Арай НҰҒЫМАНОВА,
облыстық Бақылау және әлеуметтік қорғау
департаментінің бөлім басшысы.
1998 жылы Қазақстан зейнетақы жүйесін реформалауға және ұрпақтардың ынтымақтастығы әлеуметтік қағидатынан дербес зейнетақы жинақтары қағидатына кезең-кезеңімен өтуді жүзеге асыруға кірісті. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері қызмет етуінің халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып, жүргізілген реформа нәтижесінде Қазақстанда
– базалық, міндетті (ынтымақты және жинақтаушы) және ерікті зейнетақымен қамсыздандыру деңгейлерінен тұратын көпдеңгейлі жүйе қалыптасты;
– қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму негізінде зейнетақы бағдарламасын қаржыландыру арттырылды. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері үздіксіз өсірілді. 14 жыл ішінде (1998-2012 жылдар) ең төменгі зейнетақы мөлшері 11 есеге (2 440 теңгеден 26 211 теңгеге дейін) артты, орташа зейнетақы – 10 есеге (3 964 теңгеден 38 765 теңгеге дейін), ең жоғары зейнетақы 7 есеге (7 256-дан 56 047 теңгеге дейін) артты.
– жинақтаушы жүйені енгізуде функционалды және практикалық тәжірибе жинақталды;
– азаматтардың зейнетақы жинақтары өсуде. 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 3 183,2 млрд. теңгені құрады.
2013 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша облыста республикалық бюджет қаражатынан және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан зейнетақы алатын 130 мың зейнетақы алушы тіркеліп, оларға ай сайын 40 түрлі төлемдер төленуде (оның ішінде 92376-сы – зейнеткерлер және 66801-і – әйелдер, 2587 2-сы – ерлер).
Республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларға облыс бойынша ай сайынғы қажеттілік 4 млрд. 612 млн. теңгені құрайды.
Әйел адамдардың орташа зейнетақы көлемі – 26 813 мың теңге, ер адамдарда – 29 445 мың теңге (базалық зейнетақы төлемін қоспағанда).
Былтырғы жылы 1680 әйел адам, 1011 ер адам 2012 жылғы республикалық бюджетте бекітілген 17 491 теңге көлеміндегі ең төменгі зейнетақы алған болатын.
2382 әйел адам, 581 ер адам толық емес мөлшердегі зейнетақы төлемін алды.
Көріп отырғандай, әйел адамдардың зейнетақысы ер адамдардың зейнетақысынан келесі жағдай бойынша төмен:
еңбекақының жоғары мөлшерде болмауынан; жүктілігі және босануы бойынша демалыста болғанына байланысты жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі (ЖЗҚ) қатысу өтілінің аз болуынан; ер адамдарға қарағанда зейнет жасына ерте шығуына байланысты (58 және 63); қазіргі таңда әйел адамдардың 12%-ы ынтымақты жүйеде толық еңбек өтілі жоқ (1998 жылдың 1 қаңтарына 20 жылдан кем болмауы тиіс), сондықтан біршама әйел адамдар ер адамдармен салыстырғанда зейнетақыны толық емес мөлшерде алады, ал 2018 жылдан бастап осы жағдай барлық әйелдерге қатысты болып, ынтымақты жүйеден алатын зейнетақы төлемі минималды зейнетақыдан кем болады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2012 жылғы 27 қаңтардағы “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында және ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 23 қаңтардағы кеңейтілген отырысында ҚР Үкіметі мен Ұлттық банкіне жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту шараларын қабылдауды тапсырды. Қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін сараптай келе мамандар азаматтардың зейнетақылық жинағы көбіне төмен болатынын, ал инвестициялық табысы айтарлықтай артпағанын анықтаған. Осы ретте келесі шаралар ұсынылды:
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру
Құрылтайшысы һәм акционері ҚР Үкіметі болатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаруды Ұлттық банк жүргізеді. Ал инвестициялық стратегияны Қордың зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңесі бекітеді. Кеңесті құру туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды.
Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры зейнетақы жарналарын тартатын бірден-бір ұйым болмақ. Сонымен қатар, азаматтардың қалауы бойынша ерікті және ерікті кәсіби жарналарын үйлестіріп, салымшылардың дербес зейнетақы шотының есеп-қисабын жүргізіп, зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерін аудара алады. Міндетті зейнетақы жарнасы бойынша жинақты сақтауға мемлекет кепілдік береді.
Ұлттық банк зейнетақы активтерін үйлестіру, инвестиция құю, табыс алуға қатысты операцияларды жүргізеді. Зейнетақы активтерін Ұлттық банктің бақылауында шоғырландырып, басқару халықтың жинақтарын тиімді әрі қауіпсіз басқаруға мүмкіндік бермек.
Жеке қорлар меншіктік активтерін сақтайды және инвестициялық портфельді басқарушы немесе ерікті зейнетақы жинақтаушы қоры ретінде өз қызметін жалғастыра алады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінде зейнет жасын кезең-кезеңімен теңестіру
Ынтымақты зейнетақы жүйесі аяқталуға жақындауына байланысты, енді азаматтарды қамсыздандыруда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің рөлі арта түсті.
Бүгінгі таңда жеке зейнетақы шоттарындағы қаржының әйелдерге тиесілісі – 3,8 млн. немесе 45%. Әйелдердің зейнетақы жинақтарының орташа көлемі ерлердікінен 25%-ға төмен. Бұған себеп: әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі қатысу өтілінің аздығы және еңбекақы төлеудегі гендерлік теңсіздік. Мәселен, соңғы бес жылда әйелдердің орташа жалақысы жалпы экономика бойынша 66-дан 68 пайызға дейін құраған.
Осы мәселелерді шешу үшін әйелдердің зейнеткерлік жасын ерлердің жасымен теңестіру ұсынылады. Бұл өз кезеңінде жеткілікті зейнетақы алуға мүмкіндік бермек. Аталмыш шара 10 жыл ішінде жүзеге асырылады. Яғни, жыл сайын әйелдердің зейнеткерлік жасы 6 айға көтеріліп отырады.
Ауыр немесе зиянды жағдайда еңбек ететін жұмысшыларды міндетті кәсіби зейнетақымен қамсыздандыру
Ауыр не зиянды өндіріс ошақтарында еңбек ететін жұмысшыларды ерікті жинақтаушы зейнетақы жүйесі тиісті мөлшерде дамымай отыр. Зерттеу көрсеткеніндей, жұмыс беруші басын тәуекелге тігіп, қиын жағдайда жұмыс атқарып жатқан еңбекшілері үшін өз еркімен жарна аудармайды. Елімізде 346,6 мың адам ерекше жағдайда еңбек етіп жатса, соның бар болғаны 4 мыңына ғана ерікті кәсіби зейнетақы жарнасы аударылады.
Осы ретте жұмысшылардың міндетті зейнетақы жарналарына қосымша, еңбекақы қорынан 5% көлемінде міндетті кәсіби зейнетақы жарнасын енгізу ұсынылуда. Мұндай өндіріс орындары мен мамандықтардың тізімін Үкімет бекітіп, белгілі бір мерзім өткен сайын қайта қарастырып отырады. Ұсынылып отырған өзгерістердің нәтижесінде жұмыс берушіге ауыртпашылық болмайды, себебі, кәсіби зейнетақы жүйесіне аударылатын қаржы салыққа кеткен шығындарға жатқызылмақ.
Бұған қоса, оң өзгерістер жұмыс берушіні өндірістегі еңбек жағдайын жақсартуға ынталандырады. Өйткені, оның міндетті кәсіби зейнетақы жарналарына шығындары осыған байланысты болады. Жалпы зейнетақы жүйесі өзгеріске ұшырамайтынын атап өткен жөн. Бұл жүйе бұрынғы, яғни үш деңгейлік қалыпта қала бермек. Аталмыш ұсыныстар жүйенің тиімділігін арттыру үшін қажет. Сонымен бірге, заң жобасындағы міндетті зейнетақы жарнасының көлемі бұрынғы барлық жалақы төлемінен 10 пайыз қалпында қалатынын атап өту керек.