«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРІНШІ ТОҚСАННЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ҚАНАҒАТТАНАРЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық Статистика департаментінің басшысы Ольга Перепечина облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2013 жылдың бірінші тоқсанындағы деңгейін қорытындылап, брифинг өткізді. Онда ол өңіріміздегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі, бөлшек сауда айналымы, құрылыс қарқыны, оның ішінде пайдалануға берілген нысандар саны, халықтың кірістері, солтүстікқазақстандықтардың орташа жалақысы, т.б. бойынша статистикалық деректерді алға тартты.

Биылғы наурыздың 1-інде өңір тұрғындарының саны 579,3 мың адамды құраған. Бұл көрсеткіш халық өсімінің 0,1 пайызға төмендегенін аңғартады. Қалалықтардың саны артып, ауылда тұратындардың кему үрдісі былтырғыдай. Өңірімізде адам өліміне қарағанда бала туу басымырақ. Ал некеге тұрғандар 520 жұп болса, неке бұзғандардың саны 327 жұп деп көрсетілді. Бұл неке көрсеткішінен отбасының шайқалуы азаймағандығын аңғартады. Ал көші-қон мәселесі бойынша алға тартылған деректерден шетелдерге қоныс аударудың азайғанын, ал ел ішінде көшіп-қонып жүретіндердің саны артқандығын көреміз.

 

Облыс тұрғындарының жан басына шаққандағы кірісі – 44629 теңге. Бұл кіріс мөлшері өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 12,2 пайызға өскен. Ал жұмысбастылық бойынша статистика өңіріміздің 141,1 мың адамы жалдамалы еңбекте, ал салалық құрылымдардағы (агросекторларда, орман мен балық шаруашылықтарында, өнеркәсіпте, денсаулық сақтау мен әлеуметтік салада) еңбекшілердің көрсеткіштері былтырғыдай. Биыл жалақы 8 пайызға өсіп, облыс тұрғындарының орташа айлығы 68 919 теңге болған. Бұл жалақы мөлшерін шығару үшін ұжымда 50-ден жоғары еңбеккері бар ұйымдар мен кәсіпорындар сұрыпталыпты. Жақсы жалақы ақпарат пен байланыс кәсіпорындары (114 721 теңге), қаржы және сақтандыру (111 228 теңге) қызметкерлеріне тиесілі. Олардың көрсеткіші облыстың орташа жалақысынан 1,7 есе асып тұр.

Ал азық-түлік бағасына тоқталар болсақ, жыл басынан бері кейбір тағамдарға баға қосылған. Олардың ішінде жеміс пен көкөніс – 3,5 пайызға, нан мен ұн өнімдері – 0,8 пайызға, тауық еті – 1,5 пайызға, шұжық 0,9 пайызға өскен. Азық-түлік емес тауарлары бағаларының жоғарылау себебі жыл басынан бері халыққа қызмет көрсету салалары төлемдерінің көтерілуімен түсіндірілді.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыстағы инвестициялық қор 9,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 109,8 пайыз көрсеткішті аңғартты. Қаржыландырудың негізгі көзі жеке шаруашылықтардың (83,3 пайыз) үлесінде, ал бюджеттен 11,5 пайыз, несие алу арқылы 5,2 пайыз қор құйған.

Өнім өндіруші кәсіпорындар мен қосалқы өндірістер 33,4 млрд. теңгенің өнімдерін шығарып, былтырғымен салыстырғандағы көрсеткіш 3 пайызға өскен. 2012 жылдың соңында облыс аумағында шырын жасау, антифриз бен портланд-цемент өндіретін, минералдық ұнтақтар мен әкфосфор ұнын шығаратын, құмды кварцпен байытатын өндіріс орындары жұмыс істей бастады. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап қытай бұршақ майын алу, тері илеу өндірістері жандандырылды.

Ауыл шаруашылығы жыл басынан бері 11,4 млрд. теңгенің өнімдерін шығарған, онда: ет – 18,6 мың тонна, сүт – 49,2 мың тонна, жұмыртқа – 85,1 мың дана. Үй жануарларынан ірі қараның, қойдың, жылқының басы көбейген, ал шошқаның басы 14,3 пайызға азайған.

Құрылыс қарқынды жүргізілуінен жылдың бірінші тоқсанында Тайынша ауданының Ясная поляна елді мекенінде мал шаруашылығы кешені, ал Қарағаш ауылында көкөніс сақтау қоймасы, Булаево қаласында 15 мың тонналық элеватор, Петропавл қаласында автокөлік тұрағы мен 4,47 мың нөмірлік АТС іске қосылған. Тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржының 423,6 мың теңгесі игерілген.

Осындай деректерді алға тартқан облыстық Статистика департаментінің басшысы брифинг соңында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp