«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНДЕ ӘЙЕЛ МӘРТЕБЕСІ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық балалар мен жасөпірімдер шығармашылығы орталығында “Әйел және дін” тақырыбына арналған форум болып өтті. Шараға ғалымдар, оқытушылар, қоғам қайраткерлері, діни бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың өкілдері және студенттер қатысты. 

 

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шараға қатысушылар әйелдің қоғамдағы орны жайлы сөз сөйлеп, діни тәрбие төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ гендерлік теңсіздік жайында сөз қозғалған форумда “Қазақ тарихындағы әйелдердің бет-бейнесі”, “Осызаманғы әйел”, “Діндегі әйелдердің мәртебесі”, “Діндар әйел, діни тәрбие” және “Қоғамды дамытудағы және оның рухани жаңғыруындағы әйелдің рөлі” секілді тақырыптар қарастырылды.

– Бүгінгі форумның “Әйел және дін” деп аталуының өзіндік себебі бар. Дін тақырыбы әйелдер қауымы үшін де өзекті. Дін, діндегі әйелдің орны – қазіргі кезде барша елдерде қызу талқыланып жүрген тақырып. Өйткені, дін адамзат құндылықтарын сақтап, байытуды көздейді. Ал оны бұрмалай түсіндірушілер дінді өзінің қара ниетін жүзеге асыратын қаруға айналдырғысы келеді, – деді алғашқы болып сөз алған М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушысы Зәуре Қартова. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы діни сенім бостандығына кепілдік береді. Бірақ бостандықты саналы түрде, ақылмен таңдауымыз керек. Өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты болады.

 

Форумда облыстық Балалар құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы Ольга Черепанова сөз сөйлеп, қоғамдағы жалпыадамзаттық құндылықтарды дамыту мен өскелең ұрпаққа тәрбие берудегі әйел-ананың рөлін және нәзік жандардың саясатқа араласуына барлық жағдайдың жасалып жатқандығын атап өтті. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Ең алдымен біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз”, – деген сөзін тілге тиек етті.

“Діндегі әйелдердің мәртебесі” тақырыбында хабарлама жасаған “Қызылжар” мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай көтерілген мәселенің өзектілігі бүгінде елімізде қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жоққа шығаратын, хиджаб киіп, қоғам өмірінен алшақтаған қыздар санының арта түсуімен де байланысты болып отырғандығын, олардың көпшілігі өз қауымдарының аясымен шектеліп, тұйықталуда екендігін баса айтты.

– Қазақ халқында әйелдер күнделікті өмірде бетін жауып жүрмеген, өзгелерден оқшауланып немесе ерлерінің рұқсатынсыз басқалармен сөйлесу құқығынан айрылып көрген емес. Қазақ тілінің бай да құнарлы сөздік қорында “хиджаб” ұғымы жоқ, – деді.

Форум барысында облыстық Дін істері жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы Әбу-Бәкір Карменов, “Нұр Ару” жастар гендерлік клубының жетекшісі Гүлмира Бәйкенова, “СҚО іскер әйелдер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары Ольга Клишина және тағы басқалар сөз сөйледі.

Шара соңында қатысушыларға діни-экстремистік және жат діни ағымдардың теріс әсері жайында “Басып кіру” бейнефильмі көрсетілді.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp