«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕКТЕРІ “ЕЛІМ” ДЕП СОҚҚАН абзал азаматтар марапатталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Елімнің тағдыры – менің тағдырым!” өңірлік форумы болып өтті. Аталмыш форум “Назарбаев орталығы” мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен барлық өңірлерде өткізіліп отыр. Патриоттар жиынына облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов, мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Бұл форум отаншыл азаматтардың басын біріктірді. Кеште еңбегімен еленіп, бар ғұмырын елдің өркендеуіне арнаған жандардың арамызда аз еместігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Форумда түрлі салада аянбай тер төгіп, елдің гүлденуіне үлес қосқан осындай таңдаулы өкілдер түрлі марапатқа ие болды. Марапаттау рәсіміне дейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов өңір басшысы Самат Ескендіровтің форум қатысушыларына құттықтауын жеткізді. “Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен гүлденген мемлекеттің маңызы мен қарқыны теңдессіз экономикалық және саяси реформаларды іске асырған түрлі жастағы мамандық иелерін марапаттау салтанатына жиналып отырмыз. Осы тұлғаларға тән белсенділік, еңбекке деген құштарлық пен туған жерге деген құрмет жастардың да бойынан табылады деген үміттемін. Бүгінгі құрметтелетін тұлғалар біздің күшіміз бірлікте, татулықта екендігін дәлелдеді”, – деді Фархад Шаймұратұлы құттықтау сөзінде.

 

Сонымен, форумда төрт аталым бойынша облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына қомақты үлес қосқан 12 адам марапатталды. “Асыл мұра” орталығының жетекшісі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Таңат Сүгірбаев “Белсенді азаматтық ұстанымы үшін” аталымы бойынша сахнаға көтерілді. Ол: “Мен де өз тағдырымды елімнің тағдырынан бөліп қарай алмаймын. Өйткені, елімнің тағдыры – менің де тағдырым. Бүгіндері дүниежүзі танып мойындаған, көк байрағымыз көкте желбіреген Қазақстан Республикасы азаматы екендігімді мақтан тұтамын. Кеңес Одағы ыдырап, ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі алғашқы қиындықтарды жеңу міндеті тұрды. Осы міндетті Елбасымыздың салиқалы саясаты мен кемел басшылығының, ел бірлігінің арқасында жеңген ұрпақтың өкілімін”, – дей отыра, бүгін зейнет жасында болса да, әлі күнге дейін елдің дамуына атсалысып жүргенін ауызға алып, жастарға ағалық тілегін арнады. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлес қосқаны үшін “Отан” орденінің иегері, Мамлют ауданындағы егіс-трактор бригадасының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Арыстан Жүнісов, “Құрмет” орденінің иегері, Шал ақын ауданындағы “Агросевер” ЖШС-нің директоры Николай Луговой, Айыртау ауданында мал шаруашылығын дамытып отырған “Тамды” ЖШС директоры Жаңабай Пірманов марапатталды.

 

Бұлар – ауыл шаруашылығын дамытуда облыстың беткеұстар еңбек адамдарына айналған азаматтар. Сондай-ақ, өңірдің экономикалық өркендеуіне үлес қосқан Ақжар ауданының “Жалын-2” ЖШС директоры Орынбасар Ысқақова мен Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу” ЖШС директоры Серік Малаев осылардың қатарынан көрінді. Ірі сауда желісінің басшысы ретінде танымал Орынбасар Сағындыққызы еңбек жолын 1978 жылы Ленин аудандық тұтынушылар одағында бастаған. Бүгінде ауданда мейрамхана мен наубайхана ашып, 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алды “Ақселеу” ЖШС-ін көп жылдан бері басқарып жүрген Серік Тәттібайұлы – ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан жан. Оның серіктестігі егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да дамытып, балабақша ашқан.

Әлеуметтік саланы гүлдендіріп отырған жерлестер де сыйқұрметтен қалыс қалған жоқ. “Жоғары әлеуметтік жауапкершілігі үшін” аталымында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Николай Суров (Тимирязев ауданы), кітапхана директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Күләш Егімбаева (Уәлиханов ауданы), зертхана меңгерушісі Ольга Гаас (Аққайың ауданы), Тайынша аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Анатолий Рафальский (Тайынша ауданы), журналист Михаил Ключеров (Есіл ауданы), Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің директоры Нина Бородавко сахнаға көтеріліп, мерейге бөленді.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp