қатар өз өлеңдерін өте тамаша насихаттай да біледі. Сондықтан тыңдаушылар оны қызыға тыңдады. Балалар ақынға шығармашылық жоспары, өмір жолы туралы сұрақтар қойды.

Іс-шараның екінші бөлімінде ақынның “Мен армандаймын” атты кітабы талқыланды. Оқушылар кітап мазмұнымен толық таныстырылып, оларға өз ойларын білдіруге мүмкіндік берілді. Мектептің психолог маманы Бақытгүл Қалиева қызықты әңгімесі үшін ақынға балалардың атынан алғысын білдірді.

Күлбаршын Мұқанова кітапхана ұжымына ризашылығын білдіріп, қолтаңбасы қойылған кітабын кітапханаға сыйға тартты.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp