«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАҒДАРЫС ДАУАСЫ – ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жуырда Еуроодақтың 12 мемлекеті Еуроодақ президентіне және Еурокомиссияның төрағасына ұжымдық хат жолдады. Онда: “Грекияға көмек бердік, әрине, ол жақсы, енді бүкіл еуроаймақ экономикасының даму стратегиясын өзгертетін уақыт жетті”, – деп жазылған. Есімізде болса, еуроаймақ елдері қаржы министрлерінің Грекияға екінші көмек пакетін көрсету жөніндегі келісімге келгендеріне көп уақыт өте қойған жоқ. Еуроодақтың қаржылық көмегінің екінші траншы бойынша Афина 130 млрд. еуро алатын болды. Бұл бағдарламаның стратегиялық мақсаты Грекияның мемлекеттік қарызын 2020 жылы ЖІӨ-нің 120,5 пайызына жеткізу болып табылады. Сонымен бірге осы келісім шеңбері аясында Грекияның жекеменшік банктерге қарызын 53,6 пайызға қайта құрылымдау туралы келісімге қол жеткізілді. Ал бұл қарыз аз емес, 230 млрд. еуроны құрайды. Қол жеткізілген келісім аясындағы бұл көмек Грекия үшін еуроаймағындағы орнын сақтауға кепілдік береді, дейді еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер.

 

Бұрыннан білетініміздей, 2010 жылы Грекияға берілген 110 млрд. көлеміндегі бірінші көмек қаржы бұл елді рецессиядан шығара алмады. Қазір Грекияда жағдай бұрынғыдан да асқынып барады, жұмыссыздар саны 21 пайыздан жоғары. Гректердің үштен бірінен астамы қайыршылық шегіне жетіп қалды. Бірқатар сарапшылар еуроаймақ елдерінің Грекияға көрсеткен екінші қаржылық көмегі де бұл елді тығырықтан шығара алмайды деп есептейді. Олардың айтуынша, қазірдің өзінде Грекияға жасалған көмек шаралары осы елдің қарызын 2020 жылы ЖІӨ-нің 120 пайызына дейін төмендете алмайды, сондықтан ерте ме, кеш пе еуроаймақтың жетекші мемлекеттері Грекияны құтқарудың үшінші жоспарын жасауға мәжбүр болады.

Жоғарыдағы ұжымдық хатты жолдаған 12 мемлекет жетекшілерінің пікірінше, кәрі құрлықты дағдарыс тұзағынан құтқарудың тиімді жолы экономикалық дамудың жаңа стратегиясын белгілеп, еңбек өнімділігін арттыруға түбегейлі бетбұрыс жасау қажеттігіне саяды. “Біз инновацияны алға дамытуға сенімді болуымыз керек. Еуропа мемлекеттік бақылау шараларынан құтылып, даму жолына түсуі керек. Біз жылдам дамып бара жатқан мемлекеттермен келісім жасауымыз керек”, – дейді Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон. Сол сияқты “Біздің заңдық базамыз бұдан 30 жыл бұрын қабылданған. Біз жаңа дәуірде өмір сүріп отырмыз, өткеннің салмағынан құтылып, бәсекелестікті арттыруымыз керек. Менің ойымша, жаңа реформалар шағын және орта бизнес өкілдеріне, жұмысшыларға, әсіресе, жастарға кең мүмкіндік ашып, еңбек өнімділігін арттыруға жол ашуы керек”, – деп атап көрсетеді Испания үкіметінің төрағасы Маршано Рахой. Батыс Еуропа мемлекеттері басшыларының бұл сөздері біздің Елбасымыздың жылма-жылғы Жолдауларымен үндесіп жатқандай емес пе?! Яғни, еңсеретін мәселелер мен оған қол жеткізетін мақсатты шаралар да бір деген сөз.

Сарапшылардың да, саясатшылардың да бірауыздан мойындап отырғанындай, әлемдік экономикалық дағдарыстың іргелі факторларының бірі еңбек өнімділігінің барынша төмендеп кеткендігі болып отыр. Ресейлік “Газпромбанк” вице-президенті Екатерина Трофимованың пікірінше, қарыз проблемалары мен нарықта қалыптасқан күрделі жағдай айсбергтің беті ғана. Кемшіліктің күрделі де терең жақтары еңбек өнімділігі мен жұмыс күшінің сапасы ең маңызды факторы болып табылатын тиімділік пен бәсекелестікте жатыр.

Өндіріс көлемінің өсуі және еңбек өнімділігі тарихи және экономикалық ерекшеліктеріне байланысты әрбір елде әртүрлі болады. Негізінде дамыған елдердегі еңбек өнімділігі дамушы елдермен салыстырғанда жоғары болатыны анық. Алайда, дамыған елдер үшін әр адамға шаққандағы еңбек өнімділігінің сәл ғана артуы экономиканы қарқынды өсіретін дамушы елдермен салыстырғанда еңбек өнімділігінің өсімін бірқалыпты ұстап тұру қиын. Мысалы, “Conference Board” ұйымының деректері бойынша 2012 жылы еңбек өнімділігі әрбір адамға шаққанда АҚШ-та 61 долларды, Еуроодақта Франциядағы 56 доллардан Португалиядағы 26 долларға дейін, Ресейде – 19, Қытай мен Үндістанда тиісінше 7,5 және 4,1 долларды құраған. Бір ерекшелігі, Қытайда бір жұмысшыға жұмсалатын шығын және ол өндіретін өнім әлемде ең соңғы орында. Бірақ бұл елде жұмыс күшінің тиімділік коэффициенті дүниежүзінде жоғары орындардың бірінде.

Сөйтіп, жұмыс күшінің қымбаттығы және еңбек өнімділігінің төмендігі бірқатар дамыған елдердің экономикалық өсіміне елеулі кедергі келтіріп отыр. Бүкіләлемдік банктің деректері бойынша 1999-2012 жылдары әрбір адамға шаққандағы орташа жылдық ЖІӨ-де еңбек өнімділігінің өсімі Қытайда – 200 пайызды, Үндістанда – 77,5, Ресейде – 73,5, АҚШ-та – 19, ал Еуроодақта 8 пайызды құраған.

Олай болса, Еуроодақ мемлекеттері тап болып отырған проблемаларды еңбек нарығына және жұмыспен қамту мәселелеріне түбегейлі реформа жасамай шешу мүмкін емес. Ресми мәліметтер бойынша Еуроодақта жұмыссыздық ерекше белең алған. Дамыған елдерде көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік көмек, жұмыссыздық үшін төленетін жәрдемақы, зейнетақымен қамтамасыз ету көлемі экономикалық белсенді тұрғындардың жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Жұмыс күшін басқа елдерден келгендермен шешу және үлкен миграция Еуроодақ елдерінің барлығына тән. Алайда, мигранттар кәсіби дәрежесі төмен жұмыстарды атқарып жұмыс күшінің санын арттырғаны болмаса, еңбек өнімділігінің артуына ешқандай ықпал етпейді. Сонымен бірге адам капиталының әлеуеттік қуатын арттыру да маңызды. Бұл ретте білім және кәсіби шеберлік мәселесі ерекше орын алатын болады. Мысалы, 25 пен 34 жас аралығындағы адамдар арасында жоғары білімді ресейліктер саны 41 пайызды құраса, Францияда бұл көрсеткіш – 40, АҚШ-та – 39, Грекияда 28 пайызды құрайды. Еңбек өнімділігін арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін жан-жақты реформалау әлемдік дағдарыс дауылын бәсендетудің тиімді жолдарының бірі екені сөзсіз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp