«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ОНША МӘН БЕРМЕЙ, өзге өңірлерден “озып” кетіппіз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қатерлі ісік дертінің деңгейі бойынша біздің облыс республикада “көш бастап” тұр. Оның бірнеше себептері бар, деді облыстық онкологиялық диспансерде өткен баспасөз мәслихатында аталмыш емдеу мекемесінің бас дәрігері Ермек Әбдірімов.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Баспасөз мәслихаты үстіміздегі жылдың І тоқсанында жасалған скринингтік тексерістердің қорытындысына орай ұйымдастырылды. 2013 жылдың 3 айында өңірдің 19223 тұрғыны тексерістен өткен. Оның 42,8 пайызын ерлер құраса, 57,2 пайызы – нәзік жандар. Тексерілген ерлердің 15, 9 пайызы, ал әйелдердің 23,6%-ы сау деп танылса, қалғаны ақ халатты мамандардың қабылдауына жазылды. Ел бойынша өлім-жітім саны ең көп тіркелетін жүрек-қан тамырлары дертінің алдын алу бағытында медициналық тексеріс өткізіліп тұрады. Аталмыш дерт бойынша 3 айдың ішінде 16136 адам тексеріліп, оның 701-інде аурудың белгілері көрініс тапқан. 681-і диспансерлік тізімге алынды. Жыл сайын бұл дерт жастардың да желкесіне жабысып келеді. 30-ға аяқ басқандар арасында жиілеп барады. Созылмалы аурулардың бірі – қант диабеті де жас талғамайтын көрінеді. Скринингтің соңғы нәтижесіне сүйенер болсақ, бұл ауруға шалдыққандардың ең жасы 30-да екен.

 

Кәмелеттік жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында аурудың алдын алуға бағытталған медициналық тексеріске 26872 бала қатысып, олардан 8055 сырқаттың түрлері анықталған. Мәселен, көз кеселі 79,7 пайызға жеткен. Сүйек пен бұлшық ет жүйесі аурулары 48,7 пайызды құрап, екінші орынға тұрақтаған. Эндокринді және жүйке жүйесі сырқаттары да көш соңында емес. Обыр дерті де балаларды айналып өтпеген. 3 айдың қорытындысы бойынша облысымызда бұл дерт бойынша 40-қа жуық бала есепке алынған.

Жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін өлім-жітім санын көбейтіп отырған қатерлі ісік дертінің алдын алу бағдарламасы елімізде тегін өткізіліп келеді. Бірақ оған атсалысып жатқан тұрғындардың саны кем көрінеді. І тоқсанда республика бойынша скринингтік тексерістің 25 пайызы орындалуға тиіс екен. Бұл көрсеткішті біздің облыс 27 пайызға артығымен орындап шыққан. Десе де, соңғы кездері өңіріміздегі онкологиялық жағдай мәз емес. Облыста осы көрсеткіш жылдан-жылға ұлғаюда. Соңғы 12 жылда тұңғыш рет өткен жылдың нәтижесіне сәйкес облыс обыр дерті бойынша Шығыс Қазақстан облысын артқа тастап, алдыңғы қатарға шықты. Оның себебін анықтау үшін үш жыл қатарынан Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары 10 тоннаға жуық түрлі материалдарға сынама жүргізген. Зерттеу нәтижесі бойынша облысымызда онкологиялық ауруларды болдыратын қоршаған ортада ешқандай ауытқушылық анықталмаған.

Бүгінгі күні облыстық онкологиялық диспансерде 7661 науқас есепте тұр. Облысымызда қатерлі ісік дертіне шалдыққан науқас санының өсуі тұрғындардың скринингтік тексерістен уақытында өтпеуі себеп болып отыр, дейді Ермек Ғаббасұлы. Жатыр мойынына қатысты жасалатын сынамалар жоспары өңірімізде 32 пайызға орындалған. Республика бойынша бұл көрсеткіш жоғары болғанымен, белгіленген жоспарды орындай алмаған аудандар бар. Олар: Уәлиханов, Тимирязев және Ақжар аудандары. Сүт безінің скринингтік тексерістері бойынша Тимирязев және Мамлют аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітпесе, Тимирязев, Қызылжар және Ақжар аудандары қыстың қолайсыз болуы себебінен тоқ ішек обырының медициналық тексерістеріне сылбыр қатысқан. 3 айдың жоспарын артығымен орындаған аудандар жоқ емес. Олар: Аққайың, Жамбыл, Айыртау, Шал ақын аудандары мен облыс орталығы.

Жыл сайын дүниежүзінде 10 млн.-ға жуық жанның жаңадан онкологиялық ауруға шалдыққаны анықталып, қатерлі ісіктен 8 млн. шамасында адам қайтыс болады екен. Бұл – ащы шындық. Аурудың алдын алуда әр адамның үлесі басым. Сондықтан скринингтік тексерістерге бір адамдай атсалысып, өз денсаулығымызға селқос қарамайық, деді сөз соңында облысымыздың бас онколог дәрігері.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp