«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫСТІЛДІ ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ қазақ тілінен жүлде олжалап жүр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күлжан ШОПАНАЕВА,

бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері әдістеме бірлестігінің жетекшісі.

Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері әдістеме бірлестігі үшін былтырғы және биылғы оқу жылдарының жақсы жаңалықтары, жетістіктері мол болып отыр. Қол жеткен жетістіктеріміздің арқауы лицей педагогтерінің ақпараттық, әдіснамалық және коммуникативтік құзыреттілігінің жоғары деңгейі, сондай-ақ білім беру мекемесінің директоры Елена Коноплеваның ерекше іскерлігі болып табылады. Оның осы аталған мекемеде жоғары нәтижелерге бірлесе қол жеткізуді мақсат еткен ұйымшыл мұғалімдер мен оқушылардың ұжымын қалыптастыра білуі, тиімді оқу-тәрбие моделін құрып, ұжымда өзара сыйластық, шығармашылық, ынталылық және зияткерлік ізденіс ахуалын қалыптастыра білуі – басшы қасиетінің бір қыры.

 

Лицей директорының мемлекеттік тіл жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Мейрам Әбілов үстіміздегі оқу жылы Алматы қаласында “Өрлеу” ұлттық біліктілікті арттыру институтында Кембридж университетінің білім беру бағдарламасына негізделген үш айлық жаңа форматтағы біліктілік арттыру курсынан өтіп, әлемдік педагогиканың озық үлгілерін меңгерген әріптестерімен тәжірибе алмасты.

Әдістеме бірлестігі мұғалімдерінің 60 пайызы – жоғары санатты ұстаздар. Солардың бірі – Шолпан Әблемованың оқушылары қазақ тілі бойынша ҰБТ-да ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, ол облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ұстаздың осыншама құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Өйткені, оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жалпы жұртшылыққа да өнеге.

Бүгінгі ұстаз шәкіртіне дәріс беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Бұл нағыз ұстаздың қолынан келеді. Бала бойына білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға – ұстаз.

Осындай нағыз ұстаз деген атқа біздің әріптестеріміз Гүлнәр Нұрғожина және Айгүл Төлегенова лайықты деп ойлаймын. Себебі, биылғы жылғы республикалық пән олимпиадасында оқушыларымыз бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Осынау қиын сында Айгүл Сұрағанқызының шәкірті Гюллу Гасанова күміс медаль жеңіп алса, Гүлнәр Мұхаметғалиқызының шәкірті Александра Назаренко қола медальды иеленді. Бұл жеңіс біз үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе. Қалай дегенмен, жас ұрпақтың дарыны мен талантын ашып, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіріп, олардың өзіне деген сенімін нығайтып, бір сөзбен айтқанда, өмірде өз жолын өзі таңдауына түрткі болатын алдымен ұстаздар екені қуантады. Біздің қатарымызда үлгі болар осындай нағыз ұстаздардың барын мақтан тұтамыз.

Петропавл қаласы.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp